Бердібек Сапарбаев Жуалы ауданының әкіміне: Мәселенің алдын алу бойынша жұмыс жасаңыз

0
112

Облыста әкімдердің халыққа есеп беру кездесулері жалғасуда. Осындай кезекті есептік кездесу барысында жуалылықтар атқарушы билік өкілдеріне тікелей жүгіну мүмкіндігіне ие болды. Тұрғындардың өтініштеріне аудан әкімі Нарбай Ергебеков пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев құлақ түрді, — деп жазады “ZhambylNews” AA облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебековтің есептік кездесулеріне халық қалың жиналатын десек, бұл жылы енгізілген карантиндік шектеулерге орай өтініш пен ұсыныс білдірем деушілердің легі әдеттегідей Б.Момышұлы ауылындағы Мәдениет үйінің залына лық толып отыра алмады. Тек бірқатар тұрғындар әлеуметтік арақашықтық пен маскалық режимді сақтай отырып қана қатысу мүмкіндігіне ие болды. Соған қарамастан, жолданған сұрақтар мен көтерілген мәселелер аз болмады. Кездесу барысында аудан әкімі Нарбай Ергебеков 2020 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.

Атап айтқанда, ол 38 жоба қаржыландырылған мемлекеттік бағдарламалардың орындалу жайына тоқталды. Одан бөлек, қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беру жөніндегі облыстық конкурстық комиссияның қарауына 44 жоба жолданған. Нәтижесінде Жуалыдағы екі кәсіпкер аталған грантқа ие болып, өз ісін бастаған. Сондай-ақ, ауданның төрт шағын несие ұйымы арқылы 3491 адам жалпы сомасы 2,7 миллиардқа жуық теңге несиеге қол жеткізген.

Н. Ергебековтің айтуынша, ауданның аграрлық секторында да өсу үрдісі байқалады. Білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларында да оң көрсеткіштер баршылық.

Баяндама аяқталғаннан кейін жарыссөзге кезек келді. Атап айтқанда, Б.Момышұлы ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов облыс және аудан басшылығына елді мекендердің инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыстар үшін ризашылығын жеткізді.

— Кейінгі жылдардың өзінде тоғыз ауылдың тұрғындары ауыз суға қол жеткізді, жеті ауыл табиғи газға қосылды. Дегенмен, бұл жұмыстар жалғаса түссе екен. Тағы жеті елді мекен тұрғындары көгілдір отынға қосылатын күнді асыға күтуде, — деді ол.

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев тұрғындарға өз сұрақтары мен ұсыныстарын ең алдымен аудан әкіміне бағыттау керектігін атап өтті.

— Мен Жуалыда көптеген мәселелер бар екенін білемін. Сіздер өз сұрақтарыңызды ашық қоя беріңіздер, біз олардың шешу жолдарын қарастыратын боламыз, — деп облыс әкімі қатысушыларды ашық диалогқа шақырып, аудандағы ахуалға аз-кем тоқталды.

— Қазіргі уақытта Жуалы ауданы өз әлеуетін толық пайдаланып отырған жоқ. Инвестиция тарту көрсеткіші бойынша соңғы орыннан көрінуі соның дәлелі. Өткен жылы кәсіпкерлік саласындағы жобаларға ешқандай сұраныс болмады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қатысты көрсеткіш те аса жоғары емес, өсім тек бір пайызды ғана құрайды. Ауданда бес жүз кәсіпкер тіркелсе, іс жүзінде оның 16-сы ғана жұмыс істеуде, — деді Б. Сапарбаев.

Жуалылықтар көтерген кейбір мәселелерге аймақ басшысының өзінің түсініктеме беруіне тура келді.

— Біз әлеуметтік желілерді қадағалап, әрбір аудан бойынша мониторинг жүргіземіз. Жуалы ауданында денсаулық сақтау мен білім беру саласында көптеген мәселелер кездеседі. Тұрғындардың сұрақтарына жауаптар әрдайым уақытылы беріле бермейді, сондықтан наразылық туындайды. Сонымен қатар, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына үнемі назар аудартып келеді. Яғни, жергілікті атқарушы органдар халықтың барлық өтініштеріне дер кезінде жауап қайтаруға міндетті. Аянбай жұмыс істеңіздер, халыққа мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін түсіндіріп, қолдау шаралары және субсидиялар туралы жеткізу қажет. Егер шаруаларға жайылым жеткіліксіз болса, бұл мақсатқа орман қорының жерлерін тарту қажет, осылайша егіс алқаптарын да ұлғайтуға болады. Тұқым сапасын арттыру, тыңайтқыштарды қолдану, заманауи технологияларды енгізу жөніндегі жұмыстарды жандандыру маңызды. Бүгінде біз шаруаларға суармалы жерлердің көлемін арттыру үшін жаңбырлатып суару қондырғыларын сатып алуға, ұңғымалар салуға көмектесудеміз. Бұдан басқа, ұсақ шаруашылықтарды ірілендіруге назар аударған абзал, бұл оларға ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға мүмкіндік береді. Адамдарға пайда табатын жолды көрсете білген жөн. Олай болмаған жағдайда аудан экономикасы төмен деңгейде қала береді. Біз бір кездері бүкіл Одаққа танымал болған Жуалының картоп өндірісін қайта ұлғайту міндетін қойып отырмыз. Сондай-ақ, сүтті қайта өңдеуге көңіл бөлу керек, — деген аймақ басшысы аудан әкімі Нарбай Ергебековке бірінші кезектегі міндеттерді белгілеп берді.

 

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here