Еліміздің Батыс өңіріндегі хал ахуал көптің көңілін құлазытқаны анық. Апатты аймақтағы жай туралы Шалкиіз жыраудың «Айдын сулар, аймақ көл – тасыса дөңбек келтірер» дегені еріксіз еске түсіп отыр. Яғни тіршілік көзі саналған судың тілсіз жау екені де рас. Қаперге алмаса қапияда қыршын қиылып, салдары сан соқтырып отырғанын көз көрді. Тілсіз жаудан келген шығын да аз емес.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккен тұрғындарға үлкен көлемде шығын келуіне байланысты өкініш білдіріп, көмек көрсетілетінін жеткізді. Апаттан алыс болудың амалы – оның алдын алу. Бұл тұрғыда, қызметіне салғырт қараған тиісті лауазым иелері де жазасыз қалмайтынын жеткізді. Расында, тасқынға тосқауыл болу үшін сақадай сай дайындық керек. Қысылтаяң сәтте жапа шеккен халыққа қол ұшын созып, көмек беріп, сбор ашып жатқан қорлар, тұлғалар, белсенді халықтың әрекеті – күшіміздің бірлікте екеніне тағы бір дәлел! Аймақта да елдік шараға белсене атсалысып, барынша қолдау білдіруге жамбылдықтар дайын.
Республикалық, облыстық Дүнгендер қауымдастығы Аналар кеңесінің төрайымы, ҚХА Аналар кеңесінің белсенді мүшесі Сара Даузова.