«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» бұл – бір күндік науқан емес, бұл – біздің өмір салтымыз, сондықтан тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек» деген болатын.
Қордай ауданында ауқымды экологиялық бастама – «Taza Qazaqstan» road-эстафетасы жалғасын табуда. Акция аясында белсенділер мен волонтерлер ауданға қарасты Кенен ауылынан бастап, Иірсу аялдамасына дейін жол бойындағы, сондай-ақ жолға іргелес автотұрақтар мен кемпингтер аумағында тазалық жұмысын жүргізді. Жиналған қоқыс полигондарға жеткізілді.
Эко-акция қатысушыларын Алматы мен Жамбыл облыстарының шекарасынан «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов бастаған партия мүшелері мен белсенділер салтанатты түрде қарсы алды.
Эстафета құрамында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов, партияның аудандық филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозов, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандирова, сондай-ақ облыстық және аудандық мәслихат депутаттары бар. Қатысушылар республикалық маңызы бар автожол бойын тазарту жұмыстарымен қатар, «Вандализмге жол жоқ» акциясы аясында Қордай ауданындағы «Тұлғалар тұғыры» ескерткішінің айналасында абаттандыру және тазалық жұмыстарын жүргізді.
Акцияның басты мақсаты – қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру, табиғат пен тарихи мұраға құрметпен қарау және азаматтардың қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін арттыру.
«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Ынтықбайұлы өз сөзінде жаһандық ғылыми қауымдастық ондаған жылдан бері климаттың өзгеруі, су тапшылығы, ауаның ластануы, орман өрті, топырақтың құнарсыздануы сияқты экологиялық апат қаупі туралы дабыл қағып келе жатқанын атап өтті. Алайда қоршаған ортаны қорғауда тек мемлекет күшінің жеткіліксіз екені айқын, бұл – әрбір азаматтың міндеті. Сондықтан «AMANAT» партиясы road-эстафета арқылы әр қазақстандықтың табиғат пен тарихи мұраны қорғауға үлес қоса алатынын, ал бірлесіп әрекет етсек, экологиялық апаттың алдын алып, елді болашақ ұрпақ үшін жасыл әрі қауіпсіз етіп сақтай алатынымызды көрсетеді.
«Ұйымдастырушылар тарапынан біздің қауіпсіздік үшін барлық жағдай жасалған. Жолға шығарда қауіпсіздік шаралары мен қоқысты сұрыптау бойынша толық нұсқаулықтан өттік. Ыңғайлы киіммен де қамтамасыз етті. Осындай игі істің бөлшегі болғаныма қуаныштымын», – деп өз ойымен бөлісті эстафета қатысушысы.