Меркіде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту және бейімдеу орталығы ашылды

0 11

Жамбыл облысындағы Меркі ауданында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту және бейімдеу орталығы ашылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА 24.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл әлеуметтік нысанда қазір 25 жеткіншек арнайы медициналық сараптамадан өтіп, тегін ем қабылдап жатыр.

Айзада Балтамұратова – Меркі ауданының тұрғыны. 11 жылдан бері өздігінен жүріп тұра алмайтын баласы Құралдың денсаулығын нығайтумен алысып жүр. Ол үшін қаладағы талай орталықтың табалдырығын тоздырған. Енді міне алысқа бармай-ақ, барлық қызмет түрін бір жерден алып, өзінің де қолы ұзарды.

Айзада Балтамұратова, Меркі ауданының тұрғыны:

– Балаларымыз осы жерде ем алады. Массажы бар, таңертең 8 жарымда алып келеміз, кешке 5-те алып кетеміз. Балаларымыз да осы жерге келгісі келіп тұрады. Құны 52 миллион теңге болатын әлеуметтік нысанда 29 маман жұмыс істейді. Ғимарат іші ойын бөлмесі, баланың ой-санасын дамытатын ойыншықтармен толтырылса, дене шынықтыру бөлмесі арнайы құрылғылармен жабдықталған. Сондай-ақ мұнда ерекше балалардың сенсорлық қабілетін және ұсақ қол моторикасын дамытуға арналған құралдар да бар.

Клара Ракаева, мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының директоры:

– Біздің оңалту орталығы 25 балаға ашылған, жеке оңалту бағдарламасы бойынша балалар келеді.

Ауданда екі жарым мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жан болса, олардың 357-сі – бір жарым жастан 18 жасқа дейінгі сал ауруы мен қимыл тірек қозғалысы дамымаған жеткіншек. Сондықтан алдағы уақытта орталықта емделушілердің санын көбейтіп, жылына 5 баланы сауықтыру жоспарланып отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.