Үстіміздегі жылдың 1мамырында Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылғандығынан бәріміз хабардармыз. Айтып келмейтін табиғат апатынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданына қарасты бірнеше елді мекенге су жайылып, тұрғындар зардап шеккен болатын. Осы бір төтенше жағдай жалғыз Мақтаарал тұрғындарына ғана емес бүкіл қазақстандықтарға үлкен соққы болғандығы да белгілі.
Бұл сәтте республикадағы барлық облыстардың азаматтары бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып көмектерін аямауда. Өңірлердің басым көпшілігі азық-түлік ретінде гуманитарлық және құрылысқа қажетті заттармен көмектерін көрсетсе, кейбір азаматтар қаржылай жәрдем беруде. Көмек қолын созғандардың ішінде кәсіпкерлер мен меценаттар, еңбек ұжымдары, қоғамдық ұйымдар және басқа да ірі кәсіпорын жетекшілері бар.
Аталған игі істі Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы да қолға алып, аймақтағы орыс, түрік, күрді, шешен, әзірбайжан, неміс, өзбек, тәжік және басқа да этномәдени бірлестіктердің қолдауымен Мақтаарал ауданына ағымдағы жылдың мамыр айында 10млн.160 теңге қаржыға 32,5 тоннадан астам азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттар тиелген жүк көлігін жіберді. Аталған көмек керуенін аттандыруға Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы «Жаңғыру жолы» жастары қозғалысының мүшелері орасан жұмыс атқарды.
Сондай-ақ, Қордай ауданындағы Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер ассоциясының мәдени орталығы тарапынан 5 500 000 теңге көлемінде көмек көрсетілсе, бірлестікке мүше Жамбыл ауданының дүнген азаматтары да аталған іс-шараға қолдау білдірді.
Сүрінгенге сүйеу, жығылғанға тіреу болу әрбір азаматтың адамдық борышы. Ел басына күн туғанда халқымыздың жанынан табыла білу, қазақстандықтардың бірлігі мен ынтымағын одан әрі нығайта түсері сөзсіз. Асыл қасиеттерден ада қалмаған өзге ұлт пен ұлыс өкілдерінің көрсеткен көмегі мақтааралдықтардың бойына күш беріп, жүректеріне сенім беретіні сөзсіз.
Осындай қиын қыстау кезеңде қол ұшын берген Жамбыл облысындағы этномәдени бірлестік өкілдеріне айтар алғысымыз шексіз!
Біз біргеміз!
Жамбыл облысы әкімі аппаратының
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі орталығының
баспасөз хатшысы Бибігүл Шахзада