Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев кезекті аппарат мәжілісінде аудан әкімдерінің жұмысын сынға алып, олардың әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру және ұстау бойынша дер кезінде шаралар қабылдамағанын атап өтті, деп хабарлайды “ZhambylNews” АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мониторинг мәліметтеріне тоқталған облыс әкімі Т. Рысқұлов ауданында азық-түлік тауарларының 19 атауының бағасы бірден 10 пайызға, Жуалы ауданында сегіз, Меркі ауданында жеті пайызға өскендігін алға тартты.
— Т.Рысқұлов ауданында бір келі қант 290 теңгеден, пияз 70, сәбіз 120, картоп 140 теңгеден сатылуда. Әкімдер бұл мәселені бақылауда ұстауға міндетті. Күн сайын таңертең өздері аудан орталығын аралап, бағаны тексеріп, тазалықты қадағалап, жолдарды қарап, басқа да маңызды мәселелерді қамтуы тиіс. Анықталған бұзушылықтарды жою бойынша нақты тапсырмалар беруі керек. Күніге берілген тапсырмалардың орындалғанына көз жеткізіп отыруы қажет. Сіздер бәрін жасаймыз, тырысамыз, зерттейміз, түзетеміз деп қайталай бергенмен, іс жүзінде ешқандай жұмыс жоқ, — деді облыс әкімі.
Жуалы ауданында қарақұмық, сүт, айран, жұмыртқа, күнбағыс майы, сәбіз, картоп, қант қымбаттаған.
— Егер Жуалы ауданының тұрғындары картопты 150 теңгеден сатып алатын болса, қалғаны не болмақ? Демек, аудан әкімі жұмыстан хабарсыз, — деп қорытындылады аймақ басшысы.
Мәселеге қатысты сауалдар Байзақ, Мойынқұм, Талас аудандарына да жолданды. Әкімдерге басқа да наразылықтар болды. Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының м.а. Қайрат Амановтың ақпараты бойынша, Жуалы ауданында азық-түлік тауарларын сақтауға арналған тоғыз, Меркі ауданында – сегіз, Т. Рысқұловта – үш қойма бар. Ал, Талас және Сарысу аудандарында бірде-бір қойма жоқ. Айта кетейік, облыс бойынша мұндай барлығы 230 қойма бар.
— Біздің міндетіміз – азық-түлік тауарларының қорын қалыптастыру. Әкімдер шаралар қабылданып жатыр деп сендіргенмен, әзірге ол жұмыстардың нәтижесі көрінбейді, — деді аймақ басшысы.
Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында «Тараз ӘКК» АҚ дүкендер желісінде бірқатар әлеуметтік маңызы бар тауарлар нарықтық бағадан 10-20 пайызға төмен сатылуда.
«Тараз ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Олжас Қаржауов облыс орталығында ондай дүкендердің саны 15-ке дейін артатынын хабарлады. Қазір қалада осындай алты дүкен жұмыс істеп тұр. Шаруалар өз өнімдерін тікелей сол жерге жеткізе алады.
— Тапсырыстарды артық бюрократиясыз орындау маңызды. Тұрғындар ондағы бағаларға ризашылықтарын білдіріп, осындай дүкендерді көптеп ашуды сұрап отыр. Нанды 55 теңгеден басқа қайдан сатып алуға болады? Ардагерлер кезекте тұрып, алысқа сандалмауы керек. Қала бойынша әр аумақтан осындай павильондар ашыңыздар, — деді облыс әкімі.
Аудандардағы жағдай ойдағыдай емес.
— Әкімдерді бұл сұрақ мүлдем қызықтырмайтын сияқты. Олардың ешқайсысы ауылдарда әлеуметтік павильондар ашуға тырыспайды. Неге шаруа қожалықтарымен жұмыс жасамайсыздар? Неліктен оларға ұтымды ұсыныстар ұсынбайсыздар? – деді Бердібек Сапарбаев.
Нақты жауап ала алмаған аймақ басшысы әр ауданда 15 желтоқсанға дейін әлеуметтік павильондар ашуды бұйырды.
— Мерекеге қарсаңында біз өнімді нарықтық бағадан төмен бағада сатылуын қамтамасыз етуге тиіспіз. Тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру бойынша пилоттық жобасын және «Алқаптан сөреге дейін» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет. Барлық аудандарда және облыс орталығында жәрмеңкелер өтуі тиіс, — деп бұйырды аймақ басшысы.
Облыс әкімі ішкі нарықты отандық тауарлармен қамту, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, бағаның негізсіз өсуін және делдалдық схемаларды болдырмау бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Аппарат жиналысының күн тәртібінде келесі мәселе ретінде «Асарлатып үй салу» жобасының орындалу барысы қаралды. Құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаров жоба аясында 101 үй салу және 16 үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланғандығын хабарлады. Бүгінгі таңда 46 үйдің құрылысы аяқталған. Атап айтсақ, Жуалы ауданында 10 үй, Байзақ және Қордай аудандарында тоғыз үйден, Меркі, Мойынқұм, Сарысу аудандарында төрт үйден, Жамбыл ауданында 3 үй пайдалануға берілген. Ал, Талас, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында бір-бір үйден ғана берілген десеке, бұл аудандар кестеден артта қалып келеді.
— Бұл жоба барлығымыз үшін ерекше маңызды. Бастағаннан кейін оны соңына дейін жеткізуіміз керек. Тағы бір маңызды мәселе – үйлер сапалы салынуы тиіс. Жуырда мен Жамбыл облысы, Айша-бибі ауылында болып, қоныс тойын тойлап жатқан отбасының үйінде болдым. Сіз балалардың жүзі бақыттан бал-бұл жанғанын көрсеңіз ғой. Соларға қарап бұл жобаның бекер басталмағанын түсінесің. Басқа отбасылар да жақсы жаңалық күтеді. Құрылыс жұмыстарын тезірек аяқтаңыздар, — деді облыс әкімі.
Басқосуда қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы Ғалымжан Тасжанов әскерге шақыру науқанының барысы туралы айтты.