«Шоколад – өте пайдалы өнім», — деп жазды британиялық Harper’s Bazaar басылымы. Әдетте диетологтар шоколад терінің қартаюы мен артық салмаққа алып келеді деген оймен оны рационнан алып тастауға кеңес береді. Кейбірі оны мүлдем тұтынбаған дұрыс деп санайды. Ал нутрициологтар бұл пікірмен келіспей отыр. Олар шоколадтың бірнеше артықшылығын алға тартады.
Біріншіден, шоколад көңіл-күйді көтереді. Яғни, нақтырақ айтсақ, дәмі, хош иісі мен құрамына байланысты шоколад мидың көңіл-күйге жауап беретін бөлігіне әсер етеді. Шоколадтағы триптофан «қуаныш гормоны» аталып кеткен серотониннің көп бөлінуіне алып келеді екен. Сарапшылар шоколад жеген адам ғашық болғандай күй кешетінін айтады.
Екіншіден, шоколад жүректің денсаулығы үшін пайдалы. Ол қан қысымын төмендетеді және қабынуға қарсы әсер ете алады.
Үшіншіден, шоколад қан тамырларын холестеринді тотығудан қорғауға көмектеседі. Мұндай мүмкіндікті какао бұршақтарындағы флавоноидтар береді.
Сондай-ақ, шоколад жөтелді басуға көмектеседі. Бұл оның құрамында теоброминнің болуымен байланысты. Бір қызығы, бұл десерт Альцгеймер ауруын алдын алуға жұмыс істейді.
Сонымен, шоколадтың қайсысы ең пайдалы?
Құрамының 70%-ы какаодан тұратын қара шоколадта флавоноидтар көп болады. Өзгесіне әуес болмаңыз.
Дереккөз: massaget.kz