600 мыңға жуық жамбылдықты коронавирусқа қарсы вакцинамен қамту жоспарланған

0 1

Жамбыл облысында коронавируспен күрес шараларына 5 миллиардтан астам теңге бөлінді. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев халыққа есеп беру кездесуінде қаралған бюджет қаражаты қайда бағытталғанын айтып берді, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қаржылық қолдаудың арқасында денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын едәуір жақсартуға мүмкіндік туды. Атап айтсақ, 208 дана қажетті медициналық жабдық сатып алынды. Нәтижесінде медициналық мекемелердің техникамен және бұйымдармен жабдықталу деңгейі 15 пайызға артып, 85,9 пайызды құрады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 8 мобильді емхана сатып алынды, бұл дәрігерлердің науқастарға келуін жеделдетуге, ауылдық жерлердегі медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік беруде.

Коронавируспен күреске тартылған 4 мыңға жуық медициналық қызметкерге жалпы сомасы 3,4 миллиард теңгеге үстемақы төленді.

4,5 мың орынға арналған төсек қоры дайындалды. Тараз қаласындағы қалалық перинаталдық орталық пен Т.Рысқұлов ауданындағы өкпе аурулары диспансері инфекциялық аурухана болып қайта жасақталды.

Тұрақтандыру қоры 730 миллион теңгеге дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың екі айлық резервін қалыптастырды.

— Өткен жылы Таразда коронавирустық инфекциямен ауырған науқастарға арналған 120 төсектік еліміздегі алғашқы оңалту орталығы ашылды. Бүгінгі күнге дейін онда 750-ге жуық адам оңалту курсынан өтті десек, оның ішінде жүзге жуық медициналық қызметкері бар, — деп атап өтті облыс әкімі.

Коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін вакцинациямен облыстың 18 жастан 64 жасқа дейінгі 600 мыңға жуық тұрғынын қамту көзделуде.

— Жақын арада Қордай, Талас және Т.Рысқұлов аудандары КТ-аппараттарымен қамтамасыз етіледі, биыл 200 төсектік онкологиялық диспансердің құрылысын аяқтау, облыс орталығында «Мейірім» медициналық орталығының, облыстық көпбейінді аурухананың, Байзақ ауданында емхананың және Қордай аудандық орталық аурухананың құрылысын бастау жоспарлануда, — деп хабарлады Бердібек Сапарбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.