Жамбылдағы 23 елді мекенде төрт түлікті қолдан ұрықтандыру пункттері жұмыс істейді

0 8

Жамбыл облысында төрт түліктің өнімділігін арттыруды мақсат еткен шаруалар қолдан ұрықтандыру тәсілін пайдалана алады. Ол үшін 23 елді мекенде арнайы пункттер жұмыс істеуде. Ауыл-шаруашылық жануарларын қолдан ұрықтандыруды аудандардағы ветеринариялық станциялар ақылы түрде жүргiзедi , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Қазіргі таңда өңірде қолдан ұрықтандыру шараларын жүргізуге сертификат алған мал дәрігері мамандарының саны 138-ге жеткен, ұрықтандырылған мал саны 696-ны құрайды. Мамандардың пікірінше, қолдан ұрықтандыру уақыты сиырдың физиологиялық жағдайына тiкелей байланысты. Мәселен, ол үшін мал иелерi сиыр төлдегеннен кейiн 18-21 күн аралығында келетiн күйлеу уақытын өткiзiп алмаулары керек. Ал жекелеген малды қолдан ұрықтандыру тұрғындардың өтiнiмдерi негiзiнде жүргiзiледi.

Жоғары өнiмдi бұқалардың тұқымдары «Асылдандыру-Тараз» ЖШС-нан немесе басқа да кәсіпорындардан әкелiнедi екен. Бұл жаңалық көптеген мал ауруларына тосқауыл қоятын көрінеді. Өйткені, бруцеллез, трихомоноз сияқты індеттер табиғи жағдайда бұқалар мен қошқарлардан ұрғашы малдарға тарайды.

Осы тақырып төңірегіндегі мәселелер «Республикалық мал шаруашылығын асылдандыру орталығы «Асыл түлік» АҚ «Жаңа қадам! Жаңа бағыт» жобасы аясында ұйымдастырылған «Жануарларды қолдан ұрықтандыру техникасын тиімді пайдалану және оның әдістерін меңгеру» айтты практикалық оқу семинарында жан-жақты айтылды. Оған өңірдегі 138 мал дәрігері қатысып, «Жануарларды қолдан ұрықтандыру технигі» сертификаттарын алды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.