Тараз қаласында құрылысы аяқталмаған тұрғын үйлерге арнайы рейд жүрді

0 1

Бүгін Таразда «Нұр Отан» партия Жамбыл облыстық Партиялық бақылау комиссиясы, партия филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс — қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес және облыстық мәслихат партия фракциясы жанындағы комиссия мүшелерімен арнайы  рейд өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі. 

Бұл рейдтің негізгі мақсаты «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында Тараз қаласы аумағында салынып жатқан құрылыс нысандарына бөлінген қаражат пен берілген уақытқа сәйкес құрылыс нысандарының өткізілуін бақылау болатын.

Осы орайда, «Бәйтерек» шағын мөлтек ауданында салынып жатқан тұрғын үйдің 90 пайызы аяқталып қалған, ал  коммуникация қызметтері жүргізілмеген. Жауапты мердігер компаниялардың айтуы бойынша ағымдағы жылдың соңында тексеріске өткізіледі.

Сондай-ақ, комиссия мүшелері мөлтек аудандағы үйдің ішкі жолдары, аялдамалары, көше жарығына да көз жүгірте өтті. Осыған жауаптылардың сөзіне сенсек, келер аптаның дүйсенбісінде жарық та қосылады, тұрғындарға қатынау үшін автобустар да жүргізіледі.

Әрі қарай «Нұр Отандықтар» 15-ші мөлтек ауданының құрылыс жұмыстарымен танысып шықты. 80 пәтерлі көпқабатты үйлер аяқталып, тексерістен өткен болатын. Бір қызығы, мұнда қазандық орнатылмаған.

— Депутаттық комиссия мүшелері аралаған «Бәйтерек» мөлтек ауданында, өздеріңіз көргендей екі көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы аяқталып қалған, тек инфрақұрылымдары мен абаттандыру жұмыстары жүргізілмеген. Себебі, құжаттары бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп бітпеген. Жоба мерзімінің ұзаруына байланысты осындай жағдайға душар болып отырмыз. Осы жылдың желтоқсанында барлық құжаттарын рәсімдеп, тексеріске өткіземіз, — дейді Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Айтқұлов. 

Сондай-ақ, 15-ші мөлтек ауданында 10 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып қалған және инфрақұрылымдары жасалмаған. Бұл арада мердігер компаниялармен конкурс ойнатылып жатыр. Аяқталысымен келісім шарт жасап, жұмысқа кірісіп кетеміз. Жоспар бойынша ағымдағы жылдың аяғында қолдануға беріледі, — дейді жауаптылар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.