Шаш түзулейтін үтікті жиі қолдану оны зақымдайды. Жылумен әсер ететін техниканы жиі қолданудың әсерінен шаштың ішкі ақуыздық құрылымы бұзыла бастайды. Нәтижесінде, шаш ұйысқақ әрі сынғыш бола түседі. Оның үстіне шашты жылумен жиі өңдеу шаш түсінің өзгеруіне әкеледі. Сондықтан үтіксіз шашты түзулеудің әдістерін байқап көріңіз.
Ылғалды жақсы сіңіретін сүлгі қолданыңыз Егер шаш түзулейтін үтікті қолдануды доғарғыңыз келсе, алдымен шашқа арналған дұрыс сүлгі таңдаңыз. Оның матасы микрофибра болғаны жөн. Микрофибра қарапайым матаға қарағанда ылғалды көбірек сіңіреді. Оған қоса, ол шашпен жанасқанда оны ұйыстырмай, керісінше, тегіс ете түседі.
Егер осындай сүлгімен шашыңызды орасаңыз, ол табиғи түрде тегістеледі және көнгіш бола түседі. Шашты түзулейтін сусабын мен кондиционер қолданыңыз Үтіктен бас тартуды ойласаңыз, шашқа арналған күтім құралдарыңызды ауыстыруға дайын болыңыз.
Шашты түзетуге арналған «шашты түзулейтін, жұмсартатын» деген жазулары бар сусабын мен кондиционер алыңыз. Олардың формулалары шаш құрылымын терең ылғалдандыруға және қатайтуға арналған.
Үтіксіз шаш сәндеуге арнайы май да көмекші болады. Әсіресе, кокос, арган және бадам майлары жақсы әсер береді.
Арнайы маскалар жасаңыз Сарапшылар артық күшсіз шашты түзулеуге көмектесетін шашқа арналған маскаларды көптеп ұсынуда. Мысалы, мына маскаларды байқап көріңіз:
— Сүтті-балды маска. 1 кесе сүтке 1 ас қасық бал салыңыз. Оны шашыңызға жағып шығыңыз. Маска шашқа жақсылап сіңу үшін басыңызға бірреттік қалпақ киіп, 1 сағаттай ұстаңыз. Содан соң жылы сумен жуып тастаңыз. Бұл масканы аптасына бір немесе екі рет жасаған жеткілікті.
— Сүтті-жұмыртқа маскасы. 2 стақан сүтке 1 жұмыртқа салып, жақсылап араластырыңыз. Cодан соң шашыңызды сол сұйықтыққа батырып, 7-10 минут шамасында күтіңіз. Одан кейін шашыңызды сықпай, оны жайлап жоғары түйіп, сыртынан душқа арналған қалпақ киіп алыңыз. Солай жарты сағаттай жүре тұрыңыз. Содан соң шашыңызды ыстық емес сумен жуып алыңыз.
Егер күндіз маска жасауға уақытыңыз болмаса, ұйықтарда жасап, түнге қалдыруға болатын маскалар бар екенін ұмытпаңыз. Оларды мына жерден көре аласыздар. Шашты суық желдеткішті фенмен кептіріңіз Шашыңыз табиғи түрде өздігінен кебуге жақындағанда феннің суық желдеткішін пайдаланыңыз.
Шашыңызды тең бөліп, феннің суық ауасымен шаштың ұшынан түбіне дейін бірқалыпты кептіріңіз. Шаш зақымдалуының алдын алу үшін фенді шаштан он бес сантимертдей қашықтықта ұстаңыз.
Жібек матамен қапталған жастықта ұйықтаңыз Шаштың жұмсақ әрі тегіс болуының тағы бір құпиясы – жібек жастықта ұйықтау. Жібек мата шашпен жанасқанда оған тек жағымды әсер береді. Ал қалған маталар шашты зақымдайды және ұйысқақ етеді. Егер жібек жастыққабыңыз болмаса, жібек шарф немесе орамалды басыңызға тағып та ұйықтауға болады.
Дереккөз: massaget.kz