Мойынқұмда орманды қорғау мекемесі халықты отындық ағашпен қамтамасыз етеді

0 25

Мойынқұмда орманды қорғау мекемесі халықты отындық ағашпен қамтамасыз етеді. Бұл туралы бүгін Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «ӨКҚ» алаңында өткен брифингте Мойынқұм ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің директоры Мұрат Райымқұлов айтты,  — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Мойынқұм ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мемлекеттік орман қоры 864023 гектарды құрайды. Орманды жерлер 785744 гектарды құраса, орманмен қамтылған жерлер 568579 га. 78279 гектар ормансыз жерлер. 2017 жылға дейін орман шаруашылығы орман қорының кеспеағаш аймағынан тыс жерлерден жергілікті тұрғындарға сексеуіл қоқысын әр отбасына 4 текше метр көлемінде тегін босатып келген.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Орман кодексі аясында Мойынқұм, Қылышбай, Қарабөгет, Ұланбел ауылдық округ әкімдіктерінің ұсынған тізімі бойынша Мойынқұм ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі кеспеағаш аймағынан тыс жерлерде өздігінен құлап жерде жатқан қоқымдарды (қара шірік сексеуіл) жинап, бір орталықтан жергілікті халықты отындық ағашпен қамтамасыз ететін болады. Яғни бұл мәселе бойынша тікелей Мойынқұм ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі айналысатын болады.

Сондай-ақ, мемлекеттік орман күзеті қызметкерлері ағымдағы жылдың 10 айында 67 рейд жүргізіп, орманды күзету және қору жұмыстарының нәтижесінде 38 әкімшілік хаттама толтырылып 4 жеке тұлғаға ескерту беріліп, 33 жеке тұлғаға 358 мың 345 теңге айыппұл салынды. Таратып айтқанда, заңсыз сексеуіл отынын тасымалдағаны үшін 10 адамға 120250 теңге, заңсыз түрде дәрілік өсімдік жинағаны үшін 17 адамға 93795 теңге, өрт қауіпсіздігі ережесін бұзғаны үшін 11 адамға 144300 теңге айыппұл салынды.

Бұдан бөлек, Мойынқұм орманында 2018 жылы төрт өрт оқиғасы орына алып, өртке шалдыққан жердің жалпы көлемі 9999 га құраған. Оның ішінде орманмен қамтылған жерлер 6876,2 га, орманмен қамтылмаған жерлер 2027,2 га, ормансыз жерлер 1095,5 га.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.