Облыста жас ақындардың жыр жинағы жарық көрді

0 32

Жамбыл облысында «Жамбылдың жауқазын жырлары» атты жас ақындардың жыр жинағы жарық көрді. 29 ақынның 206 өлеңі топтастырылған кітаптың тұсаукесер рәсімі Шоқан Уәлиханов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында өткізілді. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Әулиеаталық жас ақындардың шығармашылығын қолдау және оларды көпшілікке таныту мақсатында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы аталған жыр жинақты жарыққа шығарып отыр. Кітаптың алғы сөзін облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов жазған.

— Екінің бірі ақын бола бермейді. Бұл Алланың адамға берген ерекше сыйы. Сондықтан бұны қадірлеңіздер, дамытыңыздар және ұштай біліңіздер. Ақындық спорт сияқты. Үнемі шыныққан сайын қаламың қолыңнан түспесе, жақсы-жақсы дүниелер өмірге келеді, — деді Қайырбек Асанов.

Жиында жинаққа өлеңдері енген өрелі ақындар сөз алып, өздеріне қолдау көрсеткен облыс басшылығына, жастар басқармасына алғыстарын жеткізсе, енді бірі жүректегі сөздерін жыр шумақтарымен білдірді.

Кітапқа өлеңдерін өткізген 51 жас ақынның ішінен 29 –ның шығармалары іріктелініп, енгізіліпті. Жинақ 264 беттен тұрады. Алматы қаласындағы «Қазақ тілі» баспасынан, 500 данамен жарық көрген. Айта кету керек, биыл Жамбыл облысының 80 жылдығына 80 кітап шығару бастамасы қолға алынып, сондай-ақ, өңірде айтыскер ақындар мектебін құру жоспары да бар.

Дереккөз: Jambyl tv

Leave A Reply

Your email address will not be published.