Марал ишанның кереметтері

0 587

Арал маңы мен Ақмешіт аймағы Қазалы уезіне қарайтын кез. Осы өңірде билігін жүргізіп, атағы кең тараған Шағырай батыр деген кісі бар. Соған Марал жайлы жалған жағымсыз әңгіме жетіпті. Бұған батыр аңқаулық жасап, сеніп қалып, оны сабасына түсірейін, не келген жағына көшіріп жіберейін деген ойы бар екен.

,,Бұл аймақта менен мықты ешкім жоқ,,- деп жүрген Шағырай, патшадан сый- сияпат алғанын мақтаныш әрі дәреже көретіні жұртшылыққа белгілі. Осы кезде Марал ишанның атақ- даңқы шартарапқа танылып, абырой- беделі мәлім бола бастаған. Оның мұндай танымалдығын, жақсы даңқын көре алмай қызғанышын білдірген Шағырай: ,,Бұл арадан тез көшіп, табанын жалтыратсын Марал,, – деген астамшылыққа барады. Қайта қайта хабар айтып, діңкілдеп, мазасын ала береді. Марал әрі- бері түсінер деп үндемейді.

,,Оңтүстіктен қаңғып көшіп келген өзбек,,- деп Маралдың атын есіткен сайын, шабармандарын жұмсап, есін шығарады. Ол да бір есерсоқ екен:

– Бұлай тыңдамасаң, Шағырайдың қамшысының астында қаларсың- деп доқ көрсетеді.

– Сонда мына сарт бізге пірлік етпек болғаны ма?- деп терісіне сыймай , тулап ашуланғаны да бар. Сөйтіп, күштеп көшіріп, елден шығарып жібермек болады.

Марал ишан қалпесін жұмсайды. Сол арқылы Шағырайдың мына қиянат жасап отырған райынан қайтуын өтініп сұрайды. Ол бұған құлақ аспақ түгілі, қайта өшігіп, бұлқан -талқан болады.

Әулие қалпесін тағы жібереді.

– Мән- жайды жеткізіп, ұғындырып түсіндір. Ақырын күт. Жалпы үш күнге дейін сонда бол. Егерде айтқанға көнбей, мінез көрсете берсе, үшінші күні сағат 12- де атамын. Енді кешірім жоқ. Өз обалы өзіне – деп ескертеді.

Шағырай басынан сөз бен билік асырып көрмеген. Алған бетінен қайтпай, тас- талқан болады. Сол қалпы патшадан алған алтын сағатына қарап отырады. ,,Маған не істей қояр екен, байқайын,, – дегені болса керек. Қалпе үйден шығады да атына мініп тартып кетеді. Оның зар илеген қалпын көрмейін дегені шығар. Сағат 12- ні соғады. Ызылдаған қоңырауы құйқасын шымырлатады. Осы кезде әулие құдіретімен атады. Батырдың ортан жілігі күтірлеп, қақ бөлінеді. Жұмсақ төсекте жайланып жатқан Шағырайдың жан даусы шығып ,,Ох!»- деп шыңғырып, айқайлап жібереді. Сол жамбасын ұстап, бір жағына қисая құлайды.

– Марал шынымен мені әруағымен атты. Енді мені соған тез жеткізіңдер – депті. Әулиеге бозқасқа айтып, осы ауруынан құлан- таза жазылып кетсе, қызын да бермекші болады. Бұрында әулиенің сыртынан талай балағат сөзін боратқан көрінеді. Оны ишанның сезіп жататынын қайдан білсін. Шағырайды атқа отырғыза алмай, күймеге салып, жан- жағына құсжастық сүйеп, әулиенің аулына жетеді.

Үйге кіргенде қан сөлі жоқ, түсі қашқан. Аяғы адамның беліндей қарайып ісіп, енді жарылғалы тұрғандай. Сынықтың жанына батқаны соншалық, сөйлеуге де әлі жоқ.

– ,,Райыңнан қайт,, – деп қалпемді үш рет жібердім. Тындамадың. Кезеулі оғыма өзің келіп түстің. ,,Сары жебе ,,оғымды жібердім. Енді ол оқ қайтпайды. Құдайдан қорықпадың. Біле білсең, иығыңдағы боғың мынау, сорғалап жабысып әлі түспей тұр. Мойныңдағы сідігің мынау, тамшылап ағып тұр- деді ишан.

– Марал ишан, аяғыңа жығылайын, мені құтқара гөр!- деп зарлады.

– Бұдан бұрын қос ауыз мылтығың мен қырық патроныңды сайлап, айдын көлге келдің. Ұшқан қазды аттың. Артында зарлап 7-8 балапаны қалды. Сол атқан құсыңды тірілте алар ма едің? Кінә өзіңнен!

Көзіңе көрінген жаныңның аман қалуы үшін бір амал ойладың. Сол берем деген қызыңнан төрт шар туады. – депті.

Шағырай, төрт шар дегені төрт ұл деп дұрыс түсініпті.

– Алдыңдағы болар істі көріп тұрмын. Менің балам – Қалқамға Кеңес қызың қосылады. Одан Құдай қаласа, төрт ұл болады- депті де

– Енді райымнан қайттым. Аяғыңның сынығы орнына келеді. Қайта бер – деп сыртынан үш қайтара алақанымен сипапты.

Орнынан тұрып, Шағырай батыр:

– Бар боқтық сөзім мен жаман пікірімді қайтып алдым, Кешір, Марал әулие!- депті.

Бір күні Марал әулие бүкіл елді тамақ беруге шақырыпты. Ығы-жығы жиналған халық «Өзі кедей, жұртқа не берем деп шақырды екен»,-деп таңданыпты. Содан тойшыл халық ишан үйіне келгенде олар ортада іші бос, бірақ отқа асулы 10 тайқазанды көреді. Сонда аң-таң болып тұрған жұртқа Марал баба қарап тұрып, біршама уақыттан кейін екі қалпесін бір жаққа жұмсайды. Көп ұзамай екі жігіт халықа алдына 200 киікті айдап әкеліпті. Бағудағы мал сияқты иіріліп бір жерге тұра қалған киіктерді көрсетіп тұрып Марал ишан келген жұртқа:-Осыларды керегінше сойыңдар. Керегінше асып жеңдер, бірақ сүйегін кемірмеңдер,-депті. Жұрт ішіп-жеп болған соң, әулие: -Манадан бері жейтін шөбіңе, ішетін суыңа риза бол. Аллаху акбар!–деп бата берген екен, киіктер дастарқан үстінен өріп-өріп жүре беріпті. Соңынан бір теке ақсандап жүре алмай қалыпты. Сөйтсе, киік етін жеген біреу абайламай киіктің бақайшағын мүжіп қойған екен. Марал баба ақсақ киіктің қасына барып, арқасынан сипағанда әлгі киік секіре жөнеліпті.

Марал баба Сыр бойына келген соң жергілікті халықты Ислам діні жолына түсуге насихаттап, бір жағынан сауатын ашып, мәдениетін көтеруге көп еңбек сіңіреді. Ол осы атыраптарда 7 мешіт-медресе салдырады

Бірде, кете руының бір адамы Қарақұм жайлауынан қайтып келе жатып, атын шылбырына шұбатып қойып, түзге отырыпты. Елеңдеп тұрған семіз күрең иесінің қолы босамай жатқанын сезгендей шаба жөнеліпті. Апыл-ғұпыл атының ізінен жүгірген жолаушы қара көрмей қалады. Елсіз, сусыз жапан дала, түнімелік қасқыры жаудай иек мекен. Жолаушы атты қуа-қуа әбден сілесі қатады. Жаны қысылған шақта ол: «Марал ишан! Сарт болып кетпесең құтқара гөр!»-деп бар дауысымен айқайлапты. Сол мезет ол көз ұшында сексеуіл түбіріне шылбырынан оралып, байланып қалған атын көреді. «А, Құдайлап» атына мініп, жолдан бұрылып, Марал ауылына соғыпты. Сонда Марал ишан: -«Міне, мынаны көрдің бе, атың осыған байланды ғой»,-деп көйлегінің жағасын ағытыпты. Мойнын аттың шылбыры ысқылап, қып-қызыл ғып тастаған екен.

әулиелік атақ-даңқы Сыр мен Қырға жайылған Марал ишанды көре алмаушылар да болыпты. Атақты әнші Жаяу Мұсаның атын алып қойып, өзін жаяу аттандырған Арқадағы арғын руының атақты шонжарлары Мұса мен Шеген Шормановтар Марал ишанға: «Біздің өз әулиеміз бар. Сен әулие емессің, сиқыр жасайсың, егер әулие болсаң кереметіңді көрсет. Әйтпесе бұл арадан көшесің»,-деп қысым көрсетіпті.

-Сонда, мен не көрсетуім керек?-депті Марал.

-Сені қырық түйеге артылған сексеуілдің астына жатқызып өртейміз, содан аман шықсаң ғана біз сені әулие деп мойындаймыз,-депті Шорман ұрпақтары. Бұл оқиға Сырымбет тауының «Мыңбұлақ» маңайындағы «Тескен су» деген жерде болған екен. Төбедей қырық түйемен жиналған томардың астына жатуға ыңғайланған Маралға, қалпелері:-Жоқ тақсыр, біз жатайық, егер сізге олай-бұлай жағдай болса, біздің қолымыздан ешнәрсе келмейді. Ал, бізге бірдеңе болса, сіз жәрдем етесіз»,-депті. Сонымен, үйілген томардың астына Тұрғанбай, Төртқара атты қалпелер жатады. Оларды отқа өртеп жатқанда Марал Сарыбауыр арғымағымен жанған оттың үстіне 40 аршын биіктікте қалқып тұрған. Үйілген томар жанып біткен кезде әулие дауыстап, қалпелерінің атын атап: «Тұрыңдар»,-дейді. Сол уақытта күл арасынан отқа түскен қалпелер аман-есен шыға келеді. Отты айнала қоршаған қожа, молда, төре, би-шонжарлар «Астағфираллалап» жағаларын ұстапты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.