Дәрігерлер келтірген дәйек бойынша қорылдап ұйықтайтындардың басым бөлігі ер азаматтар. Жер жүзінің әрбір бесінші ер азаматы басы жастыққа тие сала қор ете қалады екен. Бірақ бұл әдеттің нақты себебі мен салдары әлі күнге дейін белгісіз. Ер азаматтың қорылы батырға тән әрекет деген түсінік бар ел арасында. Бірақ ұйқыны зерттейтін мамандар бұған кері пікір айтады. Олардың ойынша қорылдың негізгі себебі алкоголь мен шылым және артық салмақ.
Қорылдың қатты дауысы қайдан шығады? Біреу мұрнымен қорылдаса, екінші адам аузымен тыныстап, қорылы таңдай бөлігінен естіледі. Сомнологтар (ұйқы мамандары) қорылдаудың себебін анықтау үшін алдымен осы дауыстың қай бөліктен шығатынын білу керек дегенді айтады. Сондықтан қорылдан құтылу оңай шаруа емес. Бірақ, қорылын бір ескертуден кейін қоя салатындар бар. Көбіне шалқасынан жатып ұйықтаған адам еріксіз қорылдайды. Ал бір жағына жантайса, қорылы лезде басылады. Дәрігерлер бұл әрекетті адамның физиологиялық шаршауынан және жоғарғы тыныс жолдарына ауаның дұрыс бармауынан туатын әдет деп есептейді. Шын мәнінде қорылдаудың негізгі себебі- артық салмақ. Ер азаматтардың дене салмағы қалыпты мөлшерден 20 % -ға артық болса, дерт жабысты дей беріңіз. Ал әйелдер қалыпты дене салмағынан 30 — 40%-ға артып кетсе, аталған әдеттің иесі атанып шыға келеді. Қорылды дерт деп отырғанымыз да тегін емес. Расымен бұл жаман әдет ауру деп есептеледі.
Кез келген ауру сияқты қорылдың да екі түрі болады. Біріншісі созылмалы қорыл. Бұл жас күнінен қорылдап ұйықтайтын адамдардың дерті. Ал жедел асқынған қорылмен кішкентай балалар және қыз-келіншектер ауырады. Біріншісінің емделу тәсілі ұзақ уақытты алады. Ал екіншісін тыныс алу жолының жаттығулары арқылы емдеп жазуға болады. Қорылдаушылардың қатарында тыныштандыратын дәріні көп қолданатындар да бар. Аталған дәрі құрамындағы заттар бас бөлігінің жұмсақ тіндеріне әсер етіп, тыныс жолдарының жұмысын әлсіретеді. Әсерінен ұйықтап жатқан адам қорылдай бастайды. Сондықтан тыныштандыратын дәрілерді ұйқы алдында қолданбауға тырысу керек. Уақытша ғана қорылдайтындар бар. Бұл аллергиялық аурулармен байланысты. Әсіресе гүлдесін өсімдіктер тозаңданатын шақта қорылдайтындар болады. Мұндайда жатын бөлмені ылғалды шүберекпен сүртіп шығу керек. Ал үнемі қорылдап ұйықтайтындар жоғарыда айтылғандай дерттің созылмалы түріне шалдыққандар. Мұндай адамдарды арнайы аппараттар арқылы жылдар бойы емдейді. Ем тыныс жолдарынының жаттығуымен және жұмсақ таңдайдың жұмысын жақсартумен орындалады. Кей науқастар үшін дәрігерлер ота жасауды ұсынады. Мұндай ем жұмсақ таңдайының бұлшық еті босаңсып, салбырап кеткендерге жасалады. Аталған отаны көбіне 50-ді еңсергендер жасатады.
Жас ұлғайған сайын бет терісі секілді ағзаның өзге де мүшелері тығыздығын жоғалтып, қартая бастайды. Жұмсақ таңдайдың босаңсып кетуінің де себебі осында жатыр. Биік жастыққа жататын адамдар да қорылдағыштардың қатарында. Биікке жатып үйренгендер үшін ауа ағымы дұрыс болмайды. Осының әсерінен тыныс алу қиындап, қорыл пайда болады. Мұндайда жастығын пәс қойып, бір жағымен жатқызған дұрыс. Ең дұрысы жастықсыз тегіс жерде ұйықтау. Бұл мойын омыртқасы үшін де өте пайдалы. Жас ұлғайған сайын бұлшық еттердің де, жоғарғы тыныс жолдарының да, тыныс мүшелерінің де қызметі бәсеңдейді. Оның үстіне кешкі асқа желінген майлы тағам, пайдаланылған спирттік ішімдік пен темекі қорылдауға «жақсы» жағдай жасайды. Қорылдау аса қауіпті дерт емес. Бірақ қорылдаған кезде тыныс тарылып, дем шығару кезінде үзілістер пайда болады. Мамандар мұны ұйқы апноэсі деп атайды. Қорылдаушы бұл әрекетімен жанындағыларға ғана кедергі келтіріп қоймай, өз өміріне де қауіп төндіреді. Әрі ұйықтағанымен ұйқысы қанбай, шаршаңқы күйде оянады. Қорыл ми жұмысының бірнеше функциясын бұзып, қалыпты ұйқының жұмысын бәсеңдетеді. Егер адам апноэ белгісімен ұйықтайтын болса, таң атқанға дейін тыныс алу 30 рет үзіледі екен. Ал кейбір науқастарда 600 рет үзіледі. Бұл адамдарда ми, жүрек, өкпе және тамақ аурулары пайда болады. Ең қауіптісі жүрек талмасы мен инсульт. Үзіліспен қорылдау осы ауруларды тудырады. Қорылдап ұйықтайтын адам өзінің бұл әрекетін әлбетте сезбейді. Бірақ олардың ұйқысы тынық болады деп айту қиын. Ауаны дұрыс жұтына алмағандықтан таңертең басы ауырып, көзі қызарып оянады.
Ал түнде көп терлейді, кіші дәретке жиі шығады, белсіздік белгілері пайда болып, есте сақтау қабілеті нашарлайды.
Дереккөз: Massaget.kz