«Мама өлтірмеші…»

0 6

1941 жыл. Немістің ажал апаны –  Освенцим концлагерінде әйгілі қанішер  дәрігер Йозеф Менгеле кеңес үкіметінен тұтқынға түскендерге айуандық жолмен түрлі тәжірибе жасап жатты. Оның зертханасына алғашқы келген тұтқындар жас бойжеткендер еді. Дәрігер оларды тәжірибе алаңында   зерттейді. Қыздарды көрген бойда Менгеле Гитлерге  шошып  хат жолдайды: «Менің Фюрерім, орыстармен соғыс ұзаққа созылуы мүмкін. Бұл халықты жеңгеннің өзінде, оларды бағындыру қиын. Себебі тұтқынға түскен орыс қыздары түгелдей бейкүнә…»

Соңғы жылдары елде тіршілік есігін ашпай шейіт кеткен бөбектердің саны  6 миллоннан асқан деседі. Жасанды түсік жасаушылардың 90 пайызы алаш ұрпағы. Олардың жасы 10- 12-ге дейін жасарып, әрі түсікке екінші мәрте баратын көрінеді. Бұл трагедия ұлт болашағына аса қауіп төндіріп тұр. Қазақстанда жасанды түсік жасату көрсеткіші экономикасы дамыған елдерден әлдеқайда жоғары. Мәліметтер осылай дейді.

Түсік – ана құрсағындағы тірі жанды өлтіру. Елімізде ең көп тараған түрі де осы. Жасанды түсіктің аса қауіптісі – жүктіліктің мерзімі асып, шаранаға жан біте бастаған тұста жасалуы. Бұл түсік тастаудың нәтижесінде түрлі гинекологиялық және қатерлі ісік ауруларына, бедеулікке ұшырауы мүмкін.

 Өзге жұрт бұл мәселемен қалай күресіп жатыр? Иә, бұл дертті өрелі мемлекеттер де ауыздықтай алмады. Бірақ, түсік мәселесі әлем халқының бас ауруына айналғалы жүздеген елдерде әлдеқашан заңмен тыйым салынды. Польшада, басқа да елдерде түсік ананың өміріне қауіп төнген жағдайда ғана рұқсат етіледі. Түсік жасатқаны және жасағаны үшін әйел мен дәрігер бірдей сотталады. Сондай ондаған елдер тізімін Сальвадор, Филиппин, Венесуэла мемлекеттері бастайды. Еуропаның және АҚШ-тың Техас секілді аймақтарында бұл әрекет қылмыс деп танылып заңмен қудаланады, сотталады. Бүгінгі таңда жасанды түсікке рұқсат берілген Швейцария түсік зардабынан соңғы жылдары 400 миллион франк шығынға ұшырадық деп бармақ тістеуде. «Интерфакс» агентігі Ресейдің дүние жүзі бойынша түсік жасаудан бірінші орынға шыққанын өкіне жариялады. Түсік жасау жағынан  ТМД елдерінің арасында Ресейден кейін алдыңғы шепте қазақтар орналасқан.

Бүгінде бұл мәселе көрші елдің БАҚ құралдарының басты тақырыбы болып отыр. Әрдайым көштің соңында қалатын біздер түсік дертіне қарсы не істей аламыз? Ойбайдан  ары аса алмадық. Не істейміз? Бұл қасіретпен күресу жолдарының бірін өткен жылдары суретші иллюстратор Аңсаған Мұстафаның «Мамам мені өлтіретін шығар…» атты туындысынан көрдік. Бұл сурет ақпарат құралдары арқылы таратылып, жастар көп жүретін Алматының метросы мен көліка ялдамаларына ілінді. Сурет мазмұны: құрсағындағы сәбиін алдыртуға қорқып «мамам мені өлтіретін шығар» деген қыздың бүріскен бейшара күйі. Отандық БАҚ құралдары суретті көрген жүздеген қыздар райынан қайтыпты деп жарысы жазады. Ғаламтор арқылы Аңсағанның бұл шығармасы бүгінде әлемге кең тарап кетті.

 Бұл шаралар өте орынды, мұнымен де іс бітпейді. Бұл мәселеде отандық арналар әрдайым қыз-келіншектерге күйе жағып, қаралап, кінәлап көрсетуден ары аспайды. Дерттің себеп-салдары сараланбайды, қасіреттің шығу тегі ашылмайды. Үнемі оларды жазғыру, дәрменсіздік, кеш, орынсыз насихат. Бұл кеселдің түбірін іздесек: ұл мен қыз бірдей кінәлі. Бірақ  ышқырына ие бола алмайтын болашақ ана, қыздарымыз жігіттің құшағында отырғанда ертең не болады деп селк ете қалса болар еді. Басты себеп: қоғамдағы жұмыссыздық, нәпсіге ерік беру, дінсіздік, наша шегу, араққа салыну факторлары. Сондай-ақ, отбасында көп тыйым көрген жуас, жігерсіз, жасқаншақтар арасында да аяғы ауыр болып қалатын қыздар жиі кездеседі. Міне, олар құрсағындағы баланың өмірге келуінен қорқады, қалайда құтылудың айла-амалын іздейді. Ғаламтордағы жүгенсіз жарнамалар басты себептердің бірі, бірегейі болып отыр. Міне, осы сияқты аса қауіп пен қатер жайлады. Сондықтан да, телеарналар не көрсетіп, баспасөз не жазып жатқанын бір саралап, сараптап көрейік. Бағы жанып көрерменді жинап отырған атақты «Қалаулым» қыздарымыз жігітке таласып бет жыртысып жатса олар төсектес болудан бас тартады деп ойласақ бір түрлі санаға сіңбейді. Отандық арналарда осындай хабарлар баршылық.

Ар мен ұят қашқан жерде заңды шоқпар етіп қолданбаса басқа шара жоқ. Бұл індет тамыры тереңдеген сайын короновирус сияқты ұлтқа аса қатерлі. Болашағымыз үшін ұлттың санын өсіретін көсегесін көгертетін ана мен баланың амандығына кепілдік беретін заң қажет. Бұл қасіретке заң ғана араша болатын сыңайлы.

 

Ұ.ИБАЙДУЛЛАЕВА, журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.