Сәмбі талдың саясы (детектив)

0 981

Тас зауытының жол жиегінде тұрған күзет күркесі Жексеннің жұмыс орны. Зауыттағы бүткіл темір-терсек, көліктерді бір сағат сайын тексеріп шығуға міндетті. Және түн баласы кірпік ілуге болмайды. Осыдан басқа алып бара жатқан жұмысы жоқ.
Темекі тұқылын жерге тастап қара бәтіңкесімен мыжғылап тастады. Кеше ғана жаз секілді еді, көзді-ашып жұмғанша күз де жетіп үлгерді. Күздің салқын ызғары жекетінің жағасын қағып тұр. Кенет жолдың арғы бетіндегі көше шамы астынан әлдекімнің қарасы бұған қарап тұрғанын байқады. Демі тарылып, бойын үрей билей бастағандай. «Мына, қара неге сонша шүйлігеді-ей», — деді тыжырынып. Ол да көзін бұдан аударатын емес. Сәл жақындап жүзіне анықтап қараса бір жерден көрген сияқты. Он сегіз жасар бозбала тақылеттес. Бейтаныс Жексеннен көз аудармай аз-кем аялдады да бұрылып жөніне кетті. Бойы – тік, жүрісі – нық. «Неге сонша жүрісі суыт, әлде біздің ауылдан келген, жұмыс таба алмай жүрген жастардың бірі болды ма екен?» деді ауылдағы құрдастарының балаларын көз алдына елестетіп. Осыны ойлады да түнерген аспанға тағы бір көз тастап, күркесіне еніп кетті.
Осы апта аяғында Жексен аздап сергуді ұйғарып, сыраханаға барса халық тола, ығы-жығы. Ортадағы орындыққа отырып бір саптыаяқ сыраға тапсырыс берді. Дастарханда құрт, кепкен балық молынан тұр. Құрттың бірін алып сора бастады. Кенет, арғы бұрыш жақта, терезеге жақын кеше күзет маңынан байқаған бейтанысты тағы көрді. Ол да сыра ішіп ойы аулақта өзімен-өзі отыр. «Мына қара басқыр, мені аңдып жүргеннен сау ма?», — деп ойлады Жексен. Орнынан атып тұрып қасына барғысы, сойы кім, не істеп жүргенін білгісі келді. Бірақ ерінді ме, әлде енді тұра бермекші болғанда даяшы сыра әкеліп қалды ма, не керек орнынан қозғалған жоқ. Осылай өз ойымен өзі боп отыра берер ме еді, әлгі жас түрегелмегенде. Үстінде былғары күртке. Аяғында саптама етік, джинсы шалбар, шашын артқа майлап тараған. Ызғар шашып тұрған көзі кенет бұны шарпып өтті. Қалың қасы мен қыр мұрыны, сопақ басы, жұқа ерні, бәрі – таныс. «Мынау шынында біздің ауылдың баласы» деген оймен Жексен қасынан өте берген оның қолынан шап беріп ұстап алды. Әлгі жас бұнысын шыбын шаққан құрлы көрген жоқ. Басын еріне бұрып «не болды» дегендей суық қарап тұр.
–Әй, сен өзі кімсің? Біздің ауылдың баласысың ба?
Балада үн жоқ мелшиіп қарады да қойды.
–Бәлкім, ағам бар деп пана көріп кеп отырған шығарсың? Көмегім қажет болса айт, қолдан келгенін аянбаспын, – деді Жексен шын көңілмен.
–Иә… Қалаға өмірімнің тас-талқанын шығарған адамды іздеп келдім. Менің бұндай сорлы өміріме сол жан кінәлі. Әйтпесе, менде нендей армандар бар-тын. Мақсат-мұраттарым қаншама еді. Бәрі бір-ақ күнде жермен жексен болды. Қарғыс атқыр, сол әпенде қолыма түссін, оңдырмаспын, – деді тістеніп. Жексен оның от қарып тұрған жанарына жасқана қарап, «жас та болса салмақты екен. Үлкенмен қалай-қалай сөйлеседі өзі?! Дөрекілігін қара, мұрынбоқтың», – деп ойлап үлгерді.
–Әй, інішек, не деп шатып тұрсың? Өміріңді құртқан адамды іздеп жүр екенсің, несіне мені айналсоқтайсың? – деді ызбарланып.
–Сен сол адамға ұқсайсың, – деген жас білегінен ұстап тұрған Жексеннің қолын қағып, дереу есіктен шығып кетті.
«Мына баланың шынында есі ауысқан. Кімнің баласы болуы мүмкін. Кімге ұқсайды? Бір жерден көргем… Қайдан көрдім?» деген оймен тырнағын тістеп, ақыры есіне түспеген соң, «құрып кетсінші» деді де сыраны шыңыраудай көмейіне сылқита төңкеріп жіберді.
*
Қай бір күні «әне тағы келді, мына сотқар», – деді өз-өзіне сыбырлап, терезенің ар жағында көше шамы астында малмаңдай су боп тұрған бейтанысқа қарап. Терезедегі жаңбыр айғызына қарамастан «Сені жақсылап суретке түсіріп алайын. Міне, осылай», — деді қарауытқан бейнені телефон камерасына тартып.  «Сен кіммен, нендей ойын ойнағаныңды білмейді екенсің. Әкеңді танытайын», – деп бар батылдығын бойына жинап, есікті ашты. «Бүгін, әлде ешқашан», – деді Жексен бұл жұмбақтың шешімін таппай сілікпесі шыққанына жыны ұстап. Бейтанысқа қарай тұра жүгірді, анау болса, орнынан тапжылатын емес. Құдды бір келгенін алдын ала күтіп тұрғандай. Жексен жүгіріп келе жатып, «мынау өзі қандыкөз қанышер болмаса етті. Қорқатын түрі жоқ қой», – деді жүгірісі жақындай бере баяулап. Бірақ, қателескен екен, жете бере әлгі жас қаша жөнелді. Оның қашқанын көрген Жексен кәдімгідей батылданып, даусы жарқын шыға, жылдамдығын үдете түсті.
–Бермен кел, иттің баласы. Сен өзі кіммін деп тұрсың?
Бірақ жастың аты – жас, жылдам жүгіргені сонша қара үзіп кетті. Бұл шырамытып дыбыс аңдып отырып, әйтеу ізінен қалмай келеді. Кенет бозбала ескі-құсқы үйлердің арасына кіріп жоқ боп кетті. Бұл бұлай қуаласа, ол олай қашып, басқа бір бұрыштан жылт етіп қылаң беріп, қайта ғайып болады. Екеуі баладай қуаласпақ ойнап жүрген іспетті. Не керек, білек сыбана шындап кіріскен Жексен бәрібір қайтпады. Ара-арасында жауыннан ішек-қарыны шыққан батпаққа бір-екі мәрте тайып жығылғаны бар. Сонда да қалысатын емес. Бір уақта құрғыр темекі түтініне бөккен өкпесі өшіп, кеудесі сырылдай бастады. Тізесіне қолын сүйеп, еңкейе ырсылдайды. Бейтаныстың кеткен ізін нысана ғып тұр. Тыныстап қайта жүгірмекші. Жан-жағын барласа қалың жыныс ішіне тап болған. Қарауытқан ағаштардың әрбірі жапырақ-құлағын қалқайтып әлгі бозбалаға ұқсап, «қайсысы менмін» деп бұны мазақ етіп тұрғандай. Бірақ әлгі бейтаныстың қай бағытқа қарай қашқаны белгілі. Сол ізден жаңылмаса болғаны, түбі қолына ілігер деп ойлаған Жексен өкпесін қолына алып қомпаңдай жөнелді. Қанша уақ жүргені белгісіз, тоқтамастан жүре берді. Қалың жыныстан шыға бере шет жақтағы кішігірім  алаңқайда, сәмбі талдың маңынан бір қара көзге ілінеді. Жақындай бере анықтап қараса майдалап жауған жаңбырға қарамастан әлгі бейтаныс жер қазып жатыр. Бұл келем дегенше біршамасын да қазып қойған. Езіліп жатқан жерге үштік күрегін қадап, ауыр топырақты бір шетке лақтырып жатыр. Оның бұл ісін жасырып, қорғаштағандай сәмбі талдың шыбық-жапырақтары қалқалап, төгіліп тұр. Ал әлгі бейтаныс біреу-міреу көріп қалады-ау деместен, жерді қазған күйі қаза берді. Жексен не жақындап барарын, не бармасын білмей екіұшты ойда тұр. Қорқып тұрғаны анық. Ақыры есіл еңбегім еш кетпесін деді ме, оған қарай жақындай бергені бекер екен, әлгі бейтаныс талдың діңгегіне сүйеніп сұлық жатқан тағы бір қараны сүйрей жөнелді. Жексен қайтадан орнында қатты да қалды. Аяғы не артқа, не алдыға қозғалатын емес. Әлгі марқұмның түр-әлпеті түк көрінбейді. Қою түннің жасырғаны аздай, бет-жүзін жаңбырға шыланған батпақ басқан. «Енді түсінікті болды», – деп ойлады Жексен мына көрініске қарап тұрып. «Мына, бала ауылдан кек қуып келген екен ғой. Алдында бір жолығысып қалғанда: «Қалаға өмірімнің тас-талқанын шығарған адамды іздеп кеп отырмын. Менің бұндай сорлы өміріме сол ғана кінәлі. Сол әпенде қолыма түссін, оңдырмаспын», – деген еді, демек іздегенін тауып,  оны өлтірген болып тұр ғой. Бірақ… менің не қатысым бар?», – деп ойлады ол осының бәрі шынында өз басынан өтіп жатқанына сенер-сенбесін ұқпай.
Бейтаныс шұңқырға өлікті әкелген соң барып қана Жексен кеудесіне сұғылған пышақты аңғарды. Бозбала мәйіт кеудесінен пышақты суырып алғаны мұң екен, қып-қызыл қан жуған қанжар жүзі көрінді. Ол қанжардағы қанды мәйіттің қара жейдесіне сүртті. «Мынау барып тұрған қандықол жауыз екен ғой», – деп күрсінді Жексен қол-аяғы қалтырап.  Қылмыскер қан жуған қанжарды қайтерін білмей ары-бері ойланыңқырап тұрды да бағанадан бері бұған тесіліп тұрған Жексенді енді аңғарғандай, пышақты «мә, сен ал», — деп бұған ұсынды. Жексен болса «жоқ» дегендей басын шайқай артқа шегіншектеп барып, жығылып қалды. «Мені де қазір өлтіреді» деп ойлағаны бекер екен, ол қанжарды аз-кем ұстап тұрып, «алмасаң қой» дегендей қабір ішіне тастай салды. Марқұмды шұңқырға аяғымен итеріп еді, өлік ауыр болса керек, орнынан бір елі қозғалған жоқ. Амалсыз ауыр дененің қолтығынан ұстап шұңқырға тастап жіберді. Жансыз дене қабірге шыңырау түбіне түскен тастай, аулақта атылған оқтай, сыбдыр еткен жапырақтай құлап түсті.  Күректі қайта алып, қабірді көме бастады. Кенет тоқтай қап Жексенге салқынқанды дауыспен:
–Қарап тұра бересің бе, солай, әлде көмуге көмектесесің бе? – деді күректі бұған ұсынып тұрып.
– Жауы-ы-з! – деді Жексен көзінен жас аға, айқайлап. Даусы жарықшақтанып зарлы шықты, – не үшін өлтірдің мына бейбақты, не үшін?
–Оны жалғыз мен емес, екеуміз өлтірдік. Сен және мен. Біз сыбайласпыз, – деді ол көзіне түскен кекілін артқа қайырып.
–Не деп шатып тұрсың? Оны өлтірген сенсің! Қанішер! – деген Жексен енді одан қашпақ боп, артқа шегінді.
–Сен де өлтірдің. Бірге өлтірдік, – деді әлгі дауыс сонда да соңынан қуалап қалмай. Қашып келе жатып артына қарауға дәті бармай, шарасыз ғана көз қиығын салса – ешкім жоқ. Қаша берді. Жұмыс орнына емес, үйіне қашты. Соңынан әлгі бейтаныстың өзі болмаса да жаңғырған үні қуалап келеді: «Біз сыбайласпыз… Сен және мен». Үйіне келе сап, есік-терезені бекітті де, дірдек қаққан күйі көрпеге оранып жата қалды. Көргенін ұмытқысы келді, сол үшін де ұйықтау керек. Көзін барынша тас қып жұмып алды.  Алайда үйіне әлгі қылмыскер суық қанжарын көше шамына жалт еткізіп кіріп келетіндей. «Не істеймін», «қайтем» деп сандырақтап жатып ұйықтап кетті.
Таңертең әлдекімнің есікті қайта-қайта ауыр соққан гүрсілінен шошып оянып, төсектің бір бұрышына мысықтай жиырылып отыра қалды. «Бейтаныс келді, мені өлтіреді», – деді ойын дауыстап айтып. Даусы қорқынышты шықса керек, есік қаққан дыбыс бір сәтке тына қалды. Кенеттен қайта ұра бастады. Аңғарса өзіне таныс кісі үні есік артынан құмығып естіледі.
–Аш деймін есікті. Орныңды тастап кеткенмен қоймай, ұйқының жоспарын орындап жатқаныңа жол болсын. Күркеде ұйықтасаң ешкім ештеме демейтін еді ғой. Бастық білсе бәрімізді жазалайды, – деген Нұғыманның ашулы, ренжулі, сонда да жанашыр даусы есіктен талып әзер естілді. Жексен кешегі көргенім өңім бе, түсім бе дегендей бөлме ішіне көз тастады. Күн нұрына шомып тұрған бөлмедегі кереге, жиһаз бәрі де әлдебір жан тыныштығына шақырған әуезге ұйып тұр. Осы бір көрініске қарап – әлемде зұлымдық атаулы атымен жоқ, өмір – бақ пен берекеге толы жерұйық мекен деп ойлағандайсың. Кешегі көргені ешқандай түс емес екенін өне-бойына дымқыл киімнен сіңіп қалған суықты сезгенде, үстіне жұққан батпақты көргенде, бір-ақ аңғарды. Әлгі күн нұрына шомып тұрған әсем табиғат көрінісін жан-дүниедегі түнек, жүректегі күреңдік оп-оңай басып қалады екен-ау. Демде-ақ бөлме іші қарауытып, сұрықсыз бейнеге ене қалғандай болды. Есіктегі тоқылдақ дыбысқа тіл бітсе: «Досым, сен себепсіз жұмысты жарты жолда қалдырмайтыныңды білем. Есікті аш. Одан да бәрін ашық айт» дегендей жалыныш бар ма дерсің. Сонымен қоса, «ашпасаң қазір қиратам» деген ашу да білінеді. Ол есікке ауыр адымымен жақындап барып, ақырын ашты.
–Сенің есің ауған ба? – деп ашу шақырып бөлмеге кіріп келген Нұғыман Жексеннің түр-тұрпатын көріп, аңтарылып орнында қақшиды да қалды. Өне-бойын көзімен шолып шықты, – Пақыр-ау не болған саған? Біреумен төбелескеннен саумысың? – деді көзі шарасынан шыға жаздап. Суық денесіне сіңгені сонша жаурағандікі ме, әлде түнгі елес әлі бойдан тарамағандікі ме, қалшылдап тұр.
–Бәрін айтып берем, кел отыр, – деді орындықты нұсқап. – Киім ауыстырып алайын, әйтпесе тоңып барам.
–Өй, жұмыста у-шу болып. Басқа жігіттер сені бастыққа жамандамақшы болып еді, оларлың аузын бір шиша арақпен жаптым. Әйтеуір бастыққа жеткіздірмей сені іздеп келген бетім еді. Енді, тағатымды тауыспай тез-тез айтсаңшы?
Жылы киім киген Жексен оған кеше түнде  бас-аяғы не болғанын айтып берді. Аңырайып, өз құлағына өзі сенбей тұрған Нұғыман:
– Мұнда бір гәп барын мен білгем. Барып тұрған маньяк десеңші. Ондайларды түрмеде шіріту керек. Сонымен қоймай сені бопсалағанын қарамайсың ба. Милицияға барайық, бәрін бүге-шегесіне дейін жеткіз. Бүгін-ақ тұтқындалады ол сотқар.
–Бір түсінгенім ол ауылдан кек іздеп келген. Анау пақырды да сол үшін өлтірді. Екеуінің де кім екенінен бейхабармын. Полицияға не де болса ертерек барайық. Әйтпесе, ендігі кезек маған келгендей…
*
Кексе, етжеңді, қияқ мұртты, көзі нұрсыз тергеуші Жексеннің басынан өткен түнеукүнгі уақиғаны сөзін бөлместен мұқият тыңдап шықты.
–Уайымдамаңыз, біз қазір-ақ бұл істі қолға аламыз, – деп мәселе шешіп үйренген әдетпен, алдындағы қағазға бір белгі түртіп қойды. Сосын сымды қара телефонды алып:
–Бағдат, жігіттерге айт, шамамен мына адреске бару керекпіз. Қойлытоғай 72… Иә-иә… Жәбірленушінің айтуынша сол төңіректе. Әлгі ескі-құсқы нысандардың маңы. Хаттаманы да дереу толтырыңдар, – деді де телефон тұтқасын шараптан босаған стақанды үстелге ұрып қойғаны тақылеттес тарс еткізді.
–Ал мырзам, арыз дайын болса, маған беріңіз, – деді Жексен толтырып болған арызды қолына алып, – дереу оқиға болған жерге баруымыз қажет, – деді де сырт киімін киіп, бөлмеден шыға жөнелді. Оның айтқандарын түсіну былай тұрсын, толық та болса шапшаң қозғалғанына ілесе алмаған Жексен мен Нұғыман жас балаша қипақтап тергеушінің соңынан ілесе жөнелді.
–Полицей мырза, менің қояр сұрағым бар, – деді сасқан Нұғыман ойы шашырап.
–Сіздерге қайталап айтам, тергеуші Артығали.
–Иә, кешірерсіз… Мені зауытта жұмыс күтіп тұр, бара берсем бола ма?
–Әрине, сіз бізге қажет емессіз, – деді тергеуші оның бетіне қарамастан.
Жексеннің құлағына Нұғыман: «Кешке хабарласайық. Орныңа күзетке Қуат, болмаса өзім шығамын. Жұмысқа алаңдама», – деді қоштасып тұрып. Жексен селқос басын изей салды. Алдағы іс барысы қалай болатынына қобалжып тұрғаны белгілі.
Полиция қызметкерлері оқиға орын алған жерге тап келді. Түк болмағандай сәмбі ағаш жапырағы желге тербеліп тұр. Қылмыстың негізгі куәгері де осы – сәмбі талы іспеттес.
–Қылмыс нақты қай жерде орын алды? – деді тергеуші сұқ саусағымен алаңқайды нұсқап.
–Мына жер, иә… дәл осы жерде, – деді Жексен. Түнгі жауыннан езіліп жатқан топыраққа түрлі құрылғыларын қойып, милиция қызметкерлері әр жерді тінтіп, өлшеп көріп жатыр. Бұл үдерістің қанша уаққа созылғаны белгісіз. Біраздан соң:
–Жігіттер сіз нұсқаған тұсты тексеріп көрді. Бірақ, жер қазылмаған. Жаңылысқан жоқсыз ба? Мүмкін басқа жер болар?
–Жоқ, дәл осы жерде. Түн болғанына қарамастан нақты есімде. Тура осы жерге көміп жатқан-ды, – деді Жексен өзіне сенбей жатқанына шамданып.
–Дұрыс қой, бірақ бұл жерде ешбір із, белгі де жоқ. Жарайды қылмыскер барлық айғақтың көзін жойды делік, бірақ қазылған, көмілген топырақ – анық дәлел болар еді. Менің не айтып тұрғанымды түсініп тұрсыз ба? – деді тергеушінің маңдайындағы әжім ұлғая түсіп.
–Сіздерге айтып тұрмын, неге сенбейсіздер, мына жерде, – деді екі метрге қоршалған жер таспасын аттап өтіп, топырақ үстіне секіріп, – осы жер, міне-е-е, – деп қолымен аяқ астын шұқи берді. Милиция қызметкерлері ұлардай шулай жөнелді.
–Таспадан аттағаныңыз не?
–Не сұмдық мынау, бері өтіңіз?
–Айғаққа кедергі келтіріп жатырсыз, – деп бәрі жан-жақтан жамырай түсті. Шыдамы таусылған Жексен қалай милиция қызметкерлерін сендірерін білмей дал болды.
–Мені өтірікші деп ойлайсыздар ма? Рас,  топырақ құнары қазылмағандай боп тұрғанына мен де таңмын. Бірақ, адамнан айла артылған ба, құдай үшін қазып көріңіздер, сонда көздеріңіз жетеді. Себебі мен кешегі жәйтке мына қос көзіммен куәмін. Әгәрәки мен айтқандай болмай шықса, көзімді ойып алыңдар, – деді жасаураған жанарын көрсетіп. Оның бұл сөзі иланарлықтай болды ма, не керек  аға лейтенант Артығали басқаларға қарап:
–Жерді қазыңдар, – деп бұйрық берді. Бұйрықтың аты – бұйрық, жабыла жер қазылып жатты. Жердің қаттылығы сонша, бұл топырақ ешуақытта қазылмағандай. Аға лейтенант осыған қарап тұрып, «босқа уақыт өткізіп жатқан жоқпыз ба» деп ойлап та үлгерді. Ойлағаны сол екен, бірінің даусы жарқын шықты.
–Мәйіт табылды, – деді. Қабір толық қазылып өлікті сыртқа алып шықты. Қу сүйектен басқа ештеме жоқ. Тоттанған қанжар және шықты. Бұл көрініске қайран қалған милиция қызметкерлері Жексенге дүдәмалдана қарайды. Жексеннің өзі де түк түсінетін емес. «Қалай болғаны? Кеше көмілген өлік, қалайша бір күнде шіріп кетеді?», – дейді іштей таңданысын жасыра алмай.
–Енді мына қу сүйекке айтарыңыз тағы бар шығар, Жексен мырза? – деді тергеуші Артығали қабағы қатуланып, мұнда бір жасырын жұмбақ барына иланғандай, – асықпаңыз, бөлімшеге барған соң түсіндіре жатарсыз.
Бұлар кеткен соң да қабір айналасында күнұзақ зерттеулер жүргізілді. Ал табыттағы сүйектің кім екенін, қайда, қашан өлгенін білу үшін арнайы сараптамаға жіберілді. Аяқ асты полиция бөлімшесі қызу жұмысқа кірісіп кетті. Мынандай жаңалықты естіген БАҚ-та айтулы оқиғаны күндіз-түні көрсетіп жатты. Ендігі жаңалықтарда Жексен өзінің аты аталып, осы оқиғаның нақ себепкері екеніне қуанып та қалғандай. «Мені жаңалықтан көрсетіп жатыр. Шіркін, алыстағы қарындасым да көрер ме еді… Көрген де шығар. Мені мақтан етіп жатқан шығар» деп қиялға ерік берді Жексен.
–Сіз әзірге ешқайда да кетпейсіз. Бәрі анықталып болғанша полиция бөлімшесінен бір адым аттамайсыз. Бұл сіздің қауіпсіздігің үшін өте маңызды, – деді аға лейтенант бума-бума қағаздарын пәпкі ішіне салып жатып.  Осы аралықта белгілі мамандар оның қолынан қан, саусақ ізін алды. Әрі психолог келіп әр түрлі сұрақтармен миын мыңға, санасын санға  бөлді.  Күн өткен сайын Жексеннің де ығыры шыға бастады. Ал әлгі қылмыскер бейтанысты сол оқиғадан соң еш көрген жоқ. «Енді ше, анандай қылмыстан соң мені аңдып полиция бөлімшесіне жақындай  алмас» дейді масаттанып. «Ерте ме, кеш пе қолға түсерсің, бәлем», – дейді өзді өзі миығынан күліп. Бірақ, әлгі мүрдені, топырақты ойлап басы қатты. «Қалай?» деп өзіне осы сұрақты мың қайталап қойса да жауап таба алатын емес.
–Бізге қылмыскердің бет-бейнесін суреттеп беріңіз, – деді компьютер алдында отырған көзілдірік таққан бадырақ көзді жігіт. – Сол арқылы біз оның фото-роботын жасаймыз. Сонсоң бүкіл әлеуметтік желіге таратып, көрген-білгендер арқылы түбі тұтқындаймыз. Бет-пішінінен байқаған ешбір деталь ұмыт  қалып кетпесін, – деді Жексенге оның суреттеуі өте маңызды екенін аңғартқандай.
–Шамамен 18-19 жастағы бозбала. Шашы қалың, ылғи гелмен артқа қайырып жүреді. Көзі қысыңқы, қой көзді. Қарасы суық. Мұрыны – бүркіт тұмсық. Сопақ бас. Бойы шамамен — 1.80см, сұңғақ, арық. Салмағы 60-65 арасы болса керек. Қара торы. Еріні жымыңқы, жұқа. Тағы не бар? Ә, құлағы кішкене ғана, шашынан бар-жоғы білінбейді де, – деді басқа тағы не қосарын ойланыңқырап. –Былғары күпісі қатты есімде қалыпты. Ертерек тапсаңыздар екен. Оның келесі құрбаны мен болуым әбден мүмкін, – деді оның түр-әлпетін көз алдына елестетіп, қол-аяғы дірілдеп.
Бірнеше күн өткен соң Жексенді аға лейтенант Артығалидың шақыртуымен екі милиция жетектеп кабинетіне алып келді.
–Ал, қылмыскер табылды, іс жабылды, – деді тергеуші алдына пәпкәні лақтырып, креслосына шалқая отырып.
–Рас па? Құдайға шүкір, – деп Жексен иінінен ауыр бір жүк түскендей терең тыныс алды, – өмірім үшін қауіптеніп едім. Маған сонша шүйлігіп еді әлгі жүгермек. Сауап болған.
–Қылмыскерді ұстап, тұтқындау қиын болған жоқ. Оны табуға көмектескен сізге алғысымыз зор, – деді аға лейтенант. Десе де бет әлпетінде бір мысқылдың нышаны бар.
–Ол қазір қайда? – деді Жексен көруге ынтығып.
–Қарсы алдымда отыр, – деді тергеуші Артығали бұған қатуланып. Жексен жан-жағына қарап, не айтып тұр дегендей түсінбей дал, – қылмыскер дәл алдымда отырған, мына – сіз. Біреу-міреу: «өзіңді өзің ұстап беру қандай болады осы», — десе, сіздің оқиғаны айтып беру керек болады. Білмеймін, бұл қадамға не үшін бардыңыз, – деді қияқ мұрт тергеуші сұқтана қарап.
–Мені қылмыскер деп айтуға қалай дәтіңіз барады, тергеуші мырза. Мен алдыңызға әділдік іздеп, бас сауғалап келген жанмын. Ендіге, қылмыс ашылмаған соң, абыройларыңыз айрандай төгілмесін деп жәбірленушінің өзіне жаба салмақсыздар ма? Міне, біздің дамып жатқан сиқымыз. Барып тұрған сорақылық! – деді ашынып кетіп.
–Асықпаңыз, – деді тергеуші темекісін тұтатып, – бүгін өзі ауыр күн болды. Терезені ашшы, қапырық боп кетті, – деді аяқта тұрған милицияға бұйырып. Терезе ашылған соң кабинетті күздің қоңыр салқын ауасы демде қармап алды. Тыныс ашылғандай тергеуші терең тыныс алды да сөзін жалғастырды.
– Жексен Мұратұлы – 1974 жылы Жарық-Күн ауылында туып өстіңіз. Дұрыс па? – деді аға лейтенант қағаздан басын көтеріп Жексенге қарап. Ол басын изесімен аға лейтенант сөзін жалғады, – әке-шешеңіз ерте жастан қайтыс болған. Сіз бен қарындасыңыз нағашы аға-жеңгеңіздің қолында есейдіңіздер. Мектепті тамамдай салысымен Қарағандыға медициналық оқуға түстіңіз. Бірақ, оқуды тастап, қарындасыңызды алып осы қалаға келдіңіз. Өзіңізден екі жас кіші қарындасыңыз Жамал Мұратқызы оқуға түсе алмай, «Дархан» кафесінде даяшы боп қызмет етеді. Дұрыс па?
–Иә, – деді Жексен өзінің өмірін өзге біреу кітаптан оқып отырғандай тәптіштеп отырғанына таңырқап.
–Осы жерде мынаны қоса кетейін. «Дархан» кафесі кешегі қылмыс орын алған жердегі тастанды, ескі ғимараттың бірі. Дархан кафесі мен мүрде арасы 563-ақ метр. Қылмысты жасырып тұрған тоғай тағы бар. Яғни, мұнда нендей сабақтастық бар, Жексен мырза?
–Білмеймін…
–Хо-ро-шо, онда ары қарай кеттік. Енді мүрдеге келсек; Сараптама бойынша өліктің кім екені белгілі болды. Отыз жылдан бері хабар-ошарсыз жоғалған – Мадияр Пірімқұлдың мүрдесі болып шықты. Отыз жыл бұрынғы іс қағаз жұмысын ақтарып қарасақ, көргендердің айтуынша ол соңғы рет  «Дархан» кафесінде болған екен. Ал сіз қарындасыңызды үйге алып кету үшін күнде түнгі 1:30 «Дархан» кафесіне келетінсіз… – деді Жексенге қалай әсер ететінін бақылап, – мұнда қандай байланыс барын сіз ғана білесіз. Сіз кеше суреттегендей расында мүрденің кеуде тұсына пышақ сұғылған. Пышақтан сіздің саусақ ізіңіз табылды. Ал сіз кеше, «мен ол жерге жақындамадым» деп басыңызды ала қаштыңыз. Міне, ғылым отыз жыл алдыңғы қылмысты ашып отыр. Демек, сізді ол жерге алып барған әлгі сіз айтқан жас жігіттің суретін көргіңіз келеді ме? – деді Жексеннің жауабын күтпестен оның алдына фотоальбомды лақтырып жіберіп. Жексен шүңірейген көзімен өзіне таныс альбомды дірдектеген саусағымен әзер ашты. Қараса, кешегі бейтаныс бозбала.
–Сіз жастық шағыңызда келісті-ақ жігіт болған екенсіз, – деді аға лейтенант. Жексеннің көз алдында жер айналып, аспан төңкеріліп бара жатқандай болды.
–Жо-жоқ, бұл әлгі қылмыскер, мені де өлтірейін деп жүрген осы жігіт, – деді даусы дірілдеп, көзі мөлтілдеп.
–Альбомды жақсылап ақтарыңыз. Иә, анау қарындасыңыз екеуіңіз, ал анда аға-жеңгелеріңізбен түскен сүгірет.
Көптеген суретте Жексен әлгі бейтаныстың үстінен көріп жүрген былғары күпіні тағы байқады.
–Бұл суреттерді біз сіздің пәтерден, сандық ішінен таптық. Ашылмағанына да ширек ғасыр болған секілді. Іші тола – шаң, кір. Үйіңізді кішкене таза ұстасаңыз етті, – деді аға лейтенант Жексеннің өз суретін енді көргендей таңқалып отырысына ол да таңданып, – әрі-беріден соң сіз бізді тоғайға ертіп барған жолда сіздің аяқ ізіңізден басқа ешбір іздің қарасын таппадық. Жаңбыр қанша төпелеп тұрса да мамандардан айла артылған ба. Жол бойындағы камерадан байқасақ өзіңіз бен өзіңіз құлап, жын ұрғандай жүгіріп барасыз. Сіздің қай бір күні сыраханада отырғаныңыз бейнебаян таспасына жазулы, сонда байқағанымыз мынау болды: Отырған жеріңізден ауаны қармана, бостыққа қарап өз-өзіңізбен тілдесіп тұрдыңыз. Жан-жағыңызда адамдар не боп қалды деп таңырқап тұрғандарына да мән бермепсіз, – деді аға лейтенант  асықпай, аптықпай дәлел толы құжаттарды саусағын түкіріктеп парақтап отырып.
–Сосын телефоныңызға қылмыскердің суретін тартып алдым дегеніңіз де өтірік. Телефоныңыздағы сурет анық көрінбесе де арнайы мамандарға тексерттік. Ешбір адамның қарасы жоқ.  Ал енді мына қағаздарда болса психологтың сараптамасы. Мұнда не жазылған екен, қане, көрелік, – деп қағазды парақтай бастады.
Жексен суреттен басын алып, тағы не пәле болды екен дегендей, бірақ алғашқыдай емес, мойынсұнған, жүні жығылған кейіпте аға лейтенантқа құлақ сап тыңдап отыр.
–Психолог мамандардың айтуынша, сіз шизофриния ауруымен ауырады екенсіз. Демек, отыз жыл алдын жасаған қылмысыңыздың жария болуына осы ауруыңыз себеп болып отыр. Мұны мамандар ішіңізде тұншыққан ар мен өкініштің мазалауы деп жатыр. Не де болса қылмыстың аты – қылмыс.
Жексеннің көз алдына өткен өмірі елестеп, бәрін енді ұққандай, енді түсінгендей күйде отыр. Жылағысы келді, бірақ өмірі көзден жас ақпаған соң ба, шері шемен боп қатып қалған.
–Енді осының бәрін сабақтастырсақ, туындаған сұрақ мынау: «Дархан» кафесі, марқұм Мадияр, қарындасыңыз, сіз және сәмбі талы. Мұның бәрін байланыстырып тұрған не? Қылмыстың орын алуына не себеп? Неге Мадияр Пірімқұловтың жанын қидыңыз? – деген аға лейтенанттың таңданысын жұмыс үстеліне шынтағын тірей, тесіле қарағанынан білуге болатын. Жексен көзін қайда аударарын білмей, шашыраған ойын бір ретке келтіре алмай біраз отырды. Сөйлейін десе тұтыға береді.
–Асықпаңыз, мүмкін шәй, кофе ішерсіз?
–Су болса.
Полицей тарапынан стақанға құйылып жатқан суға қарап көз алдына сол бір күзгі жауын елестеді: Шелектеп жауған жаңбыр астында «Дархан» кафесіне келе жатқан беті болатын. Қарындасының жұмыс уақыты аяқталуға шақ қалған. Алайда кафеге кіріп барғанда қарындасы орнында жоқ болады. Сонда жүрегі аттай тулағаны есіне көлбеңдеп түсе берді.
–Мырзам, не болды ұйықтап қалдыңыз ба? Біз сізді күтіп отырмыз?
–Сол түні қарындасым Дархан кафесінде болмай шықты, – деді алдындағы стақандағы судан бір ұрттап, әзер жұтынып, –  оны іздемеген жерім жоқ. Оқиғадан алдын қарындасым бір жігіттің оған қырындап жүргенін айтқан болатын. Әне сөйлесем, міне сөйлесем деп жүріп, жұмыстан қолым тимей ұмытып кеткен болатынмын. Ондайда адам түрлі ойларға шым батады ғой. Сол қырындағыш жігіттен күдіктендім. Қорқынышым – қарындасымның ары болатын. Кафе асүйінен пышақты қойныма тығып алдым да тоғай ішіне қойып кеттім. Бәрі де мен ойлағандай боп шықты. Қарындасымды әлгі айуан сәмбі талдың астында зорлап жатты. Қол-аяғын қойша байлап қойған… Өтінем бұл оқиғаны қарындасым естімесін. Ол бүгінде тұрмыста, бірнеше бала-шағаның анасы. Ұйып отырған шаңырақты бұзбайық, – деді Жексен осы шындық жер жаһанға жария болуынан сақтанып, – бұндайда сіздер, басқалар қандай амал қылатынын білмеймін. Бірақ осындай жайт бола қалса өз басым өлтірем деп шешім қабылдаған болатынмын. Жан даусым шығып оған қарай жүгіріп келе жаттым. Ол жалт қарай, шегіне бергенде кеудесіне қанжар қададым. Сонда да жанымды қажаған ауыр азаптан әлі күнге құтыла алмағанымды сеземін. Әділ жазасын бердім деп ойладым. Қарындасымның қол-аяғын шешіп үйге қашуды бұйырдым. Ол айтқанымды екі етпей, алды-артына қарамай қаша жөнелді. Сол кезде ың-шыңсыз «Дархан» кафесінің артқы қоймасынан күрек алып келіп, мола қазып мүрдені көміп тастадым.  Пышақты да қабір ішіне тастадым. Жаңбыр бүткіл күнәмнің ізін жуып, жасырып кеткен. Бар болғаны осы. Ал қарындасым осы бір ауыр қайғыны ұмытайын деді ме, әлде менен ұялды ма, не керек басы ауған жақа безіп кетті… Бүгінде араласпаймыз…
–Кейін сіздің өміріңіз құрдымға кетті, солай ма? – деді аға лейтенант аузынан сөзін жұлып алғандай, – біздің білуімізше, ішкіш болып, құмар ойнап, көрінген жерге қонатын қайыршыға айналып бара жаттыңыз. Бұл соңғы жайттар бізге ежелден таныс. Тек осы соңғы бірнеше жылда ғана өзіңізді қолға алып тұрақты жұмыс істей бастаған екенсіз.
–Менің жас күнімде көп арман болған. Беделді дәрігер боламын, қоғамға пайдам тиеді, бай, мансабы жоғары жан боламын деп ойлаған ем. Бірақ, әлгі қайғылы оқиғадан соң өзімді қоярға жер таппадым. Ақыры ауру боп тынған екенмін, – деді Жексен ішкі жан сырын ашып, – тергеуші мырза мен өзіме лайықты жазаны тартуға әзірмін, – деді ақырын ғана. Бұл жолы Жексен жан дүниесінен  тыныштық сезінгендей болды. Сәмбі талдың саясына мүрдемен қатар ол келешегін, арман-мұратын бәрін бір-ақ көмген болатын. Бүгінде бәрін қайта қазып алып, үміті жаңғырғандай күйде болды. Кенет терезенің ар жағынан әлгі бейтаныс жас тағы пайда болды.
–Менің бүткіл өмірімді құрттың, жастық жалынымды сөндірдің, енді жазаңды тарт! – деді жыламсыраған 19 жасар өзі.
–Кешір! – деді Жексен терезеге қарап тұрып көзіне жас ала. Аға лейтенант «мынау кіммен сөйлесіп тұр» дегендей терезеге қарады, ешкім жоқ.
Сәмбі талдың жапырағын күздің салқын самалы әнтек қана тербетіп тұр. Төгілген шашақты жапырақтар әлдене жасырып тұрғандай. Әлде өткен-кеткенге сан мың жапырақ – сан мың алақандай қол бұлғап тұра ма!? Сан мың жапырақ – сан мың жанардай адам ізін аңдитын шығар бәлкім!?  Әлде саясына көмілген – болашақ, арман-мақсаттың дәні ағаш жапырағында жайқалып жататын болар!?
Авторы :Нұрбек Нұржанұлы

Leave A Reply

Your email address will not be published.