Денис Теннің өмірден өтерінен сәл бұрын түсірілген видеолар таралды (ВИДЕО)

0 0

Әлеуметтік желілерде бүгін Алматыда кісі қолынан қаза тапқан талантты қазақстандық спортшы Денис Теннің өмірден өтерінен сәл бұрын түсірілген видеолар таралды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ELnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Instagram-ға жүктелген бұл ролик қайғылы оқиға болған жерге жақын маңда — Құрманғазы көшесіндегі мейрамханалардың бірінде түсірілген екен.

Видеода Денистің досымен бірге түскі ас ішіп отырған сәті көрініс тапқан. Спортшының жанындағы жігіт мейрамхананың қожайыны тәрізді. Алдарындағы тағамдарын көрсетіп, әзілдескен жігіттердің көңілді отырғанын байқауға болады.

«Бүгін мені Тимати өз мекемесіне шақырды, өзінің ең жақын мексикалық досы – маған ет, балық әзірледі», — дейді Денис.

Осыдан бірнеше сағат өткенде әйгілі спортшы мейрамханадан шыққан сәтте Құрманғазы және Байсейітова көшелерінің қиылысында тұрған автокөлігінің жанында ұрылардың шабылуына ұшырайды.

Ішкі істер департаментінің хабарлауынша, Денис Тен көлігінің айнасын ұрлап жатқан белгісіз адамдардың үстінен түскен. Сол жерде туындаған кикілжің кезінде ол пышақ жарақатын алған. Сол маңнан өтіп бара жатқан адамдар жедел жәрдем шақырып, спортшы ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады.

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, 2013 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, VII қысқы Азия ойындарының чемпионы, ISU ұйымдастырумен өткен халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы, миллиондаған жанкүйердің жүрегінің төрінен орын алған талантты азамат небәрі 25 жасында қыршынынан қиылды.

Қош бол, чемпион! Қазақ елі сенің ерліктеріңе басын иеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.