Дәрігер деген кең ұғым, қастерлі мамандық.
Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнап келе жатқан абзал жандар қаншама?!
Дәрігерлік мамандықты таңдап, оның қыр-сырын қанық білу үшін мейірім мен төзім қажет.
Жан мен тәнге шипа дарытар ақ халатты абзал жандарға артылатын жүк те ауыр. Қоғамдағы әр адамның өмірі осы жандармен тығыз байланысты. Оларға қанша сын айтылса да, халық дәрігерлер қауымын ерекше құрмет тұтатыны ақиқат.
Қазір елімізде коронавируспен қатар пневмония мен тұмау өршіп тұр. Осыдан біршама уақыт бұрын қатты ауырып, №1 көпбейінді Тараз қалалық ауруханасына түстім.
Ауыр халде кезімде дәрігер мамандар дереу жансақтау бөліміне жатқызып, қажетті ем шараларын жүргізді.
Жансақтау бөліміндегі дәрігерлер мен мейірбикелер 5 күн ішінде жағдайымды қалыпқа келтіріп, жалпы палатаға ауыстырды.
Дегенмен, адам өміріне араша түсіп, қолынан келген барлық ем-домын жасап жатқан дәрігерлердің еңбегінің нәтижесінде өз-өзіме келе бастадым. Күні-түні әр науқасты жіті бақылаған антына адал жандардың арқасында жағдайым күннен-күнге жақсаруда. Оған да шүкіршілік.
Осы ретте Тараз қалалық ауруханасының ұжымына, бас дәрігер — Әбілдаев Н. Ш, екі орынбасар ЖҰмашев С.Ш мен Ордабеков Е. С, сондай-ақ, Мусаев Г.А, Еділбаев Е. О, Чехова О. сынды ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз.
Осы ретте бөлімдегі ақ халатты абзал жандар Замира Османова, Мөлдір Ошақбаева, Ақзина Келдібекова, Нұргүл Тынаева, Айгерім Кемеңгерова, Аяулым Аюбай, Айда Абилдаева, Гүлмира Ақботаева, Айтолқын Балабекова, Айжан Пирмановаларға да ризашылық білдірген дұрыс. Себебі осындай ынтымағы мен бірлігі жарасқан ұжымда білікті де білімді, еңбекқор, өз ісінің майталман мамандары бар екенін жалпақ жұрт білгені жөн.
Бүгінде ауру асқынып, дерт дендеп тұр. Сондықтан еліміздің әрбір азаматы тәртіпке бағынып, қауіпсіздік шараларын қатаң ұстануы тиіс.
Көзбен көргеніміз бен көңілге түйгеніміз бір басқа. Осы ауруханада жатқан шағымда әр науқасты өз баласындай аялап, 24 сағат бойы тынбай еңбек етіп жатқан мамандардың еңбектері өлшеусіз.
Қанша адам ауруханада өмір мен өлімнің ортасында күресіп жатыр. Соларға көмекетесуді басты мақсат еткен ақ халаттылар үшін , сен байсың ба?, әлде кедейсің бе? айырмашылығы жоқтығын анық ұқтым.
Олар сенің өмірің үшін жанталасып күресуде. Менім қасымда жас жігіт жатты. Ол бір ай көлемінде ес-түссіз жатыр екен. Сол ер азаматы жап- жас қыздар көтеріп, аунатып асты-үстін тазалап, сүртіп қарауда. Күніне он рет. Жалпы осындай дүниелер өте көп. Қазіргі таңда орын алып жатқан жарылыс, апат, басқа да тәртіпсіздік салдарынан ауруханаға түсіп жатқан жандар қаншама?
Бұлар әрине– уақытша қиындық. Өзім де жақын күндері бұл науқасты еңсеріп, қалыпты өмірге қайта оралатыныма сенімдімін.
Ет пен сүйектен жаратылған жұмыр басты пенде жаны қиналған сәтінде іздейтіні де, жүгінетіні де – дәрігер. Бас ауырып, балтыр сыздағандарға дер кезінде көмек беруден өзге, ақ халатты абзал жандардың біліктілігі, науқас адамға деген аялы қамқорлығы қашанда қажет.
Медицина қызметкерлерінің мысқылдап кірген ауруды сылып тастау үшін қаншама тер төгіп, ұйқысыз түндер өткізетінін бірі білсе, бірі білмейді. Әрине, еңбекті адал бағалай білген кісілер үшін дәрігерлер тұғыры таймас биік тұлға.Сондай-ақ, өз міндетін тек адамның тәнін емдеу деп түсінбей, оның жанына, ішкі дүниесіне де назар аударып, ауру меңдеп, жабыққан пендені жылы сөзімен жұбатуға асығып тұратын дәрігерлер болады. «Адам жанының арашашысы» деген атқа лайық жандар да – солар.
Олар коронавируспен күрескен қазақстандық дәрігерлер күн демей, түн демей кезекшілікте болып, отбасынан жырақта жүріп қызмет етті. Науқастарды қабылдаудан бастап, олардың көңіліне қаяу түсірмей, барынша қолдау білдіруге де тырысты. Вирустан сақтайтын арнайы қорғаныш киімін де тәулік бойы киіп жүруге мәжбүр болды. Ауа өткізбейтін формамен жүру, көздің астын қажайтын медициналық бетперде тағу әсте оңай емес.
Бағалай білген кісілерге медицина қызметкерлерінің тұғыры таймас биік тұлға. Жалпы, медицина қызметкері болу адамға жарық сыйлау деген сөз іспетті. Сондықтан, тек ісімен ғана емес жүрегімен емдей білетін ақ халатты абзал жандарымыз көп болса екен деп тілеймін.
Балабек Нарбаев, Тараз қаласы