Су саласының саңлақтарына құрмет көрсетілді

0 58

9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлері күніне орай сала ардагерлері мен мамандарына құрмет көрсетілген салтанатты жиын өтті. Мерекелік іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Айдос Асабаев, су шаруашылығы мекемелерінің басшылары, сала қызметкерлері мен ардагерлер қатысты.

Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Айдос Асабаев кәсіби мереке иелерін құттықтап, су шаруашылығы саласының елдің тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудағы стратегиялық маңызына тоқталды.

Өз сөзінде ол су – тіршілік көзі ғана емес, ауыл шаруашылығының, өндірістің, экологияның және елді мекендердің қалыпты тыныс-тіршілігінің негізгі кепілі екенін атап өтті. Сондай-ақ су ресурстарын тиімді басқару, оларды ұтымды пайдалану және халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі әрдайым жоғары бағаланатынын жеткізді.

– Су шаруашылығы саласының қызметкерлері жыл он екі ай бойы жауапкершілігі жоғары міндеттерді атқарып келеді. Сіздердің адал еңбектеріңіздің арқасында тұрғындар сапалы сумен қамтамасыз етіліп, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына берік негіз қалануда. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Іс-шара барысында «Ақсай» өндірістік бөлімшесінің басшысы Дәулет Мырзайымұлы Нұрабаев сөз сөйлеп, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады. Ол су шаруашылығы саласында еңбек етудің үлкен жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті талап ететінін айтып, халыққа үздіксіз әрі сапалы қызмет көрсетуде ұжымның бірлігі мен ұйымшылдығының айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Сонымен қатар, сала қызметкерлеріне алдағы жұмыстарына табыс, тың бастамалар мен жетістіктер тіледі.

Мерекелік шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – марапаттау рәсімі болды. Су шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосып, өз міндеттерін жоғары жауапкершілікпен және кәсіби деңгейде атқарып жүрген бірқатар қызметкерлер аудан әкімінің Алғыс хаттарымен және арнайы марапаттарымен наградталды.

Марапат иелеріне көрсетілген құрмет олардың көпжылдық адал еңбегі мен саладағы қажырлы қызметіне берілген жоғары баға болды.

Іс-шара мерекелік көңіл күйде өтіп, қатысушылар бір-біріне ізгі тілектерін арнап, су шаруашылығы саласының өркендеуі жолындағы ортақ мақсаттар төңірегінде пікір алмасты.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.