Өтіп бара жатқан жыл Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасы бойынша волонтерлер жылы деп жарияланған болатын. Осы ретте, Халықтың мұқтаж топтарына көмек көрсету бойынша бүкіл республикалық бастамаларды қолдау үшін Мемлекеттік қызмет істері агенттігі 2020 жыл бойы «Игі істер уақыты» акциясын өткізді, — деп жазады «ZhambylNews» ақпарат агенттігі.
Осы акция аясында мұқтаж адамдарға көмек көрсетуге бағытталған волонтерлік және қайырымдылық іс-шараларына Агенттіктің қызметкерлері COVID-19 пандемиясы кезеңінде туындаған қиындықтарға қарамастан бірқатар іс-шараларды өткізді. Атап айтқанда, Ақмола облысы көпбейінді облыстық ауруханасы үшін оттегі концентраторы сатып алынса, сәбилер, қарттар үйлерінің аумағын және ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлері үйлерінің аумақтарын қоқыстан және қардан тазарту жұмыстарын жүргізді.
Сондай-ақ, саябақтар мен скверлер, аллеялар аумағында ағаш отырғызу бойынша экологиялық іс-шаралар өткізіп, су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тұрғындарына көмек көрсету қорына азық-түлік және қаражат жинап берсе, аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жалғыз басты аналар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғыз басты зейнеткерлер үшін азық-түлік себеттерін үлестірді.
Пандемияға байланысты қашықтықтан білім алып отырған оқушыларға «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында кеңсе заттарын алып берді және «Донор күні» акциясы аясында мемлекеттік қызметкерлер қан тапсырды.
Жалпы алғанда ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің бастамасымен «Игі істер уақыты» акциясы аясында тұрғындарға қол ұшын созу бағытында 100-ге жуық іс-шара өткізді.
Агенттік — осындай іс-әрекеттер адамдардың көбісін игі бастамалардың жақтаушылары болуға ынталандыруы бағытында жасалған игі істерді кеңінен жария ету жөніндегі бастамаларды қолдайды. Сондай-ақ алдағы уақытта да мұқтаж адамдарға көмектесуге бағытталған қызметті жалғастыратын болады.