2020 жылдың бірінші қаңтарынан бастап балаларға тағайындалатын дәрілердің барлығы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында тегін таратылатын болады. Алдағы екі жылдың ішінде Денсаулық сақтау министрлігі барлық Медициналық сақтандыру жүйесінен жиналған қаражат рецептуралық дәрілерді тегін алуға мүмкіндік береді деп жоспарлап отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлім етті.
Ведомство басшысы тегін дәрімен қамту сала-сала бойынша жүргізілетінін айтты: «Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық сақтандыру аясында балаларға тағайындалатын дәрілер тегін болады. Болашақта қоғамның әлеуметтік әлжуаз топтарының тізімін біртіндеп кеңейтіп, барлығын тегін дәрімен қамтамасыз етеміз. Олардың бәрі мемлекет қаражатына сақтандырылғанын бәріңіз білесіздер. Дәрігерлер емдеу барысында медициналық сақтандару аясында дәрілерді тағайында әлемде бар тәжірибе».
Оған қоса Елжан Біртанов рецептуралық дәрі-дәрмек нарығы 300 млрд теңгеге жуықтайтынын мәлімдеді: «Балалар ауруы, онкология, туберкулез, психиатрия секілді негізгі бағыттар бойынша мемлекет тегін дәрімен қамтамасыз етіп отырды. Бұл жалпы көрсеткіштің үштен бір бөлігі. Енді медициналық сақтандыру іске қосылғаннан кейін екі жылда жиналған жинақталған қаржыға барлық емделушіні рецептуралық дәрімен қамтамасыз ете аламыз», — дейді министр.
Кез келген дәрігердің рецепті толықтай медициналық сақтандыру мен Кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемі аясында мемлекеттің қаржысымен қамтамасыз етіледі.
Бұған дейін 2017 жылдың 1 шілдесінен 2019 жылдың 30 маусымына дейінгі аралықта медициналық сақтандыру Қорына 186,2 млрд теңге түскен болатын. Аударымдар жүйе іске қосылған алғашқы жарты жылда өзі үшін жарна төлеуге міндеттелген жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт (АҚК) негізінде еңбек ететін тұлғаларға, сондай-ақ жұмыс берушілерге тиесілі. Атап айтқанда, жинақталған қаражаттың 95,3% немесе 177,4 млрд теңгесін жұмыс берушілер, қалған 4,7% немесе 8,8 млрд теңгені – жеке кәсіпкерлер мен АҚК негізінде еңбек ететін санат аударған.
Дереккөз: massaget.kz