Мемлекеттік меншікке тиімді иелік ету керек – Бердібек Сапарбаев

0 0

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте коммуналдық меншікті тиімді басқару мен иелік етуге байланысты мәселелер талқыланды. Онда саладағы жұмыстар мен кемшіліктер атап өтілді,-деп хабарлайды «Zhambylnews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінде үкіметтік деңгейде мемлекеттік ұйымдар санын қысқарту, оларды бәсекелестік ортаға беру және әкімшілік шығындарды азайту міндеті қойылып отырғандығы белгілі. Облыста квазимемлекеттік сектор субъектілерін оңтайландыру, қайта құру және тарату бойынша жұмыс екі жыл бұрын басталды.

Отырыста қаржы басқармасының басшысы Роза Исаева хабарлағандай, 2018 жылы мемлекеттік органдарға қарасты ұйымдарды біріктіру және оңтайландыру арқылы 277 штат бірлігі, ал 2019 жылы тағы 790 бірлік қысқартылып, бұл өз кезегінде әкімшілік шығындарды тиісінше 210 және 252 миллион теңгеге үнемдеуге мүмкіндік берген. Штаттарды қысқарту негізінен бос бірліктер және қызметкерлердің мөлшерлемелері мен функционалдық міндеттерін біріктіру есебінен жүзеге асырылған.

Қазіргі таңда облыстың коммуналдық меншігінде шаруашылық қызметпен айналысатын 939 КММ, 309 МКҚК және 93 кәсіпорын бар. Квазимемлекеттік сектор субъектілерін бәсекелестік ортаға беру бойынша жұмыс жалғасуда. Ағымдағы жылдың басында жеке меншікке 2 млрд. теңгеге 15 ұйым сатылса, 12 ұйым кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілген, 7 ұйым бірігу жолымен жойылды немесе қайта ұйымдастырылды, 2 ұйым таратылу үстінде.

Өзекті мәселелердің бірі «Жасыл Ел Тараз» ЖШС-не қатысты. Өткен жылдан бастап облыс орталығының коммуналдық саласының кәсіпорны сенімді басқаруға беру бойынша тендерге шығарылған. Алайда өтінімдердің болмауына байланысты тендер өтпеді деп танылған. Қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес, егер объект сатылмаса, ол жойылуға жатады. Бұл жергілікті билікті қанғатандырмайтындығы айтылды.

— Біз қаланы абаттандыруға маманданған кәсіпорынсыз қалдыра алмаймыз. Бұл орайда дұрыс шешім қабылдау маңызды. Мен сіздерден осы мәселе бойынша ұсыныстарыңызды күтемін, — деді Бердібек Сапарбаев өз орынбасарларына.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.