Бүгінгі таңда Қордай ауданындағы 70- ке тарта орта білім беру мекемелерінде 30 мыңнан аса оқушы білім нәрімен сусындауда. Былтырғы оқу жылының қорытындысымен облыс мектептері арасында жиынтық көрсеткіші негізінде жүргізілген рейтинг нәтижесінде осы өлкедегі 8 мектеп «Инновация режиміндегі мектеп» санатына ауыстырылған.

Ағымдағы жыл қордайлық оқушылар үшін табысты жыл болғаны сөзсіз. Есепті кезеңде түрлі пәндік олимпиадалар мен жарыстарда топ жарған №4 мектеп-лицейі «Ең үздік ауыл мектебі» атағына лайық деп танылған. Ал биыл бұл ауданда «Келешек мектеп» бағдарламасы аясында 300 орындық екі бірдей білім ошағы бой көтерді. Ел игілігіне берілген білім ордасының бірі Қордай ауылының оңтүстік-шығысындағы Қарасу елді мекенінде салынған. №53 мектепте 28 оқу кабинеті, 80 орындық мәжіліс залы, 667 шаршы метр аумақты қамтитын кең спорт залы, STEM зертханасы мен робототехника кабинеті, 3 ғылыми зертхана, 2 компьютер сыныбы, 3 шеберхана және коворкинг орталығы, 80 орындық асхана мен кітапхана бар. Ал құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер компания – «Integra Construction KZ» серіктестігі. Дәл осы күні төрт мыңнан астам тұрғыны бар Қаракемер ауылында да нақ осындай мектеп бүлдіршіндерді қабылдады. Ендігі жерде мұнда барлығы 65 педагог қызмет етеді деп күтілуде.
Биыл облыста 26 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Ал жыл соңына дейін 10 мектеп пен 5 қосымша ғимаратты пайдалануға беру көзделсе, келер жылы тағы 11 жаңа нысан бой көтермек.
«– Өз басым бұған дейін №14 орта мектепте білім алдым. Ал енді заманауи үлгіде жабдықталған «Келешек мектеп» жобасы аясында салынған білім ордасында оқуымды жалғастырмақпын. Мұнда робототехника кабинеттері, зертханалар, кітапхана, шеберханалар мен коворкинг орталығы бар. Сонымен қатар осында оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында тігін өнерінің қыр-сыры да үйретіледі. Болашақта дизайнер мамандығын игеруді жоспарлап отырмын», – дейді 9 «Б» сыныбының оқушысы Айзере Ербол.