Қонақ күтетін бөлмені жайлы етуге бірнеше идея

0 12

Үйдегі жағымды атмосфера өмір сапасы мен отбасы мүшелерінің көңіл күйіне жағымды әсер етеді. Қонақ бөлме — жақындарыңызбен жиналатын жер, сондықтан кез келген үй ханшайымы оны барынша жайлы еткісі келеді. Оның интерьерін түрлендірудің және жаңартудың бірнеше әдісін ұсынамыз.

Үлкен суреттер іліп қою
Егер интерьерді жаңартқыңыз келсе, әдемі отбасылық сурет тауып, оны үлкен өлшемде шығартыңыз. Мүмкіндік болса, сүйікті суретіңізді дизайнерге тапсыруыңызға болады: ол оны бөлме дизайнына қарай ретростильде немесе ақ-қара реңкте өңдеуі немесе маймен салынған сурет ретінде эффект салып беруі мүмкін.

Егер отбасылық архивті жұрт назарына қойғыңыз келмесе, интернеттен суреттер қарап, интерьеріңізге сай келетінін таңдаңыз. Мысалы, фантастикалық пейзаж немесе заманауи суретшілердің суреттері бөлмені «тірілте» алады. Суреттердің түсі өзгеріп кетпеуі үшін міндетті түрде оны әйнегі бар жиектемеге салыңыз немесе кенепте шығарылған түріне мән беріңіз.

Диванға көп жастық қою
Дивандағы жастықтарды және олардың санын өзгерту — интерьерді оңай жаңартудың бір әдісі. Мысалы, диванда  стандартты үш жастық тұрса, тағы 3-4 кішкентай жастық қосыңыз. Бұл идеяны жүзеге асыру кезінде бөлменің жалпы ортақ түсінен алшақтап, жаңа түстерді қолданып, тәжірибе жасауға болады. Егер үйде жастық көп болса, тағы жастықтар сатып алудың қажеті жоқ. Қазір дүкендерде түрлі дизайндағы жастыққаптар сатады.

Бөлме өсімдіктерімен безендіру
Интерьердегі өсімдіктер бөлмені жайлы етеді. Егер қонақ бөлме үлкен болса, оған еденде тұратын үлкен құмырадағы биік бөлме өсімдігін алуға болады. Ал шағын қонақ бөлмеге кішкентай гүлдерді ашық сөрелерге немесе үлтел үстіне қою ұсынылады. Егер гүлдерге күтім жасай алмасаңыз немесе уақытыңыз болмаса, аса күтімді қажет етпейтін бөлме гүлдерін алыңыз. Сондай-ақ қазір үй дизайнына кактустарды пайдалану сәнге айналды. Олар жиі суаруды немесе мұқият күтімді қажет етпейді.

Бірнеше жарық көздерін пайдалану
Жарық — интерьерді әуреге салынбай безендіретін нәрсе. Қонақ бөлмелердің көбін бір үлкен аспашам ғана безендіріп тұрады. Бірақ дизайнерлер жарық көзі аз дегенде үшеу болуы керегін айтады. Әрине, бұл бөлмеңізге қайтадан жөндеу жұмыстарын жүргізу керек деген сөз емес. Қосымша үстел шамын немесе бөлме бұрышында тұрған креслоның қасына биік тіреуге орнатылған шам қоюға болады. Сәндік жарықдиодты шамдар да бөлмеге ерекшелік сыйлайды.

Жұмсақ детальдар қосу
Жұмсақ маталар жылулық пен жайлылық сыйлайды. Көбіне қонақ бөлмеде тұратын диван мен креслолар қатты болып келеді. Сондықтан олардың үстіне отқан адам өзін жайлы сезіну үшін ол жерге стильді жұмсақ плед немесе минимализм стиліндегі жұмсақ ойыншық қоюға болады.

Сымдарды жасыру
Бөлмедегі толған сымдар көрініп тұрса, үйді шашып көрсетеді. Қазір оларды жасыратын арнайы қабырға панельдерін жасатуға болады.

Айна көмегімен бөлмені үлкейту
Айна визуалды түрде бөлмені кеңейтіп көрсетеді және шамдарды шағылыстырып қосымша жарық береді. Шағын айналар немесе айнасы бар заттарды сөрелерге қойыңыз.

Қабырғаға ерекше сағат ілу
Интерьерді ерекшелегіңіз келсе, ақ фоны бар дөңгелек сағатты оның ерекше түріне ауыстырыңыз. Мысалы, эпоксидті шайырдан немесе суретке арналған жиектеме түрінде жасалған сағаттарға мән беріңіз. Қосымша жарық көзі ретінде жарықдиодты сағаттарды қолдануға болады.

Интерьерді хош иіспен толықтыру
Дизайнерлер қонақ бөлмедегі хош иіс декорды керемет толықтыратынын айтады. Мысалы, әйнек ыдыстағы хош иісті шамдар сөреде әдемі көрінеді.

Ақпарат дереккөзі:massaget.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.