Мінсіз терінің құпиясы дұрыс ұйқы мен күніне екі литр су ішуде екендігін жиі естиміз. Бұл екі пункт сыртқы келбетке әдеуір әсер бергенімен, тері күтімі процедурасы онымен аяқталмауы керек. Тері жастығы сақталуы үшін не істеуге болмайды?
Теріге бактериялық заттың жанасуы
Екі бетіңізге және екі көзіңіздің ортасына безеу жиі шығатын болса, оға ұялы телефоныңыз бен көзілдірігіңіз себеп. Жиі қолданылатын заттарда бактериялар өте жылдам тарайды және шаң-тозаң жинала береді. Ал көпшілік ұялы телефон мен көзілдірікті антибактериялық майлықпен сүрте бермейді. Теріңізге жанасатын заттарды залалсыздандыруды ұмытпаңыз. Сонымен қатар, қолыңызды жиі сабындап жуыңыз. Жалпы қолыңызбен бетіңізді ұстай бермеген жөн. Әйтпесе, бет теріңізге безеу мен қара нүкте шығу қаупі жоғарылай түседі.
Тағамдық шектеу
Сұлулыққа майлы, зиян және қанты көп тамақты жеу кері әсерін беретінін білеміз. Алайда, теріге кей арықтауға арналған диеталар да өз әсерін беруі мүмкін. Себебі арықтауға арналған диеталардың көпшілігінде ағзаға қажетті дәрумендер мен минералдар, пайдалы майлар есепке алынбайды. Сондықтан дұрыс құрылған тамақтану мәзірін табу тері сұлулығы үшін маңызды.
Ылғалдандырмау
Құрғақ ауа, температура өзгерісі және дәрумен жетіспеушілігінен тері құрғап, қабыршақтанып, кейде қышуы да мүмкін. Мұндай жағымсыздықты байқағанда, әйелдер бірден теріні жұмсартатын скрабқа жүгінеді. Алайда, скрабтар бір қолданғанда теріні жұмсартқандай көрінгенімен, олар теріні бұл мәселеден құтқармайды. Оның орнына теріні терең ылғалдандырып (іріткі, лосьон), қоректендіруді қолға алыңыз. Бөлмеңізге ауа ылғалдандырушы құрал алған жөн. Сезімтал теріге арналған өте жұмсақ құралдарды ғана қолданыңыз.
Жүзу
Хлор эпидермистегі ылғалды ұстап тұратын липид кедергісін бұзады, соның салдарынан тері ылғалсызданады. Ылғалдың жетіспеуі терінің күңгірттенуіне, иілгіштігінің төмендеуіне, қартаю процесінің жылдамдауына әкеледі. Сондықтан суы озон немесе ультракүлгін қондырмамен залалсыздандырылған бассейн таңдаңыз. Макияжбен жүзбеңіз, бірақ бассейнге түспес бұрын қоректендіретін крем жағып алуға болады.
Бояу жаққыштарды тазаламау
Макияжға арналған құралдарды жиі жуып тұру керек. Себебі олар бояу қалдығын сақтап, келесі қолданғанда теріге бактерия тасымалдауы мүмкін. Ластанған бояу жаққыштарда бактериялар жылдам тарайды. Ал ол өз кезегінде теріні нашарлатады.
Спорттан соң суға түспеу
Жаттығулардың денсаулыққа және сырт келбетке тигізер пайдасы мол. Белсенді жаттығулар кезінде ағзадаға улы заттар термен бірге шығады. Бірақ тер кеуіп кетсе, ол терідегі ұсақ-тесіктерді тозаңмен бітеп тастайды. Сондықтан белсенді жаттығудан соң міндетті түрде душқа түсуді әдетке айналдырған жөн.
Ағза дабылын елемеу
Ағза – кішкентай өзгерістерге де әсер беретін күрделі жүйе. Егер ол сізге берген белгілерге назар аудармасаңыз, денсаулығыңыз сыр беруі әбден мүмкін. Мысалы, мойныңызға бөртпе шықса, оның не себепті шығуы мүмкін екендігін ойлаңыз. Далада көктем болса, ағзаңызға жеткілікті түрде дәрумен беріп жатсыз ба? Ағза дабылды жиі тері құрғақтығы, тітіркенуі, безеу шығуы, қайызғақтың пайда болуы немесе тырнақ қабыршақтануы арқылы береді.
Ыстық суға түсу
Суға түскенде оның ыстық болмауын қадағалаңыз. Мысалы, ыстық суы бар ванна қабылдау теріні «күйзелтеді». Ыстық суға түссеңіз, тері қызарып, тітіркеніп, иілгіштігін жоғалтуы мүмкін.
Дереккөз: massaget.kz