Қазақстанда 24 ветеринария зертханасы ПТР-тест жасайтын медициналық зертханаға айналады

0 11

Ауыл шаруашылығы министрлігі ауылдық жерлердегі ветеринарлық зертхана ғимараттарын COVID-19 вирусына ПТР-зерттеу жүргізу үшін уақытша Денсаулық сақтау министрлігіне қолдануға береді. Бұл жөнінде ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап  “ZhambylNews” АА  хабарлайды.

Медициналық және ветеринарлық зертханалар әлем бойынша тең дәрежелі мәртебеге ие. Сондықтан Ветеринарлық медицина және медицина саласындағы халықаралық ұйымдар, соның ішінде ХЭБ, ФАО және ДДСҰ пандемия кезінде коронавирус инфекциясымен күресте ветеринарлық зертханаларды пайдалануды ұсынады.

«Осыған орай елімізде ПТР-тестілеу мүмкіндігін кеңейту үшін Денсаулық сақтау министрлігіне 1 тамыздан бастап Қазақстанның 11 аймағында орналасқан 24 ветеринарлық зертхананың мамандандырылған ғимараты қолданысқа ұсынылады. Пайдалануға берілетін барлық тест орындары зертханалардың екінші қабаттарында орналасады. Микроорганизмдердің патогенділігі II-IV топтарымен жұмыс істеу талаптарына сәйкес келеді: олардың жеке кіреберістері, санитарлық қақпалары және биологиялық қауіпсіздік жәшіктері бар. Бұл ветеринарлық зертханалардың бірінші қабаттарында негізгі бағыттар бойынша өз жұмыстары жалғаса береді» делінген хабарламада.

Сонымен қатар, шалғайдағы ауылдық жерлерде диагностикалық зерттеулер жүргізу үшін жылжымалы ветеринарлық зертхана қолданылады.

Ғимарат және жылжымалы зертханамен бірге ПТР жабдықтарының 26 ​​жиынтығы беріледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі Республикалық ветеринарлық зертханадан және Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығынан адамдар мен жануарларға қауіпті инфекциялар диагнозын анықтау тәжірибесі бар 67 білікті маманды іссапарға жібереді.

Бір айта кетерлігі, жануарлардың жұқпалы ауруларын диагностикалаудың ПТР әдісі іс жүзінде коронавирустық инфекцияны ПТР диагностикалау әдісімен ұқсас. Жалғыз айырмашылық — қолданылатын тест жүйесінде. Сондықтан әлемнің көптеген жетекші елдері COVID-19 пандемиясымен күресте ветеринарлық зертханалардың мүмкіндігін пайдалануда.

Естеріңізге сала кетейік, кеше өткен ҚР Үкіметінің отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин өңірлердегі жағдайды реттеу үшін республиканың ветеринарлық қызмет зертханаларының мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынған болатын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.