Тележүргізуші, журналист Данияр Есен тойға жас балаларын алып баратын ата-аналарға сын айтты. Журналист жаңа туған сәби ет жинап, өз-өзіне келмейінше, сыртқа қырық қадам аттап шығуға болмайды деп ескертті.
Журналист өзі көзімен көрген оқиғаны баян ете отырып, жас ата-аналарға ескерту айтты. Айтуынша, бала ширамай жатып, сыртқа ел көзіне көрсету ерсі қылық. Балаға тіл-көз тию қаупі бар.
“Өткенде тойға бардым. Енді жайғаса бергеніміз сол, біздің дастарханға ерлі-зайыптылар келіп отырды. Жас отбасы екенін байқадық. Тойға қоларбамен, кішкентай сәбиімен бірге келіпті. Түрлерінен шамалы шаршағандық, әбіржу байқалады. Баламен далаға шығамын дегенше, біраз шытырман оқиғаны бастан кешірген-ау, шамасы.
Содан той басталды. Даңғаза музыка, у-шу, ығы-жығы халық. Қазақтың тойы қалай өтетінін іштеріңіз жақсы біледі. Бір уақытта қоларбада жатқан нәресте шар ете қалды. Анасы қолына алып, ыдыстағы сүтін беріп, жұбатып жатыр. Бірақ, оған көнетін бала жоқ. Жылауын тоқтатпады. Фойеге алып шығып кетті.
Күйеуі бізден ыңғайсызданды ма, әлде әйелінің жанынан кеткен уақытын пайдаланды ма, «Үйде қал, деп айттым, көнбейді. Мен бұл тойға қызық қуып келген жоқпын ғой» — дейді ақталып. Біз шамалы езу тартқандай болдық. Кейіннен білсек, сәби алты айлық екен. Ерлі-зайыптылар бірінші дастарханның соңына дейін отырды. Бала тым мазасызданып кетті. Әрине, алты айлық сәби мынадай шуды көтере алмайтыны анық”, – деп жазды Данияр Есен.
Айтуынша, қазіргі жастар дала философиясынан хабарсыз. Баланы өскенше тіл-көз тиюден сақтау ата-ананың міндеті деп санайды. Одан бөлек періште сәбиді лас орынға, даңғаза орынға жіберу де орынсыз.
“Негізі бұл – өзекті мәселе. Бұрынғы ана-әжелеріміз бала ет жинап, өз-өзіне келмейінше, сыртқа қырық қадам аттап баспаған. Көз тиеді деп ойлаған. Жын-ойнақтан бойын аулақ ұстаған. Бұл – дала философиясы, бұл – дала психологиясы”, – дейді тележүргізуші.
Айтуынша, әйел өзінің көңіл-күйі үшін баланы қауіпке итермелемеу керек дегенді түсіндіруге тырысады.
“Үйде баламен отырған келіншектің бір сәт бой жазғысы келетіні анық. Бірақ сіз қуған қызықтың балаға зияны тимеу керек қой. Бала аяқтан тұрып кеткенше, думан-тойды ысырып қойған дұрыс. Өйткені, баланың иммундық жүйесі тым әлсіз”, – деп жазды журналист.
Тележүргізуші ішімдік ішіп, балағат сөз айтып, арзан күлкі төбелес көрген бала психологиясы қалай түзіледі деген сауал қойды. Жас балалар қонақтардың аяғына оралып кедергі келтіретінін айта кетті.
“Шыны керек, кейде той-томалақта балалар аяққа оратылып жүреді. Баланы тойға алып бару, алып бармау мәселесін отбасында нақтылап шешіп алу қажет. Той дегеніміз ығы-жығы халық, даңғаза музыка, айқайлаған, есірген қонақ емес пе? Алкогольмен өтетін тойларда аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқан талай адамды көрдік қой. Аунап жатқан қонақтарды да кездестірдік. Бұл – сіздің балаңыз көретін дүние емес. Жалпы, тойға бала ертіп баруға сіз қалай қарайсыз?”, – деп жазды ол.
Желі қолданушылары өз пікірін айтып, қолдау көрсетті.
“Тойға да, қонаққа да бала апарған емеспіз. Үйде қала беретінбіз”, “Әйел болып соңыма бала ерітіп көрмеппін. Ерітіп жүретіндерді ұнатпаймын. Қонақ шақырсам уақытында келіңіз жəне бала ерітпеңіз деп бірден айтам”, “Осы тойға балаларын әкелетін адамдарға таңым бар. Мен тегі ілестіріп жүрмеймін. Кішкентай болса, үйде отырғаным мың есе жақсы. Өте дұрыс, толықтай келісемін”, “Тойға бала сүйреп баруға түбегейлі қарсымын. Оның үстіне бүгінгі кей тойлардағы көріністі бала түгілі өзің көргенге ұяласың. Аузы унитаз асаба, бата сұраса тост айтқан ақсақал, арақпен қоса ақылын ішкен адам, жарты сағат тост айтар қауым, қышынған би, жартылай жалаңашқа жұтынған жұрт, дастархандағыны сақал сипағандай үйге тасу”, – деп жазды желі қолданушылары.