Белгілі әзіл-ысқақ театрының актері Уәлибек Әбдірайымовтың бұрында оқушылар көшеде мұғалімді көрсе жан-жаққа қашып, тығылып қалушы еді, қазір керісінше мұғалім оқушыдан ол қашан көзден таса кеткенше көрінбей тұратын болды дейтін әзіліне кезінде күлгенімізбен, оның астарында үлкен зіл жатқанын аңғармағанымыз шындық. Сол кездің оқушылары көшеде ұстазынан неге тығылды? Себебі, олар мұғалімнен сескенетін, сыйлайтын. Сабақтан тыс уақытта бейсауыт жүргені үшін апайы немесе ағайы ұрсады, тіпті ұрады деген түсінік бар еді саналарында.
Бүгін… Мұғалімдер алдында отырған шәкіртінен өздері қоянша үркитін халге жетті. Қазіргінің ұстаздары оқушысына қол көтермек түгілі, қатты зекіп сөйлей алмайтын дәрменсіз күйге түсті. Тілі де, қолы да байлаулы. Өйткені балаға бірдеңе дейін десе, оның артында арыз айтып ата-анасы мектепке жетіп келетінді шығарды. Бала үйіне мұғалімнің үстінен шағым айтып келсе, «көрсетемін оған, жұмыстан шығартамын» деп мектепке шаба жөнелетін бәлеқор, арызқой ата-аналар легі көбейді. Жуырда әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадан екі жақты ерегісте мұғаліміне қол жұмсаған шәкіртті, баласына төмен баға қойғаны үшін ұстазды жұлқи жөнелген ата-ананы көріп жағамызды ұстадық. Желіні ақтара берсең, мұндай мысалдар көп.
Бұдан былай мұғалімдерді масқаралап, оны балағаттағандарға, әлеуметтік желіде тіл тигізгендер үшін 157280 теңге айыппұл салынбақ. Немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігіне қарасты заң басқармасының директоры Гүлден Ақытаева айтты.
Ол мұғалімдерге заңсыз талап қоюға болмайтынын мәлімдеді. Гүлден Ақытаеваның айтуынша, мұғалімдерді қызметтік міндетіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға да болмайды. Сонымен қатар заңда қарастырылмаған есеп беруге және ақпарат сұратуға мәжбүрлеуге рұқсат етілмейді. Мұғалімдерді негізсіз және заңсыз тексеруге, тауар немесе қызмет сатып алуға мәжбүрлеу де заңмен қудаланады. Биылғы тамыз кеңесінде Мемлекет басшысы «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаздарды қорғау жөнінде өзгерістер енгізуді ұсынды. Жуырда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында ұстаздарды қорғайтын жаңа заң дайын екенін айтып, сүйінші сұрады. Сөзінше, енді мұғалім мобилограф, блогер, күзетші немесе чат модераторы болмауы керек.
«Ол күзетші де, детектив те емес. Бұған қоса, біз «Мұғалімге тән емес функциялар» деген түсінікті заңда алғаш рет анық жаздық. Сонда нақты қорғану оңайырақ болады. Мектеп пен ата-ана арасындағы келісімнің мәртебесі күшейеді. Тәрбие – ортақ іс. Бар ауыртпалық мұғалімге ғана түспеуі тиіс. Енді ата-аналар мен мектеп осы келісімшартты қатаң ұстануға міндетті болады. Педагог мәртебесін бұзу үшін айыппұлдар күрт өседі. Бұған қоса, заңға мұғалімге психологиялық пен физикалық зорлық-зомбылыққа – мүлдем жол берілмейді деген норма енгіздік», – деп жазды халық қалаулысы.
Облыс бойынша кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот әкімшісінің басшысы Жасұлан Шыршықбаев жалпы білім ордаларында ата-аналар мен мұғалімдердің арасында орын алатын даулы мәселелердің көбісі сотқа дейін жеткізілмей, медиациялық жолмен шешімін табатынын тілге тиек етті. Жалпы, білім ұясындағы құқыққа қайшы талай жағдайларға қанық мектеп басшылығының алдын ала тиісті шара қабылдамайтыны жасырын емес. Дәлірек айтқанда, кейбір мектеп директорлары мұндайды жария етпеуге барын салатыны бар.
Мәселен, бұған Байзақ ауданы Құмжота ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте орын алған қайғылы оқиға дәлел. Мұны біраз уақыт бұрын аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен алқа отырысында облыстық прокуратура қызметкерлері мәлім еткен. Спикердің айтуынша, Жамбыл, Байзақ аудандары мен Тараз қаласындағы білім беру мекемелерінде орын алған оқыс оқиғалар бүгінде ауданаралық сотта қаралу үстінде. Біз сөз етіп отырған мәселені алға ұстап, облыстық білім басқармасына да хабарластық. Аталған басқарманың ресми өкілі «Әр шағым жеке қаралып, жұмыс жүргізіледі. Мектепке де, білім бөлімдеріне де тапсырма берілетін кездер, шағымдар бойынша зерделеу жүргізілетін сәттер де болады» деп жауап берді. Оқушы мен мұғалім, оған үшінші тараптан кіріскен ата-аналардың арасындағы даулы мәселелерге қатысты өткен мен бүгінгі қоғамның бірқатар өкілін де сөзге тартқан едік. Жуалылық «Алтын алқалы» ана Дүйсекүл Сыдыққызы өз сөзін былай өрбітті.
«Біз кезінде балаларды мұғалімнің айтқаны заң, ол талқыланбайды деп өсірдік. Өйткені өзіміз де солай тәрбиелендік. Әлі есімде бірде үйдегі балалардың бірі мектептен басы жарылып, қан-жоса болып келді. Сұрап едім, құлап қалдым дей салған. Кейін есейгенде бірақ айтты. Сол кезде сыныпта бұзақылық жасағаны үшін апайы тақтаға сүйреп шығарып, жұлқып қалады. Баламның басына тақтаның тұсында қағулы тұрған жіңішке шеге кіріп кеткен екен. Қазір сондай жағдай болса, ата-ана мұғалімді мектептен біржола «аластатып» жіберер еді. Немерелеріме қатысты мектепте қандай да бір мәселе болса, келіндерім бірден мұғалімге хабарласады. Оларға үнемі басу айтамын. Баланы жаман үйретпеңдер, ол өз мәселесінің дұрыс яки, бұрыстығын өзі таразылап үйрену керек деп ұдайы айтып отырамын», – деді көпті көрген ана өмірлік тәжірибесімен бөлісіп.
Жоғары санатты білікті мұғалім Айнагүл Сәлімқызы (аты-жөні өзгертілді) бүгінде әріптестерінің алдында отырған баладан бір, оның ата-анасынан екі қорқатындарын жоққа шығармады.
– Ата-аналармен түсініспеушілік бастауыш сыныптарға қарағанда, жоғары сыныптарда көбірек орын алады. Себебі, жоғары сынып оқушыларының мінез-құлықтарында өзгерістер жиі байқалады. Ата-аналармен даулы мәселе менің де басымнан өткен еді. Бірде сыныбымдағы бұзық бір баланы тәртіпке келтіру үшін құлағынан аздап бұрап қалдым. Оқушым кешірімін сұрап, сол күні сыныпта өте тәртіпті болып отырған. Ертесіне таң азанымен директор шақырады. Сөйтсем, әлгі баланың анасы мен әжесі бастықтың алдында менің атыма арыз айтып келіпті. Басшымыздың қабағы қату, бірден маған дүрсе қоя берді. Баланың бұзықтығын, сыныптың шырқын бұзатынын, мұғалімді тыңдамайтынын, амалсыз осындай шара қолданғанымды айтып, ақталдым. «Ол біздің үйдің жалғыз еркесі. Оны жылатып қоюға жол бермейміз. Ұстазға тәртіптік жаза қолдансын» деп ата-анасы бет бақтырмады. Ақыры, қарсы тараптың дегені болды. Көп жағдайда басшылық екі жақты келістіріп, кадрларды ақтап алуға тырысады. Оған көнетін де, көнбейтін де ата-аналар бар. Дегенмен ата-аналардың арызы, көңілкүйіңе әсер етіп, ұстаздық беделіңе нұқсан келтіреді. Негізі бала тәрбиесінде ұстаз бен ата-ана бірлесіп жұмыс жасаса, бірін-бірі қолдап отырса, балалар оғаш қылықтарға үйір болмас еді, – дейді білікті ұстаз.
Мұғалім мен ата-аналар арасындағы келіспеушіліктің тағы бір ұшқыны дене шынықтыру сабағында орын алатын жағдайлардан туындайтын көрінеді. Себебі, дене шынықтыру сабағында балалар еркін ойнайтын болғандықтан, кейде қауіпсіздік ережесіне бағынбай, бір жерін жарақаттап алуы мүмкін. Ата-аналардың мұғалімге деген түсінбеушілігі осы кезде басталатынын алға тартты дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Батырхан Тайырбеков.
– Бірде сабақ үстінде қауіпсіздік ережесін сақтамай, құлап қалған оқушы қызды демеп тұрғызамын деп басым дауға қалған жайы бар. Шәкіртімнің ата-анасы жасөспірім қызымның қолынан ер мұғалім неге ұстайды, оған зәбір көрсетпекші болды, деп үстімнен арыз жазған. Әрине, мен өзімді ақтап шықтым. Бірақ 30 жылға жуық еңбек өтілімде мұндай мәселеге алғаш рет тап болдым. Ал бір әріптесім жаттығу жасамай, сабақ өтуіне кедергі келтіре берген оқушысын ашу үстінде қолынан сілкіп қалса керек. Оқушы болған жайды үйіне «жандырып» барыпты. Ата-анасы мұғалімнің үстінен баламды ұрды деп арыз жазды. Кейін әлгі ата-ана кешірім бермей, әріптесімізді жұмыстан шығартып жіберді. Қазір ата-аналардың көбісі жастар, өздері әлі көп нәрсені түсіне бермейді. Сондықтан баласын үйде қатты қолдайды. Бала деген қорыққанын сыйлайды ғой, ал қазір керісінше біз оларға сөйлеуге қорқамыз. Еңбекке баулу пәнінен сабақ беретін әріптесімнің бірде «бүгінгі балалар бір күні біздің төбемізде ойнақ салса да дәрменсіз отыра береміз-ау» деп күліп әрі кейіп айтқаны бар еді. Әріптестердің қай-қайсымен сөйлесе қалсаң, баладан бір, ата-анадан бір үрейленеміз, әр күні атааналар тыныш болса екен деп уайымдаймыз дегендерін жиі естиміз, – деді тәжірибелі педагог Батырхан Зұлыбхарұлы.
Облыстық ата-аналар кеңесінің төрайымы Назима Жұбандықова да соңғы жылдары ата-аналардың баласының әрбір қадамын шамадан тыс бақылап, мұғалімнің кәсіби әрекетіне тікелей араласуы жиілеп кеткенін айтты.
– Көп жағдайда бұл «баласын қорғау» ниетінен туындайды, бірақ шын мәнінде ол баланың тұлғалық қалыптасуына, жауапкершілік пен тәртіп сезімін дамытуына кері әсер етеді. Мұғалім – тек білім беруші емес, ол тәрбиеші, бағыт сілтеуші тұлға. Ал ата-ананың рөлі – баласының мінез-құлқын, қарым-қатынас мәдениетін, ұстазға құрмет сезімін қалыптастыру. Егер ата-ана әр ұсақтүйекке бола мектепке арыз айтып, баласының сөзін абсолютті шындық ретінде қабылдаса, онда мұғалімнің абыройы төмендеп, білім мен тәрбие беру процесі әлсірейді. Мәселе тек арызда емес, сенімнің жоғалуында. Мұғалім мен ата-ана бір мақсатта – баланың болашағын қалыптастыруда серіктес болуы керек. Ал бір-біріне қарсы тарапқа айналу – бүкіл қоғамның рухани мәдениетінің төмендеуін көрсетеді. Ата-ананың мұғалімге жиі шағымдануы, әсіресе нақты дәлелсіз, біржақты пікірмен келуі – қоғамда ұстазға деген құрметтің әлсірегені деп ойлаймын. Бұл тек бір ғана мұғалімнің емес, бүкіл ұстаздық мамандықтың беделіне нұқсан келтіреді. Бала мен мұғалім арасындағы ұсақ түсініспеушілікті ата-ана «әділет іздеу» деп қабылдап, бірден арызға жүгінсе, ол мәселені шешпейді, керісінше, шиеленісті арттырады. Нәтижесінде бала да, мұғалім де, мектеп те зардап шегеді. Мұндай ата-аналар көбіне баласының тәртібіне сын көзбен қараудың орнына, бар кінәні мұғалімге артады. Бұл – баланың бойында жауапкершіліктен қашу, өзін «әрдайым дұрыс» санау әдетін қалыптастырады. Ертең ондай бала өмірдің басқа саласында да сын көтермейтін, сын айта алмайтын, сын қабылдай алмайтын тұлғаға айналады. Менің ойымша, мұғалімге сенім мен құрметті қайта қалпына келтіру – қоғамның ортақ міндеті. Ата-ана баласын қорғап қана қоймай, оған шынайылық пен тәртіптің, ең бастысы, үлкенге құрметтің маңызын үйретуі тиіс. Облыстық ата-аналар кеңесінің тізгінін жуырда қолыма алдым. Алдағы уақытта ата-ана мен мұғалімнің қарым-қатынасын нығайту бағытында жоспарлы жұмыстарды қолға алуды межелеп отырмыз, – деді ол.
Бұл тұрғыда мектеп басшылығының да өз уәжі бар. Біз Тараз қаласындағы №68 мектеп-гимназиясының директоры Майра Турумованы сөзге тартқан едік.
– Мектептегі басты нысан – бала десек, алдымызда отырған оқушыларға қатысты, ол оқу үрдісі болсын, ол тәрбиеге қатысты мәселе болсын барлығы електен өткізіледі. Иә, соңғы жылдары мұғалім мен ата-ана арасындағы қатынас форматы айтарлықтай өзгерді. Бұрын ата-ана баласының тәртібіне байланысты мұғалімнің сөзіне құлақ асса, бүгінде кей жағдайда керісінше, баласын толық ақтап, педагогке шағымдану жиілеп кетті. Мұндай жағдай туындағанда мектеп басшылығы ең алдымен бейтарап ұстанымда екі тарапты да тыңдаймыз. Кез келген мәселеде оқушының әрекеті, мұғалімнің айтқан сөзі мен мінез-құлқы, сабақ үстіндегі жағдай – бәрі ескеріледі. Егер мұғалім педагогикалық этика мен заң талаптарын бұзбаған болса, біз әрдайым ұстазды қорғаймыз. Себебі мұғалімнің беделін сақтау – бүкіл ұжымның және мектептің абыройы. Егер «Үш одақ» қарым-қатынасында балаға қатысты мәселе туындаса біз атаанамен де ашық сөйлесіп, жағдайды түсіндіреміз. Көп жағдайда ата-аналар эмоциямен әрекет етіп, кейін әңгіменің мәнісін түсінген соң кешірім сұрап, түсіністік танытады. Мұндай оқиғалар тәжірибеде кездесіп тұрады, бірақ дұрыс коммуникация мен өзара сыйластық арқылы мәселе бейбіт шешімін табады. Мәселен, білім ордамызда өткен оқу жылында 1 ата-ана келіп, өзінің жеке басына ұнамаған мұғалімді қорлап жұмыстан шығаруын талап етіп, баласына қойған бағаларына разы болмай, әділетсіз деп, жыртық кітап беріп қойған деген сынды шағым айтты. Бұл ата-ананың мәселесін басшы ретінде сабырмен жан-жақты қарап талқылау арқылы педагог тарапынан кеткен ешқандай айыптың жоқтығын түсініп, атаана алдында педагогтің адалдығын дәлелдеп шықтық. Келесі ата-ана «мұғалімге менің баламды басқа баладан бөліп қарайды, сондықтан оған ылғи ұрыса береді, балалардың алдында былапыт сөздер айтады» деген айып тағып келді алдыма. Ол ата-ана да жеке бас араздығына бола баланы қасына алып, болмаған жайтты болды етіп мақұлдатып, педагогті жұмыстан шығарып жіберуін талап етті. Сол атаананың шағымынан соң психолог арқылы баланың сыныптастарының барлығынан жасырын сауалнама алып, және сыныптағы балалармен жеке-жеке әңгімелесу арқылы педагогтің кінәсіздігіне көз жеткіздік. Ал шағым айтқан ата-анамен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Мұғалім мен ата-ананың басты мақсаты – баланың дамуы мен тәрбиесі екенін ұмытпау керек. Ал сол мақсатқа жету үшін екі жақ та бір-бірін тыңдап, құрметтей білсе, ешқандай дау-дамай туындамайды, – деді Майра Жамашқызы.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Әр бала отбасының еркесі. Ол шамадан тыс бұзық болса, мұғалім оны қалай түзейді? Сондықтан ата-аналарға алдымен отбасындағы тәрбие беру тәсілін күшейткен жөн секілді. Академик Ш.А.Амонашвили мұғалімнің болмысы жайында: «Мұғалімді ойшыл, шығармашыл, еркін етіп тәрбиелеу керек. Мұғалімдерді балағаттаудың орнына оларды ұлықтау қажет. Олар өмір суретшілері ғой. Бүгінгі мұғалімдер ХХІ ғасырдың ортасын салып жатыр» деп жазыпты. Бүгінде қолға алынып жатқан реформаларды жүзеге асырады, бала тәрбиесімен түбегейлі айналысады деген мұғалімдеріміздің арасында атаана мен баланың ортасында шарқ ұрып, дау-дамаймен басы қатып жүргендердің қатары көбейе түсуде. Балағаттау аздай, таяқ жеп жатқандары да баршылық. Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогі Ы. Алтынсарин: «Мұғалім – білім берудегі ең маңызды адам. Ең озық педагогикалық оқу құралдары, үкімет қаулылары, өте қатал инспекторлық бақылау маңызы жағынан мұғалім дәрежесімен теңесе алмайды. Сондықтан мен үшін мұғалім әлемдегі барлық асыл заттардан қымбат» депті мұғалімнің адами әрекетіне баса мән беріп. Біздің тілек, мұндай мінездемеге сай бүгінгінің барлық мұғаліміне қоғам өкілдері тарапынан шексіз құрмет көрсетілсе екен. Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаев та: «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деп бекер айтпаған. Ендеше, ұстаздардың төрдегі басын төмендетпейік
Фариза ӘБДІКЕРІМОВА