Денис Тенге берілген награда оның әкесіне табысталды

0 2

Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында Олимпиада жүлдегері Денис Тенді еске алу кеші өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

2011-2012 жылдары Денис Алматы қаласындағы Ұлттық ұланның 7552 әскери бөлімшесінде мерзімді әскери борышын өтеген. Ол Ұлттық ұланның спорт командасында келісімшарт негізінде әскери қызметті жалғастыру ұсынысын қуана қабылдаған. Бастапқыда физикалық дайындық жөніндегі аға инструктор лауазымында қызмет етіп, «кіші сержант» әскери атағын алды. Бірақ Қазақстанға Олимпиаданың қола медалін алып келген соң Денистің офицер атануына ешқандай кедергі қалмап еді.

Лейтенант Денис Тен ішкі істер министрінің 2018 жылғы 23 тамыздағы бұйрығымен қайтыс болғаннан кейін «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.

Еске алу кешінде награданы Денистің әкесіне ҚР Ұлттық ұланы бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сәтов табыс етті.

Ал Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Ардагерлер кеңесінің қаулысымен Денис Теннің анасы Оксана Алексеевна «Отан қорғаушының анасы» арнайы төсбелгісімен марапатталды.

«Денистің біздің сапымызға қалай қосылғаны туралы сұрақтар үнемі қойылады. Ол Алматы қаласындағы 7552 әскери бөлімшеміздің сарбазы болды, осы бөлімшеде жас әскер курсын оқып, әскери ант берді. Спорттық жиындарға жиі баратын. Мерзімді борышын өтегеннен кейін келісімшарт негізінде әскери қызметін жалғастыруды қалады. Сол арқылы әрі болашағынан үміт күттірген спортшы, әрі біздің әскер ретінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының спорт командасының құрамына кірді. Осы штаттағы спорт командасының құрамында олимпиада чемпиондары, олимпиадалардың күміс, қола жүлдегерлері, көптеген халықаралық және әлемдік спорт турнирлерінің жеңімпаздары қызмет етеді», — деді Сәтов.

Екі күн бұрын «Денис Тен атындағы қордың» таныстырылымы өткен болатын. Қордың мақсаты — қазақстандық спортшының мұратын орындау.

Алматыда қайғылы оқиға болған жерге мемориал орнату жоспарланған. Себебі онда қазаға ортақтасқан азаматтар әлі күнге дейін гүлшоқтарын әкеліп, жазбалар қалдыруда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.