ZHAMBYLNEWS — Медициналық-санитарлық алғашқы көмек жалпы денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бөлігі болып табылады. Жамбыл аудандық орталық емханасында заман талабына сай қызмет көрсететін «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің үздік тәжірибелік орталығы» ашылды.
Елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламада медициналық-санитарлық алғашқы көмекті одан әрі дамыту алғашқы буындағы әмбебап, интеграцияланған, әлеуметтік бағдарланған, қолжетімді және сапалы медициналық көмекті дамытуға бағытталған шараларды тереңдетуді көздейтіндігі көрсетілген.
Орталықтың ашылуына аудан әкімі Сәкен Арубаев, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық орталық офисінің басшысы Мелитта Якаб, медициналық Ұлттық қауымдастықтың президенті Төлебай Рахыпбеков, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев арнайы келіп қатысты.
«Қазақстан даму үстінде. Сонымен бірге медицина саласы да дамуда. Бұл орталықтың ашылуы мемлекеттің денсаулық саласына білдірген үлкен қолдауының айқын көрінісі. Алға қарай қадам басып жатырсыздар. Жаңа мүмкіндіктер жергілікті халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау, профилактикалық жұмысты жақсартуға мүмкіндік береді. Көрсетілетін медициналық көмектің көлемі кеңейіп, қолжетімділігі арта түсуі тұрғындар саулығына септігін тигізеді. Барлығыңызға сәттілік тілеймін. Қызметте табысты болыңыздар», – деді айтулы шарада сөз алған Мелитта Якаб.
Оның сөзін жалғаған Әсет Әскерұлы орталықты ашу үшін облыс және аудан тарапынан ауқымды жұмыс жүргізілгенін, нысан заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталғанын тілге тиек етті.
Жылы лебіздер легінен кейін жоғарыда есімі аталған басшылар нысанның кермесін қиып, ішке кірді. Оларға ілескен аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Алтай Сауруков емхананың тыныс-тіршілігімен, жұмыс барысымен таныстырды. Мекемедегі кабинеттерді аралатып, дәрігерлердің атқарып жатқан жұмысын көрсетті. Өз кезегінде ақ желенді абзал жандар өздеріне жүктелген функционалдық міндеттерді, оның ішінде емделушілерді қабылдау, тіркеу, оларға ем-дом жүргізу барысы туралы кеңінен баяндады.
Соңынан емхана ұжымының қатысуымен жиын өтті. Басқосуда Мелитта Якаб ауданның денсаулық саласында атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалап, өңір басшысы Сәкен Қаланұлына, бас дәрігер Алтай Мұхтарұлына ризашылығын білдірді.