Қордай ауданында көмекке мұқтаж тағы бір отбасы баспаналы болды

0 4

Шарапаты мол Рамазан айында қайырымдылық жасап, мұқтаждарға қол ұшын созу – сауабы мол іс. Біздің халқымыз ежелден рамазанды ерекше қастерлеп: «Он екі айдың сұлтаны», – деп атаған. Берекесі мол айда жарамазан жырын айтып, оразаның келгенін қуанышпен жеткізіп, насихаттаған. Сондықтан да қасиетті айда Қордай ауданында жомарт жандардың ұйымдастыруымен көптеген қайырымдылық іс-шаралар атқарылып келеді. Осы жолы Қордай ауылында көмекке мұқтаж тағы бір отбасы баспаналы болды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» Ақпараттық  Агенттігі.

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы және «Зекет» қорының бастамасымен республика көлемінде «Ел үлесі – пәтерге» атты қайырымдылық жобасы іске асырылып келеді. Осымен екінші жыл қатарынан мұқтаждарға баспана сыйлаған игі бастама аясында екі жүзден астам отбасы үйлі болды. Ал, Қордай ауданы бойынша үшінші отбасыға үй кілті берілді.

Осы ретте аудандық «Қордай» мешіті жамағатының көмегімен Гүлзат Ильязова есімді жалғызбасты анаға баспана ұсынылды. Үй иесінің қуанышымен бөлісуге аудан әкімі Рүстем Дәулет, Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, «Зекет» қорының өкілі Бекболат Мыңбаев, аудандық мешіт өкілдері және қадірлі қариялар жиналды. Қонақтар баспаналы болған жанға ізгі тілектерін айтып, ризашылықтарын білдірді. Сондай ақ ақсақалдар батасын берді.

— Бүгінгі үй иесін қуанышымен құттықтаймын. Барлығымыз ауданда қайырымды істердің артып жатқанының куәсі болып жүрміз. Осы игі істің басында жүрген азаматтарға, «Зекет» қорына, имамдарға алғысымды айтамын. Биыл жомарт жандардың көмегімен тағы бірнеше отбасы баспаналы болады деп сенім артамын. Тек жақсылықтар болсын, – деген аудан басшысы Рүстем Рысбайұлы келген қонақтарға да ризашылығын білдірді.

— Рамазан айында біз керемет іс-шараның куәсі болудамыз. Бұл «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясындағы облыс бойынша 11-ші болса, республика бойынша 211-ші үй. Егер біз әрдайым ынтымағымызды, бірлігіміз бен жанашырлығымызды көрсете білсек, елде қиналған отбасы болмайтынына сенемін, – деп бас имам Бейбіт Мырзагелдиев салтанатты түрде үй кілтін Гүлзат Ильязоваға ұсынды.

Айта кетсек, бұл үй көптің көмегімен жиналған 8,5 млн. теңгеге сатып алынды. 10 сотық жері, 5 бөлмесі және қора-жайы бар, қолайлы өмір сүруге барлық жағдайы жасалған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.