Бәріне бірдей ұнайтын нәрсе табу оңай емес. Мысалы, гүл сыйлау – ертеден келе жатқан дәстүр болса да, қыздардың бәріне бірдей ұнай бермейді. Бірінде, тіпті, аллергия болуы да мүмкін.
Сүйіктіңізге сыйлықты қалай таңдауыңыз керек?
Әр адам – жеке тұлға. Сондықтан сыйлықты тұлғалық қасиеттері, мінезі мен қызығатын нәрселеріне қарай таңдау керек. Қазір жігіттер қыздарға «сертификат» сыйлауды жөн көреді. Ал қыздардың көбі косметика не сән салонына бару үшін сертификатты сыйға алуды қаламайды. Керек етсе де, жақсы процедурадан өту үшін көлемді қаржы қажет. Сондықтан сертификаттың орнына басқа сыйлық таңдаған жөн.
Сүйіктіңізді қуантқыңыз келсе, сыйлық таңдауда мұқият болыңыз. Уақытыңызды бөліп, жақсылап ойланыңыз. Шеше алмасаңыз, білдіртпей өзінен де сұрап көріңіз. Қасында отырғанда инстраграмнан қандай парақшаларды қарап отырғанын бақылаңыз. Қандай киім, аксессуар не косметиканың түрін іздейді? Қандай парақшаларға жазылған? Жақсы зерттеу жүргізсеңіз, оның көңілінен шығатын сыйлық табатыныңызға күмәніміз жоқ.
Қызыңыздың не қалайтынын құрбыларынан, анасынан сұрау міндетті емес. Бар болғаны, әңгімесін мұқият тыңдаңыз. Кез келген қыз жақын арада алғысы келетін нәрсе туралы бір рет болса да айтады.
Сыйлықтың құны маңызды емес. Бұл – факт. Көптеген жігіт «қыздарға тек ақша керек, бағалы сыйлыққа құмар» деп ренжіп жатады. Бұл – жалған стереотип. Сүйіктіңіздің кез келген сыйлыққа риза болатынына күмәнданбаңыз. Ең басты шарт – жүрекпен сыйлауыңыз керек. Сыйлық таңдауда мұқият болуыңыз қажет. Оның көңілінен шығуға тырысуыңыз керек. Асыл тас, көлік, ішік, қымбат туфлиді еш сезімсіз сыйлайтын болсаңыз, оған ұнамай қалуы мүмкін. Ал егер қызыңыз қарапайым сыйлыққа көңілі толмай, тек бағалы зат күтетін болса, демек сіз сыйлықты емес, сыңарыңызды дұрыс таңдамадыңыз.
Ақпарат дереккөзі: massaget.kz