Әкем—асқар тауым!» тақырыбында семинар-тренинг өтті — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Семинар- тренингке өз өмірлік тәжірибесі мен бала тәрбиесі жайында ой бөлісу үшін көпке үлгі болып жүрген азаматтар арнайы қонаққа шақырылды.
Атап айтсақ, «Жаңару» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қ.Төлендиев кіріспе сөз сөйлеп, «Әке – алтын діңгек» тақырыбында баяндама жасады. Өз сөзінде Қасымхан Төлендиев бақытты отбасыдан бақытты әрі толыққанды ұрпақ тәрбиеленетінін айтып, әке мен ұл бала арасындағы тығыз байланыстың жемісті нәтижесін атап өтті.
Иә, қазақ халқында әкені отбасының тірегі ғана емес, тәрбиенің бастау бұлағы деп білген. Әкенің тәрбиесін көрген отбасыда қайсарлы ұл, қылықты қыз өседі.
Іс-шара барысында сондай-ақ, Тараз ӨУ профессоры, т.ғ.к, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Сейдахан Ораз «Қазақ тектілігі – ұлт көрсеткіші» тақырыбында сөз сөйледі. Ол баяндамасы негізінде ата-бабадан келе жатқан тектілік сөзіне тереңірек үңіліп, қазақ халқының ең текті халық екенін мақтанышпен жеткізді.
Аталған университеттің психология кафедрасының профессоры Махаббат Оспанова «Әке мен бала арасындағы сенім» ал, облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисі мекемесінің басшысы Ринат Нұрақбаев «Әкеге қарап ұл өсер…» тақырыбы аясында ой қозғады.
Бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. «Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала» деп ер адам тәрбиесін ауызға алады. Өйткені, әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. Ал, әке мектебінен өткен бала сол мұраға қиянат жасамауға тырысқан. Әке баласын 14-15 жасқа келгенде атқа мінгізіп, алыстағы аузы дуалы ақсақал қарттарға «сәлем беріп кел» деп, жіберетін. Сондықтанда қазақта әке тәрбиесін жүз мектеппен де алмастырмаған.
Бүгінгі семинар-тренингтің мақсаты мен мәні де жас отбасыларға, өскелең ұрпаққа осы құндылықтарды түсіндіру. Іс-шара соңында білікті психолог Жанар Дүкенбайқызы «Жақсы әкенің сипаты» атты арнайы психологиялық тренинг өткізді.