Көптің көңіліндегі сұрақтарға толымды жауап қайтарылды

0 65

Күні кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген эксклюзивті сұхбатын мұқият тыңдадым. Мемлекет басшысы ел азаматтарының көкейінде жүрген сұрақтарға ашық жауап берді. Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Қазақстан», «Мемлекеттің мәселесін мемлекеттік тілде айтуымыз керек», деген салмақты сөздері барлығымызға жылулық сыйлады. Президентіміздің осы сөзінен кейін ана тіліміздің айбыны асқақтап, елге деген сүйіспеншіліктің жаңа арнасы ой толғанысымен қабысатына нық сенімдімін.

Сұхбат барысында Президент елдегі ахуалды толықтай білетінін, құқық қорғау органдары тарапынан кеткен кемшіліктермен қатар халықтың күнкөріс деңгейі жайлы хабардар екенін айтты. Сонымен қатар, саяси-экономикалық реформалардың қажеттігі туралы нақты ұстанымын білдірді.

«Қаңтардағы қақтығыстағы» лаңкестердің ел іргесін шайқалтып, шаңырағын ортасына түсіруді мақсат еткені баршамызға белгілі. Тіпті, өмір мен өлімнің арасында жатқан азаматтарға алғашқы көмек көрсетуге асыққан ақ халатты абзал жандардың жолына тосқауыл қойғаны адамгершілік қасиеттен аттағандық еді. Майданда да мұндай оқиға орын алмаған. Әрине, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жедел әрекет етіп, ұтымды шешім қабылдауының арқасында ғана сол қиындықты еңсере білдік.
Бұл жолы да Президентіміздің әр сөзінен сенімділік байқалады. Ел тізгінін ұстаған азаматтың бұл қасиеті халыққа да жігер сыйлайды. Сондықтан алып-қашпа қауесеттерге бой алдырмай, Мемлекет басшысының шешімдерін қолдағанымыз жөн. Ешкімде егемендігіміз туралы күмәнді ой болмауы керек, мен осы елдің азаматы ретінде Қазақстанның жарқын болашағына кәміл сенемін. Қазақстан деген ортақ шаңырағымыз биік, шуағы төгіле берсін.

Алтай Сауруков,
Жамбыл аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері

Leave A Reply

Your email address will not be published.