Зұлмат жылдардың зобалаңы ешқашан ұмытылмайды

0 24

1997 жылдан бері, жыл сайын 31-мамыр  Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып  аталып келеді.

Этностық және діни тегі бөлек миллиондаған адамдар, тоталитарлық жүйенің диірменіне түсіп, өзгеше ойлағаны үшін кінәсіз сотталып, туған жерлерінен жазықсыз айдалып, ГУЛАГ түрмелерінде жазықсыз көз жұмды. Тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы үшін оларды еске алу және есте сақтау қасиетті парызы. Заңнамаға сәйкес, 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар кейін ақталыды. Сарсаңға салған саясаттың салдары,  зұлмат зобалаңы Мойынқұм ауданын да айналып өтпеген. Сол бір жылдары мойынқұмдық  Бердиев Мазбай, Нұралиев Ердос, Зал  Жүнісов, Қыздарбекұлы Смағұл, Ізбасарұлы Қазақбай, Тайкеліұлы Шаңбай, Шәлтекеев Қапез сынды азаматтар да репрессия құрбандарына айналды.

Мойынқұм ауылының тұрғыны  Есенбике Ердосова (Нұрабекова)  қайынатасы Ердос Нұралиевтің және осы кісімен қатар саяси қуғын сүргінге ұшыраған кісілердің есімдері жазылған естелік тақтайшаны тиісті органдардың рұқсатымен қоюға ықпал жасаған. Апамыздың айтуынша қайынатасы Ердос Нұралиев кезінде Мойынқұм өңіріндегі Құмөзек ауылы тұсында бай бақуатты, айналасына жинаған кісілердің өмір тұрмысына көмек берген кісі болған  екен. Алайда, 1937 жылдары көреалмаушылардың айтағымен «ауру малын халыққа таратты» деген жаламен абақтыға айдалып,  хабар-ошарсыз кеткен.  Тек 24 жылдан соң немерелері аталарының  1961 жылы ақталғандығы жөнінде Тараз қаласындағы тиісті мекемеден құжатын табады.  Бүгін  Есенбике Ердосова  қайын атасын еске алып, рухына құран бағыштап ескерткіш басына гүл шоқтарын қойды. Аудан орталығындағы ескерткіш басына құрбан болғандарға  тағзым жасау үшін  ауданның Құрметті азаматы, Мойынқұм ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұқан Сабыров та бірге  барды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.