Алматы қаласында жамбылдық шарулардың жәрмеңкесі өтті

0 3

Бүгін Алматы қаласындағы «Астана» алаңында және «Алатау» дәстүрлі өнер театрының маңында жамбылдық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Жамбыл облысының 10 ауданы мен Тараз қаласының 90 астам ауылшаруашылығы тауар өндірушілері оңтүстік астана тұрғындарына жалпы құны 162,1 млн. теңгені құрайтын 336,1 тонна азық-түлік тауарларын ұсынды. 

Жәрмеңкеге арнайы келген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Берік Нығмашевпен бірге сөрелерді аралап көріп, жамбылдық шаруалармен тілдесіп, өз алғысын білдірді.

Таңертеңнен жәрмеңкеге ағылған алматылықтар да есеп болмады. Оларды тиімді бағадағы өнімдердің сапасы мен алуан түрлілігі қызықтырды.

— Ұсынылған тауарлардың бағасы өте төмен. Мен жылқы етін, қаймақ, сүзбе сияқты сүт өнімдерін базардағы бағадан екі есе арзанға сатып алдым, — дейді қала тұрғыны Әсемгүл Бижанова.

Екі күнге жоспарланған жәрмеңкеде жамбылдық шаруалар 36 тонна ет, 9 тонна шұжық өнімдері, 27 тонна сүт өнімдері, 10 мың дана жұмыртқа, 3 тонна кондитерлік өнімдер мен 9 тонна макарон өнімдері, 10 тонна қант, 4 тонна ұн, 1 тонна тұз, 5 тонна балық, 11 тонна өсімдік майы, 6,5 тонна бал, 2,0 тонна кептірілген жеміс және 212,6 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін өткеретін болады. 

Айта кету керек, жәрмеңкеде Жамбыл облысының ұйымдастырушылары тарапынан әзірленген 30-дан астам азық-түлік жиынтығы Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасымен бірге жалғыз басты және аз қамтылған зейнеткерлерге таратылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.