Қарттарым — асыл қазынам

0 0

ZHAMBYLNEWS — 1 қазан — Халықаралық қарттар күніне орай Мойынқұм аудандық орталық кітапханасының білім орталығында «Қарттарым — асыл қазынам» атты мерекелік шара болып өтті.

Шараны аудан әкімі Әлихан Балқыбеков ашып, жиынға қатысқан ардақты аталар мен аяулы әжелерді айтулы мерекелерімен құттықтап, асқар таудай панамыз болып қашанда аман-сау ортамызда жүре берулеріне тілек білдірді. Сондай-ақ шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұманазар Көдеков сөз алып, барша қарияларды мерейлі мерекелерімен құттықтады.

Аталған шараға аудан қарияларының ішінен әр салада жемісті еңбек еткен 20-ға жуық ардагер қатысса, олардың бірқатарына ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өмірінің дамуына қосқан үлестері үшін облыс, аудан әкімінің Құрмет және Алғыс хаттармен марапатталды.

Үлкендерге ізет, қарияларға құрмет көрсетілген басқосуда өздеріне ерекше сый-құрмет көрсетіп келген аудан басшыларына қарияларымыз өз тарапынан шексіз алғыстарын айтып, ақ баталарын берді.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай орталық Абылайхан алаңында «Құрметті азаматтар» тақтасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Ашылу рәсіміне ауданның бірқатар Құрметті азаматтары, мекеме басшылары мен депутаттар қатысты, жиында аудан әкімі Ә.Балқыбеков құттықтау сөз сөйледі.

Бүгінде ауданда 157 азаматқа ауданның Құрметті азаматы атағы берілген болса, 27 тыл ардагері және 3222 зейнет жасындағы абзал қариялар бар. Қазіргі таңда зейнеткерлер мен ардагерлерге жан-жақты қолдау құрмет көрсету бағытында жұмыстар көптеп жүргізілуде.

Аталған игі шараның соңы Мәдениет үйінің әншілерінің мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.