Рашад Мамедов Қазақстанды Әзербайжанға көмектесуге шақырды

0 9

Әзербайжанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Рашад Мамедов Қазақстанды Армениямен қарулы қақтығыста Әзербайжанға көмектесуге шақырды.  

Елші барлық халықаралық келісімге сәйкес, Таулы Қарабақтың аумағы Әзербайжанның құрамына кіретінін, сондықтан азат ету соғысы жүріп жатқанын еске салды.

Рашад Мамедов Қазақстан Таулы Қарабақтың Әзербайжаннан бөлінуін ресми түрде мойындамағанын және республиканың тұтастығын жақтайтынын баса айтты. Сонымен бірге, Қазақстанда Армения мен Әзербайжан шекарасындағы қақтығыс туралы жалған ақпарат тарап жатыр.

«Қазір Армения тарапынан жалған ақпарат таратылып жатыр. Әзербайжан Армениямен шекарада әскери іс-қимыл жүргізіп жатқан жоқ, әскери іс-қимыл Әзербайжан Республикасының ортасында жүріп жатыр. Біз өз аумағымызды азат етіп жатырмыз. Біз соғысты қаламадық. Бұл туралы барлық мінберден айттық, енді біздің әскер шегінбейді, кеше сегіз елді мекен азат етілді», — деп мәлімдеді елші.  

Рашад Мамедов Армения Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше екенін, оның құрамына Қазақстан да кіретін еске алды. Дәл осы себептен, дипломаттың айтуынша, қақтығысқа үшінші елдерді тарту үшін ақпараттық шабуыл жасалып жатыр.

«Біз Қазақстаннан ЕАЭО және ҰҚШҰ аясында Арменияны тоқтатуын сұрадық. Бізге 130-дан астам халық бейбітшілік пен келісімде өмір сүретін Қазақстаннан, бауырларымыздан көмек керек. Халықаралық құқықтарға сәйкес Қазақстанның моральдық және саяси қолдауы қажет. Қақтығыс БҰҰ-ның қауіпсіздік қарарына және басқа да халықаралық құжаттарға сәйкес бейбіт жолмен шешілуі тиіс. Біз ешкімнің Қазақстандағы бейбітшілікті бұзуын қаламаймыз. Егер Қазақстан бауырлас халқымыз десек, онда бұл елдегі бейбітшілікті көздің қарашығындай қорғауымыз керек», — деді Әзербайжанның Қазақстандағы елшісі.

27 қыркүйекте Әзербайжан қорғаныс министрлігі Армения қарулы күштері Қарабақта түйісу шебіндегі елді мекендерге оқ жаудырғанын хабарлады. Қаза тапқандар бар. Ал Армения қорғаныс министрлігі Қарабақ Әзербайжан тарапынан «әуе және зымыран шабуылдарына ұшырады» деп мәлімдеді.

Ресми мойындалмаған Таулы Қарабақ Республикасының басшысы Араик Арутюнян әскери жағдай енгізді. Арменияда да әскери жағдай енгізілді.

Қазақстан жанжалдың ушығуына алаңдаушылық білдіріп, тараптарды келіссөз жүргізуге шақырды

дереккөз: Sputnik Қазақстан

Leave A Reply

Your email address will not be published.