Тараздағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқандар біліктік сертификатына қол жеткізді

0 4

Тұңғыш рет Тараздағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқандар жоғары оқу орнын тәмамдап, біліктік сертификатына қол жеткізді. Сәтті жүзеге асқан пилоттық жоба ұйымдастыруға өңірдегі іргелі оқу ордасы М.Х.Дулати атындағы ТарМУ және Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД ЖД-158/7 мекемесі ұйытқы болып отыр, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

4 бірдей сотталушы «кәсіби даму және карьера» орталығында қашықтықтан оқыған. Ол үшін қажетті құрал-жабдық пен материалдық база ерекше режимдегі мекемеде лайықты түрде жабдықталған. Бұрын жоғары білімді азаматтар заманауи техникалар мен жаңашылдықтарды меңгеру мақсатында «көлік, көлік техникасы және технологиялары, машиналар мен механизмдер теориясы», «құрылыс материалдары» мамандықтарын 3 ай мерзімінде оқып шығып, біліктілігін жетілдіріп, шеберліктерін шыңдады.

Сондай-ақ, ECTS 5 несиені 135 сағатта меңгерсе, ол үшін қазына қалтасынан мүлдем қаржы жұмсалмаған. Барлық төлем сотталушылардың өз есебінен жүргізілді. Білім қоржынын толтырып, кәсіби білікті арттыру оңайға соқпаған. Ал оқытушылар толассыз тер төккен болатын. Бұл орайда тәртібін түзеушілер айрықша ат салысқан тәрбие бөлімінің бастығы Сұлтан Абеновке алғысын жаудырды.

Сонымен қатар, бұл өзге жаза басып, жаңылғандарға озық үлгі. Ал ниеттілер саны күн санап артып келеді. Алдағы уақытта да атаулы жоба жүйелі жүзеге асады деп күтілуде.

Айта кетейік, оқшаулы орында бүгінде №15 колледжі үздіксіз жұмыс істеп, 5 кәсіптік мамандық бойынша 120-ға жуық азамат оқыса, кешкі мектеп 20 адамға міндетті білім беруде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.