1 маусымнан елордадағы балабақшалар жұмысын штаттық режимде бастайды

0
140

18 мамырдан елордадағы оңалту орталықтарының жұмысын бастауы жоспарланып отыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова мәлім етті, – деп хабарлайды “ZhambylNews”  АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«1 маусымнан барлық мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысын штаттық режимде қайта бастау жоспарлануда. Сондай-ақ арнайы ұйымдар, психологиялық-медициналық әрі педагогикалық консультациялар, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері, оңалту орталықтары 18 мамырдан жұмысын бастауға дайын. Ерекше білімді қажет ететін әр баламен жеке жұмыстар жүргізіледі», – деді Ш. Қадырова онлайн баспасөз мәслихатында.

Осы орайда ол туындаған сұрақтар бойынша ата-аналар білім басқармасының колл-орталығына хабарласа алатынын атап өтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 18 мамырдан бастап меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі барлық білім беру мекемелері кезекші топ режимінде жұмыстарын бастауға дайын.

«Балабақшалар санитарлық-дезинфекциялық нормаларды қатаң сақтай отырып, баланы үйде қалдыруға мүмкіндігі жоқ жұмыс істейтін ата-аналар үшін, одан кейін ғана басқа ата-аналардың қалауы бойынша балаларды қабылдайды. Әрбір мектепке дейінгі ұйымдардың кезекші топтарында бала саны 15-тен аспауы тиіс. Егер балабақшаға келмеген жағдайда, баланың орны сақталады», – деді Ш. Қадырова.

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here