Жүзу адам баласына ерте заманнан-ақ мәлім болған. Қазба жұмыстары кезінде табылған адамдардың құлаштап және жамбастап, шалқалап малту тәсілімен жүзген бейнесі біздің заманымызға дейінгі 4 мыңжылдыққа саяды.
Суда жүзу адамның бұлшықеттерін, буын қимылын, қозғалыс координациясын жетілдіреді, сонымен қатар жүйке жүйесін реттеп, зат алмасуын, тыныс алу және жүрек-тамыр жүйелерінің функциялық жұмысын жақсартады. Жүзумен үзбей, жүйелі түрде шұғылдану – ағзаны шынықтырып, оның физиологиялық жетілуіне ықпал жасайды.
Суға жүзумен шұғылдануды бала кезден бастаған жөн. Ал баланы қарапайым жүзуге 4-5 жастан бастап үйретуге болады. Денені суға үйрету – жүзудің бастапқы кезеңдері болып саналады. Бұл кезеңнің негізгі жаттығулары:
1. Таяз суда қолды ескекше сермей қимыл жасау, қозғалу;
2. Тізені бүгіп, денені суға түгел баспен қоса батыру және су астында көзді ашу;
3. Судың бетінде қалқып жату;
4. Судың бетінде сүңги сырғу;
5. Су астында сыртқа дем шығара білу;
6. Суға секіру;
Суда жүзу тәсілін таңдап алу жүзуге үйрету мақсатына, сондай-ақ үйренушінің ынтасына байланысты болады. Әдетте суға жүзудің тәсілдері төмендегі тәртіп бойынша игеріледі.
1. Дененің қалпы мен аяқтың қимылдауы;
2. Қолдың қозғалу қалпы;
3. Тыныс алу және оның қол қимылына сәйкес келуі;
4. Барлық қимыл-қозғалыс атаулының әрі тыныс алудың бір-бірімен сәйкес келуі;
5. Жүзу техникасын жетілдіру;
Суға жүзу тәсілін үйрену үшін қолданылатын жаттығулардың барлығы ең алдымен жерде, содан кейін суда біреудің сүйемелдеуімен және сүйемелсіз орындалады.
Дереккөз: massaget.kz