Келесі жылдан бастап Тараз қаласында балмұздақ шығарылады. Қазір цехтың құрылысы аяқталуға таяу, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Кәсіптің жаңа түрімен қаладағы «Империя» ЖК айналыспақшы. Қазір өндіріс орнының құрылысы жүріп жатыр. Бүгінде шикізатты өңдеп сапалы әрі дәмді балмұздақ шығаруға арналған желі де алынған. Бас директор Патохберди Талипов цех іске қосуға дайын, инфрақұрылымды жүргізу мәселелерін шешу қажет екенін жеткізді.
Бұл жобаның құны 800 миллион теңгені құрайды. Қуаттылығы тәулігіне 8 тоннаға шақталған. Мұнда балмұздақтың 30 түрін шығару жоспарлануда. Серіктестіктің басқарушы директоры Рахат Әшімовтің айтуынша, кәсіпорында жүзден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
— Жазда үздіксіз өнім өндіруге мүмкіндік бар, — дейді ол.
Олар сүтті жақын маңдағы шаруалардан алуға ниетті. Айта кетейік, қазір «Империя» ЖК шұжықтар мен кондитерлік өнімдерді сақтаумен және тасымалдаумен айналысады.
— Сондай-ақ, біз жергілікті дүкендерге Ресей мен Қырғызстаннан балмұздақ жеткізудеміз. Көп ұзамай біз жамбылдық балмұздақтарды сата бастайтын боламыз, — дейді Рахат Әшімов.