Семей қаласындағы Электротехникалық колледж директорының орынбасары Айсұлу Молдиярова кәсіптік білім беруде World Skills қозғалысы рөлін күшейтудің маңыздылығын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат .
«WorldSkills – 80-нен астам елді біріктіретін жаһандық қозғалыс. Оның мақсаты – кәсіптік білім беру сапасын және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру. Қозғалыстың арқасында кәсіптік оқыту стандартын көтерудің, кәсіби дағдыларды бағалау мен дамытудың, кадрларды даярлау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың мүмкіндіктері артты», — деді Айсұлу Молдиярова.
Оның айтуынша, қозғалысқа қатысушылар – 22 жасқа дейінгі жастар, атап айтқанда колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, кәсіпорындардың жас қызметкерлері. 2014 жылдан бастап Қазақстан WorldSkills International-дың толыққанды мүшесі болды.
«2021 жылы World Skills қозғалысына қатысты Еуразиялық әлем чемпионаты өтті. Оған Қазақстан құрамасы 9 құзыреттілік бойынша қатысты. Чемпионат барысында студенттеріміз Ресей, Беларусь, Қытай, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Үндістан, Иран командаларымен сайысқа түсіп, 7 құзыреттілік, атап айтқанда «Электромонтажды жұмыс», «Графикалық дизайн», «Шаштараз өнері» «Кескіндеме және сәндік жұмыс», «Бизнеске арналған бағдарламалық шешімдер», «Кондитерлік өнімдер және бизнес», «Сән технологиялары» бойынша 2 күміс және 5 қола медаль иеленді», — деді колледж директорының орынбасары. Оның сөзінше, Шығыс Қазақстан облысының командасы WorldSkills құзыреттіліктерін қамту жағынан бірнеше жыл бойы елімізде көш бастап келеді.
Сондай-ақ республикалық чемпионаттарда бірнеше рет жалпы командалық есепте 1-орынға ие болған. Электротехникалық колледж командасы облыс құрамасының қатарында бұған дейін де республикалық чемпионаттарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді.
«Қазір біз WorldSkills қозғалысы бойынша Қазақстанның басқа өңірлеріндегі, Германиядағы, Ресейдегі, Беларусь және Бразилиядағы әріптестермен бірлесіп жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтадық. Атқарылған жұмыстар оң нәтижелерге қол жеткізуге, жастар арасында жұмысшы мамандықтарының имиджін арттыруға мүмкіндік береді деп сенеміз», — деді Айсұлу Молдиярова.