Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді

0 4

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің басшысы Равиль Тюлебаев пен «Бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа-орталық» төрағасы Төлеген Байғұлов Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді.  Бұл туралы «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі хабарлайды.

Іс-сапар аясында Жамбыл облысы әкімдігінде облыстағы мемлекеттік органдарының басшылары, әдеп жөніндегі уәкілдері, тәртіптік комиссия төрағалары мен персоналды басқару қызметі басшыларының қатысуымен «Мемлекеттік қызметтегі әдептілік деңгейін көтеру» бойынша жиын өткізілді.

Отырысты Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Тимуржан Бидайбекұлы Нұрымбетов ашты.

Равиль Тюлебаев өз сөз сөйлеуінде мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған мемлекеттік аппараттың дамуындағы жаңа бағдарларды белгілеп, мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау қызметінің атқарылған жұмыстары туралы баяндады.

Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілерінің әдеп нормаларын сақтауы және Әдеп жөніндегі уәкілдің өткен кезендегі атқарылған жұмысы туралы Ақылбаев Олжас Бақытұлы баяндап берді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Нәлібаев Мақсұт Ыбрайханұлы жиынды қортындылап, мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылатындығын және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылатындығын атап өтті.

Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында Равиль Тюлебаев пен Төлеген Байғұлов қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы мен Халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысымен танысты. Түстен кейін олар мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері бойынша баспасөз конференциясын өткізді.  Жас мемлекеттік қызметшілермен кездесіп, медициналық қызмет көрсету кабинетінің жұмысымен танысты.

Айта кетейік, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын бақылау бойынша өңірде тізім бойынша 386 қызметтің түрі көрсетіледі. Ал, 2018 жылдың бірінші жарты жылдығында 3 млн. астам қызмет көрсетілген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.