Қазақстан дәріханаларында бір жылда ең көп қымбаттағаны – антисептиктер, бағасы 17 пайызға өскен. Сонымен бірге ыстық түсіретін дәрілер 8,5 пайызға қымбаттаған, — деп хабарлайды «ZhambylNews” АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Жалпы фармацевтикалық препараттардың бағасы бір жылда 7 пайызға артқан.
«2020 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстанның фармацевтикалық компаниялары 41,9 млрд теңгенің негізгі фармацевтикалық өнімдерін шығарды. Бұл – бір жыл бұрынғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 33,9 пайызға көп. Инфляцияны есепке алғанда шынайы өсім 24,2 пайызға теңескен. Сектордағы өндірістің төрттен үш бөлігі (75,7%) үш аймақта, атап айтқанда, Алматы облысы (11,6 млрд тг, бір жыл ішінде +3,1%), Шымкент қаласы (11,4 млрд тг, бір жыл ішінде +6,5%), Алматы қаласы (8,8 млрд тг, бір жыл ішінде +39,3%) шоғырланған», — делінген зерттеуде.
Бұл өңірлерде «АбдиИбахим ГлобалФарм» ЖШС, «Kelun-KazPharm» ЖШС, «Dolce» ЖШС (Алматы облысы), «Химфарм» (Santo) АҚ, «Зерде-Фито» ЖШС, (Шымкент), «Нобел» Алматы фармацевтикалық фабрикасы, «Аврора» ЖШС, «Cheminnova Alimor Kazpharm» ЖШС, «Rapid-Alimor Pharm Industries» ЖШС, «Dosfarm» ЖШС (Алматы) секілді ірі компаниялар жұмыс істейді.
Жалпы дәрі-дәрмек өндірісінің көлемі 37,9 млрд теңгеге жеткен. Шынайы өсім – өткен жылға қарағанда 50,4% көп. Өндірістің ауқымды бөлігі Шымкент қаласына (11,4 млрд тг) тиесілі.
«2020 жылдың мамырында фармацевтикалық препараттар 6,9 пайызға (өткен жылдың мамырымен салыстырғанда) қымбаттады. Аймақтардың ішінде бағалардың өсуі Павлодар облысында (бір жылда 9,4%), Ақмола облысы (бір жылда 9,3%) мен Шымкент қаласында (бір жылда 9,2%) байқалады. Препараттардың ішінде айтарлықтай баға өсімі антисептиктер (16,9%), ыстық түсіретін дәрілер (8,5%), бүйректі жазуға арналған дәрілер (7,4%) мен антибиотиктер (7,3%) бойынша тіркелді», — делінген energyprom.kz зерттеуінде.