Адвокаттың қайырлы ісі (детектив)

0 1 287

Махмұт  туысынан көңілшек  жігіт. «Жігіттің көңілшектігі — атының соры» деген мақал тап осы Махмұт сияқтыларға  арналған.  Дегенмен,  Махмұтта ат жоқ, атан да жоқ, сондықтан оның көңілшектігі әуелі  қос аяғы мен алтын уақытының соры, одан қала берді,  әйелінің уайымы. Өзі көптен бері теміржолда жолсерік болып жұмыс  істейтін Махмұт бар жолаушының  тілін  табумен қатар, отбасылық қатынастарды да ардақтайтын сенімді азамат еді.
Солайша  өтіп жатырған күндердің бірінде ұзын жолдың бойымен   келе жатырған бұның вагонына   көршілес үйде тұратын жасы өзі құралыптас, сырттай ғана таныстығы бар бір келіншек мінді. Түр-сипаты келіскен әлгі кісінің  күйеуі жоқ екен де, жалғыз баласы өзі поезға мінген қаладағы  жоғарғы оқу орнына  түсіп, сол жердің жатақханасына орналасып қалып қойыпты. Арман қуған баласының бар шаруасын бітірген әйел өте көңілді келеді, арасында Махмұттың  қызметтік купесіне кіріп әңгіме-дүкен құрып, шәй ішті. Содан поезд өз маршрутының ең соңғы нүктесіне келіп  тоқтарда   «заттарымды үйге жеткізуге көмектессең қайтеді» деген өтінішін айтты.  Махмұт жол бойы жақсы әңгімелесіп келе жатырған  келіншектің  айтқанын екі еткен жоқ, баратын жерлері бір-біріне онша қашық болмағандықтан, жүгіріп такси әкеліп вагон аузынан оның жүктерін тиесті. Сосын вагон тапсыру  міндетін көмекші жолсерікке жүктеп, өзі  келіншекпен бірге жөнеліп кетті.         Содан он бес минуттар өткенде  Махмұт екінші қабатта тұратын  келіншектің заттарын үйіне кіргізді, және де оның «шәй ішіп кет, болса да үйіңнің адамдары жұмыста емес пе» деген ұсынысына  көңілжықпастық танытып «ендеше үйге барып киім ауыстырып келейін» деп  өз үйіне қарай жөнелді. Шаруасын бітіргесін   Айсұлудың уәделі  шәйінен  дәм тимекке   беттеді. Оның үйіне тақағанда подьезінің алдында тұрған жеңіл автокөлікке іштен жүздері таныс екі жігіт жүгіріп шығып, тез-тез отырып жатты. Сырт адамдарға сұқтана қарауға жаны қас Махмұт оларға аса үңілген жоқ, қабағымен елеусіздеу  бір шолып өз бағытымен  екінші қабатқа шықты. Айсұлудың  есігіндегі  қоңырауды әлсіздеу басқанында іштен жауап болмағасын есіктің тұтқасын  қозғап көріп еді, құлпы жабылмай тұр екен, есігі  бұның итеруімен ішке қарай ашылды. Сосын «Айсұлу, Айсұлу» деп дыбыстағанына ешкім үн қатпағасын аяқ киімін шешіп, коридормен өтіңкіреп  барып, ас бөлмесіне көз жүгірткенде  еденде қозғалыссыз күйде жатырған  үй иесін  көрді. Бұның қолымен қозғап түрегелтпек болған әрекетіне Айсұлу  ешқандай белгі берген жоқ, тіпті демі де әлдеқашан тоқтап қалған сияқты. Махмұт қалтасындағы ұялы телефоны арқылы жалма-жан «жедел көмек» қызметімен хабарласып, болған мән-жайды баяндады, ессіз жатқан адамның дәл мекен-жайын айтты. Сосын қолынан келер басқадай көмегі болмағасын сыртқа шығып кеткенді жөн көрді. Сәл уақыттан кейін келген «жедел көмектің»  дәрігерлері  Айсұлудың  денесін зембілмен автокөлікке тиеп, қайтадан  келген бағыттарымен  аттанып кетті.
Тағы бір күн өткенде теміржол станциясының басынан кезекті жолсапарға шығайын деп тұрған Махмұтты қалалық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері ұстап алып кетті.   Бұның бар көрген-білгенін  айтып ағынан жарылғанына ешқайсысы да сенген жоқ, тіпті «бізге Сіздің ашына келіншегіңізді өлтіргеніңіз айдан-анық нәрсе, тек не үшін істегеніңізді ғана айтыңыз» деп отырып алды. Олардың айтуынша, оқиға болатын күні бұл  екеуі жолсапардан  Айсұлудың үйіне бірге келген, сол жерде әлдебір себептермен өзара қатты жанжалдасып қалып, Махмұт келіншектің ішінен бірнеше рет тепкен,  сосын бұның қатты  соққыларынан ішкі органдарына ауыр зақым келген Айсұлу  есін жимаған күйде  ауруханада қайтыс болған. Үйде бұлардан басқа ешкімнің болмағанын, тіпті қайтыс болған келіншектің көршілерінің де айқай-шуды естімегенін көзбен көргендей жеткізіп отыр. Махмұттың аталған жағдайға катысы барлығын «жедел көмекке» соғылған ұялы телефонының номері арқылы тапқан екен. Махмұт өз жағдайының қиындығын  біліп отырса да, соғылған телефон үшін өкінген жоқ.
Ал, сол күнгі екеуінің бір вагонда келгені  темір жол вокзалының анықтамасымен дәлелденіпті. Және  Айсұлудың  үйінің есігінің тұтқаларынан  адамдардың қолдарының, ал кіре берістегі бөлмеден, асханадағы еденнен  аяқтардың іздері табылған, олардың  кімдердікі  екендігін  енді арнайы сараптаумен  анықтамақ көрінеді.  Махмұт болса сол күні есіктің тұтқаларын  қолымен ұстап ішке бірнеше мәрте кіріп шыққан. Кіре беріс пен асбөлмеден де жанұшырып  аяқкиімдерімен өтіп еді Айсұлудың ессіз жатқанын көргенде, сондықтан еденде қалған іздер де бөтендікі бола қоймас… Ғылым мен техниканың дамыған  әлеуетінің кейде осылайша бұрысты дұрыстап та қоятыны бар.
Бұндай бас бұлтартпас  айғақтар кімді де болса есеңгіретіп тастар,  Махмұт та басынан қатты соққы алған боксердай теңселіп қалды. Дегенмен істемеген нәрсесін, әсіресе анау-мынау  емес, әйел адамның өлімін қалайша оп-оңай мойындай салар тірі пенде?  Сол  күні мақсаттарын жүзеге асыра алмаған із кесушілер бұған күдікті ретінде уақытша қамау шарасын қолданды. Ертеңіне әйелінің, екі ержетіп қалған балдарының жауаптарын көрсетті, үшеуі де оқиға болатын күні  Махмұтты күндіз көрмегендіктерін, тек кешкілік дастарханға бірге жиналғандарын, өздерінің Айсұлу есімді  ортақ таныстарының жоқ екендігін, Махмұттың да бұрын-соңды ондай  адам туралы ешбір әңгіме айтпағанын жазыпты. Олары әрине толықтай шындық.
Жазатайым оқиғаны тексеруге кіріскендер бұның  екі баласы мен әйелінің әлгіндей жауаптарына да күмән туғызатындарын, олардың да адам өліміне қатыстарының бар-жоғын жан-жақты тексеретіндіктерін  айтты. Олардың қосымша версиясы бойынша, Айсұлу мен Махмұттың  ұзақ уақыт бойы  бірге жүріп-тұрғандары, арасында жолсапарға да бірге шығатындықтары белгілі  болып қалғандықтан отбасында  кикілжің  тууы да мүмкін екен. Сондықтан  әйелі мен балалары аңдып жүріп  бұлардың үстерінен түскен де, «аяғы жоғарыдағыдай қайғылы оқиғаға әкелген екен» дейді олардың тағы бір болжамдары. Әркімнің өз міндеті бар, Махмұт полиция қызметкерлеріне дау айта алмады.
Үлкен баласы — 24 жастағы  Болаты  Айсұлу қайтыс болған  күні «күн ұзақ үйде болдым» деп көрсеткен екен, онысы Махмұттың «мен жолсапардан келгесін үйге кіріп, жуынып, киім ауыстырып шықтым, үйде ешкім болған жоқ»  деген   жауабына қайшы келгендіктен, екеуінің арасында беттестіру өткізілді. Вахталық әдіспен жұмыс  атқаратын ұлы  әкесі үйге келер алдында  жұмысқа ыңғайлы маусымдық киім сатып алмақ болып жалғыз өзі  базарға аз уақытқа шығып кетіпті, беттестіру кезінде сол жайт есіне түскендіктен бұрынғы жауабын сонысымен  толықтырып, өзгеріс енгізіп  айтып еді, тексерушілер «бұрын  ондай  жауап берген жоқсың, демек сенің де қылмыстық іске қатысың бар» деп  оны да күдікті ретінде қамап тастады. Ертесіне Махмұт  екі ай мерзімге тергеу изоляторына жөнелтілді, ал баласы тағы да екі күнге  Ішкі Істер бөлімінің уақытша ұстау  қамағында қалдырылды.
Болаты жастайынан спортпен белсенді  шұғылданып, шығыстық жекпе-жек түрлерінен біршама жетістіктерге де жеткен. Енді соңғы дағдылары із кесушілерге белгілі болып  қалғандықтан,  оған жағылған  күдіктің  бояуын қалыңдата түсетін сияқты.
Терезесі торлы түрмеге жеткізілген күні  Махмұт көз ілген жоқ, есіл-дерті баласын бақытсыздықтан құтқару болып, сарсылды да отырды. Ақыр аяғында  камералас бір  кісімен қалай сыр бөліскенін  аңғармай қалды. Бұның бақытына қарай әлгі камераласы түрме мен бостандықтың  арасын соқпақ қылған, білмейтін  бәлесі жер астындағы «түрме академигінің» өзі болып шықты. Оның ақылы бойынша не де болса  қазіргі таңда Махмұт бар кінәні өз мойнына алуы керек болды.  Артының не боларын әзір болжамау керек, себебі,  тап қазір баласы  Болат   қамаудан шығып, күдіктен құтылып жатса —  соның өзі «шүкіршілік қылатын» жағдай екен, осыны көкейіне түйген Махмұт аз-маз жеңілдеп те қалды.
Махмұт таңертеңгілік түрме ішіндегі кезекшілер арқылы өз тергеушісін шақырып,  жасаған қылмысын мойындайтынын айтты. Бұны тыңдаған тергеуші сол жердегі арнайы бөлмеде кезекші адвокат пен криминалист-мамандарды қатыстырып,  жаңадан жауаптады. Ауызша мойындауы жазбаша хаттамаға көшірілді, дыбыстық және кескіндемелік жазбалармен бекітілді. «Ешкімнің қысымынсыз, өз еркіммен мойындадым» дегенін өз қолымен жаздыртты. Артынша айғақтардың қатысуымен  оқиға болған жерге барып, сол мойындау жауаптарын қайталады, яғни, «бұрыннан жақын қатынастағы Айсұлуды қызғаныштың салдарынан жалғыз өзім асхана бөлмесінің еденіне құлатып, ашу үстінде ботинкі киген аяқтарыммен тепкіледім, сосын есінен танып қалғанын байқап, «жедел көмек» шақырдым да қашып кеттім» деп  болмаған жағдайды болды қылып көрсетті.
Ертесіне түс ауа  Болаты бостандыққа шықты, бірақ әйелі мен балдары бұнымен хабарласуға енді асыға қойған жоқ.  Махмұттың жауаптарынан кезекші адвокат арқылы хабардар болған олар бұның жан адам сезбеген  «сайқалдығы мен  жауыздығынан»  қапелімде ес жия алмай жатса керек.
Осылайша түрмеде күн өткізген Махмұт өз-өзіне келіп, кішкене жан шақырғасын  жанұясына барлық шындықты айтып   хат жолдады. Ешкімнің алдында ақталған да жоқ, ешкімге жалынған да жоқ, «мен барымды айттым, қалғанын шешуді сендерге қалдырдым» деген  бұның уәжі отбасы мүшелерінің  онсыз да жалтақ-жарымжан көңілдеріне  бір үміт әкелді.  Отағасыларының салауатты өмірі көз алдарында өткен үш естияр жан өзара кеңесе келіп, ендігі жерде Махмұттан  ажырамауды жөн көрді. Әлгі оқиғаға байланысты кейбір қылықтары сенімсіздеу көрінгенмен  отағасын «нағыз көңілшектің өзі»  деп танитын  ең  жақын жандар «солай болса болған шығар» деп енді  бұның жағына шықты…
Әуелгі кезде  қарқынды жүргізілген тергеу амалдары уақыт өте  саябырси бастады. Бұл аралықта үлкен ұлы Болат мекемесінің жолдамасымен тәжірибе алмасушы жас маман ретінде бір жыл мерзімге алыс шетелге жіберілді. Бұндай мүмкіндік қарапайым адамға күнде берілмейтіндіктен, әкесі түрмеде отырса да,  баласының жолына ешқайсысы тұсау болған жоқ. «Жол болсын» айтып қала берді. Ал, екінші ұлын шешесінің  өзі армия қатарына шығарып салды. Ол да оқып жүрген колледжін бітіріп, әзірше қолайлы жұмыстың ретін таба қоймаған. Әскери департаменттен шақыру қағаз келгенін естігенде,  оның бір сәті түскен шаруа екенін Махмұт сезе қойды, әйеліне де  «қарсы келмей, балаға оң сапар тіле» деп  хат жазып жіберді. Бұның бір себебі, іштей қылмыстық жаза өтеуге дайындалып қойған  Махмұт алдағы болатын сот кезінде өзіне ет жақын адамдардың  алыс жерде болуын қолайлаған. Баяғы өтірік мойындаған жауаптарынан енді кете алмайтынын да, соның арқасында өзі өлтірмек түгілі  бетіне қарсы келмеген Айсұлудың  ет жақындарынан сот үстінде қарғыс еститіндігін де  тайға таңба басқандай біліп отырған. Ал, егер басқаша жауап берсе, үлкен баласының басы  тағы да саудаға түсетіндігін, шетелдегі  оқуы мен елдегі болашағы бар жұмысынан бірдей айырылатындығын, сонау алыс жерден  күдікті ретінде арнайы конвоймен  жеткізіліп, тағы да тергеліп-тексеріліп, ақыр аяғы тәжірибесіздігінен бір бәлеге ұшырап қалу қаупі   бар екендігін  де қаперінен шығармай отыр.
Ақыры, «академигі» бұл күтпеген  бір әңгіменің шетін қылтитты: «саған адвокатыңды өзгертудің мезгілі туған сияқты, кім білген, шын маман тап келсе қайыры тиер…» деп. Махмұт болса, әуелі «басыма нендей жағдай туар» дегендей күдікке бой алдырғанымен, ойлана келе оның ұсынысымен келісті. Ертесіне бұнымен кездесуге Омардың таныс адвокаты келді, өзі бұрыннан құқық қорғау  саласында жұмыс істеп ел ішінде жақсы жағынан көрінген азамат екен,  зейнеткерлікке шыққасын қорғаушылыққа ауысыпты. Омарды танитындығы – кезінде оның қылмыстық істерін жүргізген, содан ақиқаттан айнымайтын қасиетіне бола сотталушысы оны өзіне жақын тартыпты. Оңаша әңгімелесу кезінде Махмұт тәжірибелі маманнан ештеңесін бүгіп жасырған жоқ, Айсұлумен кездесуден бастап  түрмеге түскен сәтіне дейінгі бастан кешкендерін  түк қалдырмай  баяндады. Жанұясының шырқы бұзылмауын тілеумен осы күйге жеткенін де айтты. Өз кезегінде адвокаттың қойын кітапшасына бар шытырман тіркеліп жатты. Әсіресе, Махмұттың  «Айсұлудың үйінің қасынан автокөліктерімен жедел қозғалып кеткен екі жүзі таныс жігітті көрдім» дегені оның өте қызығушылығын туғызды. Әлгілерді бұрын-соңды қайдан көргенін, немен шұғылданатындықтарын, қазіргі уақытта қайдан табуға болатынын ол өзінің қойын кітапшасына ұқыптап тұрып жазып алды
Екеуі бір-бірін толық түсініп, алдағы жоспарларын құрып тарасты.
Бұның әйелі Қамардан тиісті гонорарын алған адвокаты кәсіби бағытта  қыруар іс тындырды: Әуелі  Махмұт пен Айсұлудың бұрын-соңды жақын араласта болмағанын, бұларды оқиға алдындағы кездейсоқ кездесу мен сыпайыгершілік қатынас қана байланыстырғанын дәлелдеуге кірісті. Ол үшін Махмұт пен Айсұлуды  білетін, танитын  барлық достары, көршілері, қызметтестері, тума-туыстары, кездейсоқ таныстары, тіпті Айсұлудың басқа қалада оқитын жалғыз баласына дейін  сұралды, жауаптары тұп-тұтас диктофонға жазылды. Нәтижесі біреу-ақ, бұлар ашына түгілі, бір-бірін бұрын-соңды жақын  танымайтын адамдар болып шықты. Осы деректі тергеу орнына ұсынуды мақсат қылған маман қорғаушы енді  қылмыстық іс материалдарымен танысуға кірісті, әсіресе оны ерекше қызықтырғаны — оқиға орнын қарау хаттамасы еді. Біржақтылықтың, қолда барды місе тұтқан тоқпейілсілушіліктің  көріністері бұл жерде де «мен мұндалап» тұр екен. Оқиға орнынан алынған  саусақ пен аяқ іздерінің біразы  Махмұтқа тиесілді болғанымен, басқа адамдардан түскендері де біршама екен. Олары мүлде зерттелмей қалған, құқық қорғаушылардың арнайы картотекаларымен салыстырылмаған,  шамасы Махмұт  бәрін мойнына алғасын басқа істелмек шараларды артық іс  санап, доғарып қоя салған сияқты. Негізінде заң орнының қағидасы – қай шаруаны тексеріп — тергесең де  жан-жақтылықты, объективтілікті және толыққандылықты қамтамасыз ету емес пе, ал, бұларды сақтамаған жағдайда өзің де орға жығыласың, Махмұт сияқтылардың да обалына қаласың.
Аталған тергеу кемшіліктерінің бәрін тізіп көрсетіп, оған  Махмұттың жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты жазған арызын тіркеп,  қадағалаушы прокурорға кіріп шыққан адвокат әзірге  салғырт тергеушіні өзгертіп, орнына ынталы, білікті маман алғызғанын Махмұтқа қуана жеткізді. Өз тірліктерінің оңға  жылжығанына ол да ризашылығын білдіріп жатты. Бұдан кейін жаңадан тағайындалған тергеуші  адвокаттың талабымен  оқиға болған жерден алынған белгісіз іздерге зерттеу жүргіздіріп еді, бірер саусақ ізінің бұрын істі болған Мейрам деген азаматқа тиесілді екені анықталды, ал басқалары сол жұмбақ күйінде қала берді. Махмұттың баяғы  Айсұлудың үйінің қасынан көрдім дейтін жігіттердің жеке бастары да криминалистердің араласуымен бірнеше рет ұқсас портреттері жасалғасын барып анықталды. Біреуі сол оқиға болған жердегі  саусақ іздерінің иесі,  бұрын үй тонап сотталған Мейрам деген 30-дар шамасындағы жігіт екен. Қасындағысы онымен жасы құралыптас Қажет деген  ауылдасы болып шықты, онысы да  оғаш қылықтары бір басына жететіндей  қаныпезердің өзі екен. Тексере келгенде, бұл жігіттердің Айсұлумен  тіршілікте жолдары тоғыспаған,  бір-біріне бейтарап жандар  екендігі толықтай анықталды. Ендігі қалғаны заң тәртібімен оларды ұстап, жауаптау еді. Алайда, ондай тосын әрекеттің  дұрыс нәтиже беретіндігі  тергеу орындарына күмәнділеу көрінді, жәбірленушінің бұл өмірде жоқтығын білетін  екі жырындының  өздерін ендігі жерде қалай ұстайтындығы, қандай жауап беретіндігі тергеу үшін беймәлім еді. Сондықтан, жақын  аралықта олардың  жүріс-тұрысына сырттай тұрақты бақылау орнатуды, ұялы телефондарын тыңдауды, сонымен қатар оларды үркітіп алмау үшін  Махмұтты тергеу изоляторынан шығарғанымен ерекше қорғалатын тұлға ретінде ешкімге көрсетпей тұра тұруды жөн көрді. Тергеу мерзімі үшінші айға созылды.
Көп ұзатпай-ақ жоспарлы  да кешенді әрекеттер өз нәтижесін берді. Мейрам мен Қажеттің өздерінің таныстары арқылы ломбардқа  тапсырып кеткен заттарының ішінен қымбат сақина мен сырғалар табылып, олардың Айсұлудікі екені анықталды. Бұдан кейін екеуі дереу тергеу орнына  жеткізіліп, бұлтартпас дәлелдемелермен  істеген істерін мойындарына алуға мәжбүр болды.
Сотталушылар өз жауаптарында  Айсұлумен бұрын-соңды таныс болмағандықтарын, өздері көздеген бір бай адамды тонау мақсатында жүріп жалғызбасты әйелдің пәтеріне кездойсоқ тап болғандарын, нәтижесінде   мол  ақша тығылған жасырын  қойманы табу мақсатында Айсұлуды  ұрып-соға бастағандарында жәбірленушінің мүлде  басқа адам екендігін түсініп қалып, сақинасы мен сырғаларын ғана алып қашып кеткендерін көрсетіпті. Олардың шабуыл жасаған мезгілі Махмұттың  пәтерден шығып қайтып келгенге дейінгі уақытына сәйкес келеді екен, шамасы бұл кеткеннен кейін Айсұлу кіреберістегі есікті құлыптамаған сияқты.    Адам тонағыштар да оның сол бейғамдығының үстінен дәл түсіп,  үйге ешбір бөгетсіз кіріп кеткен де, өз ойлағандарын жүзеге асырған
Қылмыскерлер жасаған қылмыстары  үшін лайықты жазаларын алды. Адвокаттың қайырлы ісінің арқасында  аман-есен отбасыменен қауышқан Махмұт баяғы көңілшек қалпында жұмысын адал атқарып жүр.
Өмір-өзен осылайша ағып жатыр…

Авторы: Нұрмағанбетов Назарбек

Leave A Reply

Your email address will not be published.