Байзақ ауданында 20 мың тонна құс етін өндіретін кешен соғу жоспарлануда

0 0

Байзақ ауданында 20 мың тонна құс етін өндіретін кешен соғу жоспарлануда. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында өткен брифингте аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Рахматілдә Сегізбайұлының айтуынша, 2019 жылдың бірінші тоқсанында 2543,4 тонна  ет (сойыс салмақта), 6749,3 тонна  сүт және  1 млн. 169 мың  дана жұмыртқа өндірілді.  Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мал өнімдерінің жұмыртқадан басқа барлық түрі артық өндіріліп отыр.

Жұмыртқаның кему себебі, «Жамбыл құс» ЖШС-гі банкротқа ұшырап, сатылды. «Алель агро» ЖШС-і мен «Жамбыл құс» ЖШС-і арасында сатып алу құжаттары рәсімделіп, «Алель агро» ЖШС-і тарапынан бройлер етін өндіру мақсатында, нысанды қайта жаңғырту жұмыстары  жүргізілуде. 20 мың тонна құс етін өндіретін кешен соғу жоспарлануда. Кешен іске қосылған жағдайда 200 жұмыссыз адам жұмыспен қамтылатын болады.

«Ауыл шаруашылығын дамыту жолдарының бірі – кооперативтер құрып, оның жұмысын жүйелі ұйымдастыру болып отыр. Бұл жағдайда аудан тұрғындары кооперативтерге бірігіп, өздерінің өндірген өнімдерін, оның ішінде  сүт, құс өнімдерін, ет, көкөністерін бір көзден өткеруге мүмкіндік туады. 2016 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енген Қазақстан Республикасы «Ауыл шаруашылығы» туралы Заңына сәйкес ауданда 50 кооператив құрылып, оның 9-ы ғана несие және құрал-жабдықтар алып жұмыстарын жүргізуде. 2019 жылы 2 жаңа кооператив құрып, несиелендіру бағытында жұмыстар атқарылуда. Биылғы жылы жұмысын бастайтын ауыл шаруашылығы кооперативтерінің бағыты:  6-ы сүт, 5-і ет және 1-і құс бағытын қамтитын болады. Барлығы 6 танкер, 6 сүт тасымалдайтын автокөлік және кооперативтерге мал сатып алу үшін несие көлемі – 405,0 млн.теңге қажеттігі белгілі болып отыр. Бұл бағытта жұмыстар атқарылуда», — деді аудан басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.