Еліміздің спортшылары тамыздың үшінші жексенбісінде өзінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Алғаш рет бұл мереке Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің 2003 жылдың 15 қарашасындағы Жарлығына сәйкес бекітілген болатын. Бұл еліміздегі өмірін осы салаға арнаған адамдардың ардақталып, ақадал еңбектеріне алғыс айтылатын күн екені ақиқат. Осыған орай жуырда Шу ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында салтанатты жиын өтті.
Аудан әкімі Сәкен Арубаевтың төрағалығымен өткен жиынға спорт саласының ардагерлері мен мамандары қатысты. Сонымен қатар аудандық мәслихаттың хатшысы Ж.Әбенов, «Amanat» партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы Б.Ниязбеков осы басқосудан табылды.
Спортшыларды төл мерекелерімен құттықтаған аудан басшысы жиналғандармен спорт туралы аз-кем әңгіме өрбітіп, қордаланған мәселелерге тоқталды. Сонымен қатар ардагерлер де өздерінің ойларын ортаға салып, пайымды пікірлерін білдірді.
Салтанатты жиын соңы марапаттау рәсіміне ұласып, Сәкен Қаланұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оның ішінде өңірлік спортты өркендетуге қосқан азаматтарға «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс хатын» табыс етті. Онымен қоса бірқатар мамандарға Жасұлан Әлкенұлы ауданның «Құрмет грамотасын» табыстаса, тағы бір топ қызметкерлер «Amanat» партиясының аудандық филиалының Алғыс хатына ие болды. Одан бөлек спорт саласында ұзақ жыл еңбек еткен ардагерлерге «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгі берілді.
Көрсетілген құрметке разы болған спортшылар аудан әкіміне алғыстарын жеткізіп, естелік суретке түсіп, үйлеріне тарқасты.