Қазақстан – Польша матчы: Елена Рыбакина есепті 2:0-ге жеткізді

0 21

 Билли Джин Кинг кубогінің (командалық әлем чемпионаты) іріктеу кезеңі аясында өтіп жатқан Қазақстан – Польша матчында Елена Рыбакина есепті 2:0-ге жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина дүниежүзілік рейтингте 253-сатыда тұрған 22 жастағы Вероника Фальковскамен кортқа шықты.

Бұл олардың өзара алғашқы кездесуі еді.

Бірінші партияда есеп 4:3 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасай алды. Содан кейін сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:3.

Екінші сетте Е.Рыбакина брейкпен алға кетті – 4:2. Дегенмен В.Фальковска таразы басын теңестірді – 4:4. Бұдан соң Елена брейкпен бірге матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 6:4.

Бір сағат 25 минутқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 9 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды.

Осылайша, Қазақстан Польшамен матчта 2:0 есебімен алға шықты.

Польшамен матчта 15 сәуір күні үш бәсеке жоспарланған. Қазақстанға әлем чемпионатына жолдама алу үшін енді бір жеңіс жетіп жатыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Қазақстан – Польша матчының жеребесі тартылғанын жазған едік.

Сондай-ақ Польшамен матчта Юлия Путинцева Қазақстанды алға шығарды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.